"Қаңтарды қанға бояғанның бірі": "Газ қымбат болса, автобуспен жүр" дегендер еш жауапқа тартылған жоқ

5559
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасында қауырт баяндама жасап, халықтың кәріне ұшыраған Энергетика министрі Мағқұм Мырзағалиевің бұрынғы штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдинов еш этикалық жауапқа тартылған жоқ. Қоғам белсендісі Асан Анарбайдың айтуынша, министр кеңесшісі ел ішіндегі мәселеге бас ауыртпаған. Қайта оның жалаң кекесіні халықтың ашуына тиіп, одан сайын жалпақ жұртты ызаландырған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Қоғам белсендісі, журналист өзінің бір жыл бұрынғы жазбасын тіке тартып, атқақонарлардың ел тұрмысы, халық тірлігінен мүлдем бейхабар, іргесін аулақ салған өз алдына бөлек бір топ екендігін жеткізді.

- Жаңаөзендегі наразылықтың жалпыхалықтық толқуға ұласуына коммуникациядан жұрдай министр мен оның ойланбай сөйлеген кеңесшісінің де үлесі бар. Қаңтардың басы батыс жұрты бас көтерді. Бүлікқұмарлықтан емес, қос бүйірден қысқан қымбатшылықтан. Мұнай-газдың үстінде отырып арба отыны аспандағаннан. 3 қаңтар күні аңдатпасы ырың-жырыңдап, ақыры ОртКом Орталық Коммуникациялар Қызметі алаңында өткен брифингке энергетика министрі Мағқұм Мырзағалиев пен оның бір топ нөкері шықты. Брифингте журналистің үштен біріне ғана сұрақ қойдырды. Цензураның ауы кеңінен түрілді. Министрдің сөзі белгілі, баға 90-85 теңгеден түспейді, өзіндік құнының өзі 70 теңгеден жоғары деп тұрып алды. Ал оның кеңесшісі Олжас Байділдинов мұнай саласында сарапшы болғанымен, оны өндіретін мұнайшылардың еңбегі мен тұрмысынан мүлде бейхабар, халықтан алыстығын көрсетті. Оның сөзі наразылар мен жаңаөзендіктерді әбден ашындырды. Бір апта Жаңаөзенде жүріп осыған көзім жетті, - деп жазды журналист.

Автор кейіннен халыққа қызмет етіп, ел мүддесіне еңбек сіңірсем деген азаматтың болмысы, тұлғалық биіктігі қандай болуы тиіс деген сұрақтың төңірегінде сөз қозғайды. Оның айтуынша, министр кеңесшілерінің ойқайтай отырып, ойланбай сөйлеуі халықты қатты ашындырып, көтерілісті өршелендірген. Өз ойын өткір, пайымын батыл жеткізген журналист:

- 37 жастағы штаттан тыс кеңесшінің Жаңаөзен туралы оқыраңдана айтқан пайымы қате. Сарапшыға лайық шындап зерттемей сөйледі. Жұртты ашындырды. Наразылыққа адекват жауап болар дегенде ел қараған ауыздан осындай сөз шықты. Наразылықтың жалпыхалықтық толқуға ұласуына себеп болған алғышарттың ішінде Мырзағалиев пен Байділдиновтің ойланбай сөйлеген сөзі де обал арқалады деп есептеймін. Осылайша, өрт сөндірмесе де лебін бәсеңдетер тұста өзімшілдікпен өршелендіріп алды. Сөйтіп, қаңтардың 4-нен кейін бүтін ел тұрды, арты әлдебір күштер пайдаланып елді ойранға ұшыратты.
Бұл халық алдына шығатын мемлекеттік қызметкерлердің азаматтардың әлеуметтік өмірінен тым алшақтай түскенін, шенеунік пен бұқара аражігінің алыстап-суынып кеткенін көрсетеді. Кризисті шешудің орнына, үстіне май төгіп алатындарды Болашақ түлектері, өзге де білімді әрі білікті мамандар ауыстырса екен. Кадрлық резервтің іске жарар күні туды деген осы болар. Мына кеңесшінің көп мүддесіне түкіре қарағаны үшін оны қайта жасақталатын Үкіметке жуытпауды талап етемін (Жеке субъективті пікірім), - деп жазды.

 

 

Дәл осыдан тура бір жыл бұрын халықпен тиімсіз коммуникация құрған маманның пікірі жарық көрген еді. Маман өз сөзінде, мәселенің байыбына бойламай, "Газ қымбат болса, автобуспен жүр" деген пікір айтқаны көпшіліктің есінде. Дегенмен журналист ойынан сөзі жүйрік кеңесшінің әлі ешқандай этикалық жауапқа тартылмағанын айтады.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер