"Қазақстанның ЕАЭО-дан көрген пайдасы аз болды". Өзбекстан бақылаушы болып қалатынын мәлімдеді

1294
Adyrna.kz Telegram
Сурет: www.istockphoto.com
Сурет: www.istockphoto.com

Өзбекстан билігі елдің ешқандай әскери құрылымдарға қосылмайтынын және ЕАЭО-да бақылаушы мемлекет мәртебесінде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ферғана агенттігінің мәліметінше, Ташкентте өткен Халықаралық серіктестік бастамалары апталығының ашылуында Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығару палатасының бірінші орынбасары Акмаль Саидов мәлімдеді.

«Конституцияның бірінші бабында Өзбекстан – егемен мемлекет екені айтылған. Егер қандай да бір әскери қорғаныс құрылымдарына және ұйымдарға қосылу туралы сөз болса, біз бұған жол бермейміз. Біз ешқашан өз жігіттерімізді шетелге қандай да бір әскери миссияларды, оның ішінде бітімгершілік миссияларын орындау үшін жібермейміз. Біздің жерімізде ешқандай шетелдік әскери базалар болмайды», – деді вице-спикер.

Одан бөлек, Саидов Өзбекстанға ЕАЭО-да бақылаушы мемлекет мәртебесі тиімді екенін атап өтті.

«Мен Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіру мүмкіндігін зерттеу бойынша парламенттік комиссияның жетекшісімін. Біз осы ұйымның мыңнан астам әртүрлі құжатын мұқият зерттедік және қазіргі уақытта Өзбекстанның мүддесіне бақылаушы мәртебесін сақтау сәйкес келеді деген қорытындыға келдік.

Мысалы, қазақ әріптестерімізден ЕАЭО-ға кіруден олардың елдері аз ғана пайда көргенін естідік. Бірақ бұл ақпаратқа кепілдік бере алмаймын. Өзбекстанның жаңа Конституцияда бекітілген сыртқы саясаттың негізгі қағидалары бар, біз соларға сүйенеміз», – деп түсіндірді Саидов.

Пікірлер