Желі ішінде алаяқ жүр. Алданбаудың қамын қыл

1345
Adyrna.kz Telegram

Халықтың қалтасын аңдып, алаяқтықпен ақша табатындардың саны жыл сайын артып келеді. Қазір қаржылық алаяқтықтың түрі де бұрынғыға қарағанда көбейген. Тек таяуда «Egov» қосымшасы немесе сайты арқылы несие алудан ерікті түрде бас тартуға жағдай жасалды.

Әр түрлі жолдармен ақшаны оңай иемдене алады. Олардан қалай сақтану керек,  сол туралы айтатын боламыз.

«ІС БІТТІ, ҚУ КЕТТІ»

Алматы қаласында тұратын студенті Аружан Ерболат (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) осындай интернет-алаяқтықтардың құрбанына қалай алданғаны туралы айтып берді.

- Чемоданымды көп қолданбайтын болғандықтан сатуға арналған қосымшалар арқылы жарнама беріп, сатуға шығардым. Сол күні-ақ алушы хабарласты. Бағасын келіскеннен кейін, төлем жасау үшін маған сілтеме жіберді. Оның айтуымен, мен ол жерге банк шотым туралы мәліметтерді толтырып, ақшамның түсуін күттім. Бұған дейін өзі туралы ақпараттар мен жеке куәлігін жібергеннен кейін оңай сендім, - дейді Аружан.

Алайда ол сол сәт картасындағы бар ақшасынан айрылып қалғанын кеш білген еді.

- Бірақ ақша түсудің орнына картамнан 30 мың алынғаны туралы хабарлама келді. Қатты қорыққаннан бар ойым ақшамды қайтару болды. Сондықтан «ақшаңды қайтарғың келсе, 30 мың жібер» деген хабарламаға екінші рет алданғанымды да аңғармадым. Осылай тағы 30 мың теңгемнен айырылдым, - дейді студент қамығып.

Алаяқ мұнымен шектелмеген.

- Аз ғана уақыт өткен соң, картамнан тағы да 20 мың алынғаны жайлы хабарлама келді. Сөйтіп, банк шотымда болған 80 мың теңгені менен оңай тартып алды. Одан кейін сатып алушы телефон байланысын үзіп, мүлде хабарсыз кетті. Біреу үшін қомақты ақша болмаса да, өзім студент болған соң, қалтама ауыр тиді, - дейді Аружан бармағын тістеп.

КИБЕР ҚЫЛМЫС ЖАЙ ҚЫЛМЫС ЕМЕС

Аружан кейін төңірегінде өзі білетін басқа да бірқанша адамдардың алаяқтарға алданып қалғанын көрген. Олардың кейбірі дереу полицияға шағым түсіргенімен, нәтиже болмаған, алаяқ анықталмаған.

Ал алданғандардың кейбірі осыдан кейін ақшасын қайтара алмайтын біліп, полиция көмегіне жүгінуден бас тартқан.

- Жіберген ақпараттарына қарап түрлі әлеуметтік желіден іздестіріп, алаяқтың басқа адамның атынан іс тындырып жүргенін түсіндім. Ертеңіне банк бөлімшелеріне барып шоттарыма шектеу қойдырдым. Полицияға барып арыз түсіріп, шағымданбадым, - дейді Аружан. Ол бұл әрекетін бұған дейін ешқандай алаяқтың қолға түсіп, әшкере болмағандығымен түсіндірген.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Еркебұлан Қойшыбаев алаяқтарға алданған жағдайда ең бірінші ақша алынған банкке хабарласқан дұрыс екенін алға тартты.

- Мән-жайды түсіндіріп, шотты бұғаттау керек. Содан кейін уақыт өткізіп алмай полицияға хабарлап, арыздану қажет. Кейбір азаматтар арада ұзақ уақыт өтіп кеткен соң келіп жатады. Одан жағдайда, алаяқты табу қиынға түседі. Жалпы, жеке мәліметтерді ешқашан ешкімге беруге болмайды. Сонымен қатар, белгісіз сілтемелерге кірмеңіз. Таныстарыңыз бен туыстарыңыз жіберсе де сақтық шараларын сақтауды ескеріңіз. Банк, полиция қызметкері ретінде хабарласқан жағдайда сенімсіз болып көрінсе, тұтқаны қоя салған дұрыс немесе қай мекемеден екенін нақты сұрап, ресми түрде шақырту жіберуін талап ету керек - дейді Еркебұлан Қойшыбаев.

Ал 5 қыркүйекте өткен Парламенттің жоғарғы шатырында өткен жиында сенат депутаты Әсем Рахметова Премьер министрге қойған депутаттық сауалында интернет-алаяқтық мәселелері қарқын алып, қазақстандықтар үшін өзекті бола түскенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол алаяқтық жағдайларына жедел әрекет ету үшін әрі  азаматтар күдікті әрекеттер туралы хабарлап, кеңес алуы үшін арнайы сенім телефондары мен онлайн-платформалар әзірлеуді ұсынды. Ал Алматы кибер полициясы «Egov» қосымшасы немесе сайты арқылы несие алудан ерікті түрде бас тарту дұрыс шешім екенін айтты.

«САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ»

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы интернет-алаяқтық бойынша 15 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 34 623 адам зардап шеккен. Былтыр интернет алаяқтар 4,1 млрд теңге шығын келтірген. Ал  биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанда онлайн-алаяқтықтың 9 936 жағдайы тіркеліп, 7,1 млрд теңге көлемінде қаржы ұрланған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға артық.

Интернет-алаяқтық фактілері бойынша барлық қылмыстық істердің шамамен 56,3 пайызы күнәлі адамды анықтау мүмкін болмағандықтан аяқталып, жоғалған соманың тек 11 пайызы ғана қайтарылған. Бұл шамамен 777,1 млн теңгені құрайды.

Алаяқтардың құрбанына айналғандардың көпшілігі – қарапайым азаматтар. Олар 6,8 млрд теңге жоғалтса, заңды тұлғалар шамамен 304,1 млн теңгелерінен айырылған.

Алматы полициясының мәліметінше, алаяқтар көбінесе банк қызметкері ретінде хабарласады. Банк шотында күдікті жағдай орын алғанын айтып, қорғау үшін жедел түрде аударым жасау керек екеніне сендіреді. Биыл елімізде банктерден келген жалған SMS хабарламалар мен қоңырауларға алданған 1 727 адам тіркелген. Бұдан бөлек алаяқтар жоқ өнімді сату тәсілін де жиі пайдаланады. Әлеуметтік желілерде және интернет-платформаларда жарнама орналастырып, төлемді алғаннан кейін байланыстан жоғалады. 2024 жылы дәл осы алаяқтық бойынша қазақстандықтардан 3 258 шағым түскен.  Алаяқтықтың жиі кездесетін тағы бір түрі – SMS хабарлама, электрондық пошта немесе смартфон қосымшалары арқылы жалған сайттарға сілтеме жіберіп, құпия деректерге қол жеткізу. Биыл жеке мәліметтеріне қолжетімділік берген 3 218 адам  полицияға арызданған.

 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер