"Мұндай шешімдер мұқият ойластыруды қажет етеді". Бибігүл Төлегенова үйінде дауыс берді

889
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Бибігүл Төлегенова атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бибігүл Ахметқызы дауысын үйінде берді. №559 сайлау учаскесінің өкілдері бюллетеньдерге арналған урнаны Бибігүл Ахметқызының тұрғылықты мекенжайына әкелді.

Әртіс бұл оқиғаның ел үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, референдумға қатысу-әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына деген жауапкершілігі.

"Мұндай шешімдер мұқият ойластыруды қажет етеді, өйткені олар елдегі қазіргі жағдайға ғана емес, келесі ұрпақтың болашағына да әсер етеді. Мен еліміз үшін осы маңызды мәселеге өз дауысымды қоса алатынымды мақтан тұтамын", - деп атап өтті Бибігүл Ахметқызы.

Опера әншісінің айтуынша, Қазақстан әлі де жас мемлекет және оны қолдау керек, еліміз үшін маңызды оқиғаларға қатысып, сол арқылы мемлекетіміз үшін дамудың ең жақсы жолын таңдау керек.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтуде.  Тұрғындар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін өз дауыстарын бере алады.

Пікірлер