«Алпамыс батыр» жыры - түркіге ортақ мұра

243
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың 17-18 қазан күндері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, ҚР Бейзаттық мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Достық үйінде» «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Алпамыс батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Шараның басты мақсаты - «Алпамыс батыр» жырын Түркі халықтарына ортақ мұра ретінде ЮНЕСКО көлемінде Материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу. Сонымен бірге «Алпамыс батыр» жырының түркі дүниесіндегі және әлемдік кеңістіктегі тарихи-мәдени және ғылыми маңызын айқындау.

Конференцияның модераторы – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филол.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов.

Халықаралық конференцияның бірінші күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын министр кеңесшісі Олжас Шариязданов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хатын Институттың жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұр Мағазбек, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың хатын академияның сарапшысы Айнұр Маемерова табыстады. Сондай-ақ ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменованың құттықтауын бас хатшының орынбасары Бақберген Қойшыбаев жеткізді. Сонымен қатар шараға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

ЮНЕСКО-ның Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия сияқты мемлекеттердегі Ұлттық комиссиялары бекіткен халықаралық сарапшылар конференцияға арнайы келіп, қатысты. Халықаралық сарапшылар:

Екижи Метин, Түркі әлемі зерттеулері институты Эге университеті, профессор, доктор, Түркия;

Рзаев Сәйфаддин, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы, Фольклор институты, ф.ғ.д., профессор, Әзірбайжан;

Турдимов Шомирза, Өзбекстан Ғылым Академиясы Тіл, әдебиет және өнер институтының Қолжазба және фольклор бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор, Өзбекстан;

Абдуллаев Шухратулла, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдени зерттеулер мен материалдық емес мұра жөніндегі ғылыми-зерттеу институты ЮНЕСКО бөлімінің меңгерушісі, Өзбекстан;

Орозобекова Жылдыз, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік тіл мен тіл саясаты ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор, Қырғыз Республикасы;

Исаева Асель, Ш. Айтматов ат. Тіл және әдебиет институты Қолжазба қорының меңгерушісі, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясы, ф.ғ.к., Қырғыз Республикасы;

Цолмон Цэрэндорж, Моңғолияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы Материалдық емес мәдени мұра саясатын жүзеге асыру жөніндегі үйлестіруші маман, Моңғолия.

Сонымен қатар шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінің және Ресей Федерациясының (Уфа, Қазан, Новосибирск) танымал эпостанушы ғалымдары қатысып, төмендегі тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Пленарлық отырыстың І-бөлімінде:

«Әлемдік эпос қазынасының жауһар жәдігері» - М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филол.ғ.д, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов;

«Алпамыс батыр» дастаны мен Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бәйрек дастанындағы кейіпкердің қайта оралу сапары» - филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемі зерттеулері институты Эге университетінің профессоры, филол.ғ.д. Метин Екижи (Измир, Түркия);

«Алпамыс батыр» жырын зерттеудің герменевтикалық мәселелері» - Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филол.ғ.д. Тынысбек Қоңыратбай;

«Алпомиш» эпосының құрылымындағы шежіре формуласының поэтикалық мәні мен семантикасы» - Өзбекстан Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және өнер институтының Қолжазба және фольклор бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор Шомирза Турдимов;

«Алпамыс» батырлық эпосындағы контаминация» - Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік тіл мен тіл саясаты ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары, филол.ғ.д., профессор Жылдыз Орозобекова (Бішкек, Қырғыз Республикасы);

«Алпамыс батыр» жыры мен «Қорқыт атамның кітабы» («Дедем Қоркудун китабы») дастандарын салыстырмалы талдау» - филол.ғ.д, профессор, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы Фольклор институты  Сәйфаддин Рзаев (Баку, Әзірбайжан);

«Алтайлықтардың «Алып Манаш» эпосы мен қырғыздың «Манас» эпосы сюжеттерін салыстырмалы талдау» - Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімі, Филология  Институты Сібір халықтарының фольклоры секторының жетекші ғылыми қызметкері, филол.ғ.д. Надежда Ойноткинова (Новосибирск, РФ);

«Алпамыс» эпосының татар нұсқасы: мотивтер модернизациясы» - Ғ. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., доцент Лилия Мухаметзянова (Қазан, Татарстан, РФ);

«Башқұрт батырлық эпосындағы рухани құндылықтар және олардың заманауи шарттардағы көкейтестілігі» - Ресей Ғылым академиясы Уфа федералды зерттеу орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының директоры, филос.ғ.д., профессор Зугура Рахматуллина (Уфа, Башқұртстан, РФ) баяндама жасады.

 ІІ-бөлімде:

«Жалпытүркілік «Алпамыс» эпосының башқұрт тіліндегі ертегі нұсқалары» - Ресей Ғылым академиясы Уфа федералды зерттеу орталығы  Тарих, тіл және әдебиет институты Фольклор бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д. Гульнур Хусаинова (Уфа, Башқұртстан, РФ);

«Түркі халықтарының эпикалық дәстүрлерін құрайтын екі негізгі элемент: салт-дәстүр және жад» - Мармара университеті Гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар факультетінің профессоры, филол.ғ.д. Мехмет Ача (Ыстамбұл, Түркия);

«Алпамыс батыр» дастанының әзірбайжан фольклортануында зерттелу мәселелері» - филол.ғ.д., профессор, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы Фольклор институты Галиб Сайылов (Баку, Әзірбайжан);

«Алпамыш» архаикалық батырлық ертегісінің «Жаншы, Байыш» қырғыз эпосының мотивтік қорына ықпалы» - Ш. Айтматов ат. Тіл және әдебиет институты Қолжазба қорының меңгерушісі, филол.ғ.к. Асель Исаева (Бішкек, Қырғыз Республикасы);

«Лақай сақышилиқ мектебі өкілдерінің «Әлпомыш» дастанын насихаттауына қатысты» - Шыршық мемлекеттік педагогика университетінің профессоры, филос.ғ.д. Насриддин Назаров (Ташкент, Өзбекстан);

«Алпамыс батыр» жырының ономастикалық кеңістігі (Қазақ, қарақалпақ нұсқалары бойынша)» - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филол.ғ.д. Абат Пангереев;

«Қазақтың «Алпамыс батыр» эпосы мен алтай аңыздарына ортақ мотивтер» - С.С.Суразаков атындағы алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ғалымы, филол.ғ.д. Сурлай Абысова (Алтай аймағы, РФ);

«Ноғай эпосы: Ресейдегі жиналу, жариялану және ғылыми зерттелу тарихы» - У.Д. Алиев атындағы Қарашай-Шеркес  мемлекеттік университеті, филол.ғ.д. Насипхан Хусиновна (Карачаевск қаласы, РФ);

«Алпамыс батырдың» қоңырат версиясының поэтикалық ерекшеліктері» - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, филол.ғ.к. Болат Қорғанбеков;

«Башқұрттың «Урал батыр» эпосындағы әлем бейнесі қалыптасуының суреттелуі» - Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясы Стратегиялық зерттеу институтынң ғылыми қызметкері, филос.ғ.к. Закирьян Аминев (Уфа, Башқұрстан, РФ) баяндама жасады. Сонымен қатар конференцияда «Алпамыс батыр» жырының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі басылымы таныстырылды.

Конференция барысында «Алпамыс батыр» жырынан үзіндіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, белгілі әнші-жыршы Ақан Әбдуәлі, Жетісу жыр мектебінің өкілі, Алматы облыстық Халық шығармашылығы орталығында «Жыр-терме» бөлімінің үйлестірушісі, жыршы Серік Сүйіндік) пен оның қызы Алматы облысы Талғар ауданы № 42 мектептің 8 сынып оқушысы, «Жыр-терме» орталығының тәрбиеленушісі Ақжарқын Айтбай, «Тұлпар мініп, ту алған!» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық байқаудың 2018 жылғы Бас жүлде иегері, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Журналистика факультетінің 4-курс студенті Аружан Абсаттар орындады. Сонымен бірге Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Халық әні» бөлімінің 4 курс студенті Фариза Хасенова, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің 3-курс студенттері Шұғыла Мархабатова және Кішкене Жұмамұрат «Алпамыс батыр» жырынан үзінді орындады.

 18-қазан күні Халықаралық сарапшылармен «Алпамыс батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізу мәселесін талқыланды. Соның негізінде жұмыс кестесін бекітіп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар мәселесі кеңінен талқыланды. Шара соңында арнайы қаулы қабылданып, өзекті мәселелер негізге алынды:

1. Конференцияда жасалған баяндамалар назарға алынсын. Оларда айтылған негізгі идеялар басшылыққа алынсын;

2. «Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО репрезентативті тізіміне енгізу жөніндегі ұсынысқа бірауыздан қолдау көрсетілсін;

3. Түркі халықтарында сақталған «Алпамыс батыр» жырының ұлттық версияларынан тұратын халықаралық жинақ (қазақ, өзбек, башқұрт, татар жыр, алтай ертегісі) дайындап, жарыққа шығару жөніндегі ұсыныс мақұлдансын;

4. Түркі халықтарының эпостық мұрасына арналған халықаралық конференция тұрақты түрде 2 жылда бір рет өткізіліп тұрсын;

5. «Алпамыс батыр» жырының эпикалық дәстүр аясында дамып келе жатқандығын айғақтайтын мәдени басқосулар жиі ұйымдастырылсын.

Конференцияға қатысуға отандық және шетелдік ғалымдар, эпостанушылар, фольклортанушылар, тілтанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, өнертанушылар, философтар, мәдениеттанушылар, ЖОО оқытушылары шақырылды.

 Нұр Мағазбеков

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының баспасөз хатшысы

Пікірлер