"Маңызды көшбасшылық қадам". Саясаттанушы Қазақстанның БРИКС-ке қосылмауы туралы айтты

1196
Adyrna.kz Telegram
Фото: yandex.kz
Фото: yandex.kz

Ресейлік саясаттанушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Қазақстанның БРИКС ұйымына кіру туралы өтініштен бас тартуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Аркадий Дубнов телеграм арнасында мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммитіне қатысады. Бұл шара 22-24 қазан күндері Қазан қаласында өтеді және оған 32 елдің делегациялары, оның ішінде 24 мемлекеттің басшылары қатыспақ.

"Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Халықаралық қауымдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде біздің елімізге мұндай ұсыныстың түсуі қалыпты дүние. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр. Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады", – деді Берік Уәли өз сұқбатында.

Саясаттанушы Аркадий Дубновтың пікірінше, саммитке ТМД елдерінің көшбасшылары Мәскеудегі соңғы жиын кезінде шақырылған.

«Менің ойымша, биылғы жылы БРИКС-тің төрағасы болып табылатын Ресей президентінің мұндай ұсынысы Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде пайда болған мемлекеттердің жеткілікті дәрежеде автономды бірлестігі ретінде ТМД құрылымын бұзады. Егер осы мемлекеттердің барлығы БРИКС саммитіне шақырылып, олардың БРИКС-ке қосылу өтініштері оң қабылданады деген түсінік болса, бұл менің ойымша, 1960 жылдардағы Қосылмау қозғалысынан өзгеше, жаңа «қосылу қозғалысының» түрін көрсетеді. Ол кезде "Қосылмау қозғалысы" НАТО блогына да, оның қарсыласы Варшава келісіміне де қосылғысы келмейтін мемлекеттерді біріктіру үшін құрылған болатын. Бүгін біз БРИКС-ті құрғандардың бірінің бұл құрылымды бірнеше ондаған елдің есебінен кеңейтіп, оны АҚШ бастаған Жаһандық Батысқа қарсы тұратын Жаһандық Оңтүстіктің заңды өкілі ретінде жариялауға деген ұмтылысын көріп отырмыз», - деді Аркадий Дубнов.

Дубнов бұл ұсыныс ТМД-ның тәуелсіз мемлекеттердің бірлестігі ретіндегі беделіне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. БРИКС саммитіне шақырылған ТМД елдеріне бұл ұйымға кіру туралы ұсыныс ашық түрде жасалды. Саясаттанушы мұны "жаңа қосылу қозғалысы" деп сипаттайды, бұл өз кезегінде бұрынғы "қосылмау қозғалысына" қарсы құбылыс ретінде көрініс табады. Дубновтың айтуынша, БРИКС-тің қазіргі мақсаттары мен мүдделері, әсіресе оның жаһандық оңтүстік елдерін топтастыру ұмтылысы, АҚШ бастаған жаһандық батысқа қарсы әрекет ретінде көрінеді.

Қазақстанның жақын болашақта БРИКС ұйымына кіруден бас тартуы жөніндегі шешімі туралы айта келе, Дубнов Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді әлемдік бөлініске әкелетін қадамдардан аулақ ұстауға тырысқанын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан "орташа әлемдік державалар" қатарына кіреді және осы статусын сақтауға тырысады.

Сарапшы БРИКС-ті НАТО-ға балама ретінде құру әрекеттері туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының институционализациясы жүзеге аспағандай, БРИКС-тің де біртұтас ұйымға айналу мүмкіндігі төмен. Себебі, оған мүше мемлекеттердің мүдделері мен ұстанымдары әртүрлі.

Аркадий Дубнов сондай-ақ БРИКС-тің жаһандық тепе-теңдікке бағытталған жаңа әлемдік тәртіпті ұсына алмауы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, Тайваньға қатысты Қытайдың қатаң мәлімдемелері бұл ұйымның бейбіт сипатта болатынына сенімділік бермейді.

Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БРИКС-ке қосылудан бас тарту шешімін маңызды көшбасшылық қадам деп бағалады. Бұл қадам басқа елдерге де үлгі бола алады, олардың арасында Армения да бар.

«Тоқаевтың геосаяси субъектілікті сақтап қалуға деген ұмтылысы, яғни БРИКС-ке тартылып жатқан бір жарым-екі ондық мемлекеттің қатарында жоғалып кетпеуге талпынысы, менің ойымша, маңызды көшбасшылық қадам болып табылады. Бұл қадамды Қазан саммитіне шақырылған басқа елдер, соның ішінде ТМД елдері де қайталауы мүмкін. Мәселен, осындай ұстанымды Армения да қабылдады. Оларға Қазақстанның артынан бұл ұсыныстан бас тарту оңайырақ болады, себебі бұл ұсыныстан бас тартуға болатынына көз жетті. Ал Қазақстан мұны көрсетіп отыр», - деп қорытындылады Аркадий Дубнов.

Пікірлер