«Өлтіріп, басын кескен». Ақтауда үш жігітке үкім шықты

132
Adyrna.kz Telegram

Ақтауда қатыгездікпен кісі өлтірді деп айыпталған үш сотталушыға үкім шығарылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Маңғыстаулық үш жас жігітке 59 жастағы ер адамды ұрлап, өлтіріп, басын кесіп, денесін бос жатқан жерге көміп тастады деген айып тағылды. Қылмыстық іс бойынша екі айыпталушы 2024 жылдың мамырында ұсталды, ал үшіншісі қашып кеткенмен, кейінірек қамауға алынды. Тергеу төрт айға созылып, іс қазан айының басында сотқа түскен.

Сот процесі ұзаққа созылмады. Тергеу барысында барлық айыпталушылардың қылмысқа қатысы бар екендері дәлелденді. Айыпталушылар 25, 16 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болады.

Сотталған екі азаматтың ағайынды екені белгілі болды. Оларға сот марқұмның отбасына 10 миллион теңге моральдық шығын және 3,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндіру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, ағайындылардың әрқайсысы зардап шеккендер қорына 110 мың теңгеден төлеуге міндеттелді. Ал үшінші сотталушы 73 мың теңге төлеуі тиіс.

Үкім жарияланған кезде залда отырғандардың бірі ауырып қалды. Судья сөзін бөліп, жедел жәрдем шақыруды өтінді. Алайда медициналық көмек қажет болмады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер