Министр мұғалімдердің мектеп ауласындағы сенбілігін теріс көрмейді

343
Adyrna.kz Telegram
Фото: amanatpartiasy.kz
Фото: amanatpartiasy.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жыл өткен сайын мұғалімдерді артық жұмысқа тарту мәселесі бойынша кемшіліктердің азайып келе жатқанын жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2019 жылмен салыстырғанда мұғалімдерді артық жұмыстарға тарту, өзіне тиесілі емес нәрселерге айналдыру бағытындағы көптеген кемшіліктің азайып келе жатқанын көріп отырмыз. Егер бұрынғы жылдары шағымдар өте көп болса, қазір оған қатысты шағымдар азайған. Десе де,  кейінгі кездері мектептің өзінің жеке бастама көтеруіменен мұғалімдерге кейбір қағазбастылықты немесе есептілікті көбейтіп жатқанын да көріп отырмыз. Министрлік немесе облыстық білім беру басқармасы тарапынан қандай да бір қосымша қажетсіз ақпараттарды көбейтетіндігі туралы маған ақпарат жеткен жағдайда ол шұғыл қолға алынып, жолы кесіліп отырады»,—деді ол бүгін Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ министр мұғалімдерді сенбілікке шығару мәселесін де көтерді.

«Былтыр сенбілікке шығару мәселесі туралы мұғалімдер көп шағымданды. Бұл мектеп ауласы болса, басқа әңгіме, өйткені балаларды еңбекке баулуымыз керек, оны мұғалімдер жеке өзі үлгі етіп көрсетуі керек. Байқасаңыздар мен де мектеп ауласына ағаш егемін, бұл өте үлгілі нәрсе. Бірақ мектептен тыс, мектепке қатысы жоқ жерлерге тарту – мұғалімді негізгі функциясынан алаңдатады. Мұғалімнің басты міндеті – балаларға сапалы білім мен саналы тәрибе беру. Одан басқасына алаңдата берудің қажеті жоқ»,—деп толықтырды Бейсембаев.

Пікірлер