Мұхтар Мағауин. Ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев

4539
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, қазанның 4-інде әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың туғанына 120 жыл толды. Соған орай ғалымның шәкірті, жазушы Мұхтар Мағауиннің 2020 жылы «Жұлдыз» журналында шыққан арнаулы естелігін журналдың сайттың нұсқасынан алып, қайтара жариялағанды жөн көрдік.

 

Анығын айту керек, «Естеліктер кітабында» Бейсекем – аяулы ұстаз, қамқор әке, зерделі, ұлтшыл ғалым Бейсенбай Кенжебаев туралы арнайы жазу қарастырылмаған, бұрнағы «Мен» ғұмырбаяндық дилогиясы, оның ішінде «Қия жолдар» мемуарлық романында молынан және бажайлап айтылған себепті. Алайда, біртұтас ағым емес, жекелеген тұлғалар төңірегінде құрылған ерекше еңбектің екі томын тәмамдап, баспаға өткізгеннен соң, жалғас Үшінші пара – ұзақ заман, қаншама жан қамтылған көлемді мемуар мазмұндық, межелі шеңберіне жету үшін, Бейсекемді қатарға қосу қажетіне ден қойдым. Шынында да. Батамен ғана емес, нақты ісі, демеу, қолдау, риясыз көмек арқылы сүйемел жасаған, керек десеңіз, асқақтата көтерген алдыңғы ағалар және дүниеден ертерек кеткен, заманында тілектес, тұрғылас болған, тіпті, әрқилы жағдай әсерімен тым қатты қабыса алмасақ та, қатар жасасқан, замандас тағы бірталай елеулі тұлғалар ескерілген, түптеп келгенде, бұл да біртұтас ғұмырбаян саналуға тиіс ауқымды еңбекте Бейсекемнің мүлде аталмай қалуы – үңірейген олқылық болып шығады екен. Иә. Бұрнада біраз жаздық, жеткізе байыптаған сияқтымыз. Енді өзімізді өзіміз қайталап жатсақ несі бар. Жаңа шығарма табиғатынан туындайтын, кезекті бір жағдаят. Тек бұл жолы көбірек кеттік демесек. Бірақ «Мен» – өз алдына, ал мынау «Естеліктер кітабы» – өткенді жаңғыртса да, дербес негізі бар, басқаша тұрғыдағы басқа бір толғам.

Сонымен, қимас Бейсекем – ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев туралы толымды, жинақты естелік.

1

Жасым жиырма екіде, 1962 жыл, қара күз. Мен аспирантпын. Қазақ Мемлекеттік университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасы.

Университетті осы жазда ғана бітіргем. Мені екінші курстан бастап қадағалаған ұлы ұстазым профессор Бейсенбай Кенжебаев республиканың Жоғарғы білім министріне дейін барып жүріп, мен үшін бір орынды әрең сұрап алып еді. Алдын-ала бар жағдайды біліп, үлкен қам жасады. Қабылдау емтиханында шет тіл – еуропалық: ағылшын, неміс, яки француз ғана болуға тиіс екен. Ал біз университетте бұлардың ешқайсысын оқығамыз жоқ, араб тілінен ғана қара таныдық. Бейсекең республикалық министрлікке барып, ештеңе шығара алмады, Мәскеуге жазу керек көрінеді. Солай да солай, араб тілін оқыған, араб тілі болашақ зерттеу тақырыбы үшін де керек, аспирантураға қабылдау емтиханы ретінде рұқсат беруіңізді сұраймыз деген ресми қағаз университет ректорының қолы қойылып, Мәскеуге кетті. Оған екі айдан астам уақыт жауап келмеген соң, қайыра жолданды. Мұның бәрі – менен айырылса, қазақ ғылымы қаусап қалатындай, бар іждағат, жігерімен қатты кіріскен Бейсекемнің әрекеті. Мен университет бітірер-бітірместен басталған іс. Ақыры, қыркүйектің соңына таман, аспирантураның қабылдау емтиханы қарсаңында рұқсат келді. Орын біреу – менікі, талапкер көп болып шықты, сайдың тасындай тағы жеті жігіт құжат тапсырыпты. Бізбен бірге бітірген балалар арасында да үміткер – жетеу еді. Жеті жігіт үздік дипломмен бітірген. Солардың қай-қайсы да ғылымның үлкен жүгін көтерер азамат болып шығар еді. Бірақ шаруашылық қана емес, бар тіршілік кесімді жоспарға бағындырыл­ған, өткен жылы аспирантураға үш орын беріліпті, кафедра меңгерушісі Бейсекең болашақтан қауіптеніп, үш баланы да келер жылы аламын деп, қабыл көрмеген, нәтижесінде мүлде құралақан қала жаздады. Енді, төрт жыл күтіп, таңдап алып қалған менің орныма мұндай талас туып отыр. Сыртта, көлденеңде не әңгіме болды – білмеймін, Бейсекең тосын қолқа мен өкпе, салмақтың еш­қайсысына илікпесе керек, арнайы рефераттан тыс үш сынақ­ – мамандық, шет тілі, қоғамтану бойынша емтихан нәтижесінде мен, – шынтуайты сол, сүйемел де бар, – ең жоғарғы ұпай жинап, аспирантураға түстім. Менен гөрі Бейсекең көбірек қуанды ғой деймін.

Тақырыбым белгілі – “Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет”. Бұдан бұрын Бейсекеңнің бір аспиранты түбіне жете алмай, аяқсыз қал­дырған. Енді маған жүктелмек. Мен ол кезде қиыннан қорықпаймын, қолымнан келмейтін нәрсе жоқ деп білем, тасқа шабудан тайынбайтын сияқтымын, бірақ алмағайып, аусар іске бармас едім, соңғы елу жылда біздің әулеттің басынан өткен опат пен топан мені мөлшерлі сақтықта қалыптаған, әуелі қазақ эпосынан шұғыл қорғап алайын, содан соң, ғылыми атақтың қалқасында мына тақырыпқа табандап отырайын деп үгіттеп көріп едім, мені баласындай еркін ұстайтын Бейсекем илікпеді. Мына тақырыпты тез игеру керек, арғы, Алтын Орда кезеңін келер жылы тағы бір аспирантқа тапсырамын, жиырма бес жасыңда кандидат боласың, фольклорға содан соң түсерсің, отызға дейін докторлық қорғап үлгересің, одан ары қаншама өмір, қаншама зерттеу тұр алдыңда, әуелі мына шаруаны жеріне жеткіз деді. Бейсекем осылай, тым биіктен толғап отыр, ал мен кандидаттық дис­сертацияның өзінің ауылы алыстап кеткенін көріп тұрмын. Бірақ ақсақал көнбеді. Тақырыптың ауқымын межеледік. Арыда Асан Қайғы, беріде Бұқар жырау. Асан Қайғыңыз – аңыз, Бұқар жыраудың өзінің басы ашық емес. Ал екі орта үңірейіп тұр. “Ел болған соң, халық болған соң әдебиет те болады,– деді Бейсекең. – Мұқият қарастырып көрсең, бірдеңе табылып қалар. Табылмаса…–деді Бейсекең,– қазақ эпосының үлгілерін бір тарау етіп аламыз. Едіге де, Шора да… Қарасай, Қазы… бәрі де XV ғасырдан беріде туған…” “Бейсеке, олар тұтасымен көгенделіп, халық жауы деп жарияланған ғой, қаулыға енген ғой… Одан да таза қазақ эпосының өзін дербес тақырып етіп алмаймыз ба?” “Сөз тоспайсың…– деді Бейсекең ренжіп. – Мен жалпы сұлбасын айтып тұрмын ғой. Оларды атамай-ақ қой. Берідегі Қабанбай, Олжабай, Бөгенбай, Барақ… XVІІІ ғасырда жасаған, басы ашық тұлғалар бар емес пе?” “Бейсеке, онда біздің тақырыбымыз тарихи жырлар болады”,– деймін. Бейсекем әлдебір қағаздарды ақтарыстап, күйгелектеніп қалды. “Өзің уайымшыл екенсің,– деді шынымен-ақ өкпелеп.– Бастамай жатып түңіліп отырсың. Бұл тақырыпты мен саған бұдан бес жыл бұрын айтқам. Содан бері не бітірдің?..” Онысы рас. Бес емес, төрт жыл бұрын. Мен университеттің екінші курсында жүргенде. “Абай және шығыс әдебиеті” деген курс жұмысын жаздым. Бейсекемнің және сол кездегі кафедра меңгерушісі Мәстура апай Сармурзинаның алқауымен, Мәскеу, Ленинград, Новосибир, Тбилисиден бастап, бүкіл Орталық Азия университеттерінің талапкер жастары бас қосқан Студенттердің ғылыми конференциясына қатысып, ежелгі айбын, сәулеті тозбаған Самарқаннан мақтау қағаз алып қайтқам, бұл – менің кең дүниеге алғаш шығуым, бар жарияның басы екен, игілік бұдан да зор болатын еді, Бейсекем жолдама жазып, өз қолымен ұсынған мақалама “Қазақ тілі мен әдебиеті” журна­лындағы дүмшелер жол ашпай қойды, міне, сол мақаланың, мақаладан бұрынғы курс жұмысының кезінде айтқан, он сегіз жасқа жаңа ілінген қаршадай балаға: “Университетті бітірген соң аспирантураға алып қалам, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті зерттейсің, дайындала бер!”– деген. Мен дайындалдым. Болашақ ғылыми жұмыстарға ғана емес, үлкен жазушылыққа. Қазақтың, бүкіл Орталық Азияның, Ресейдің, Әлемнің тарихын төңкеріп шықтым, Шығыстың, Батыстың – антик дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі дүние әдебиетінің орыс тілінде бар нұсқаларын түгел бажайлап тексердім; оқумен ғана шектелгем жоқ, әдеби сын, зерттеу мақалалары өз алдына, прозашы қаламгер ретінде де белгілі бір өреге жеттім деп білдім. Тау қопарып, тас бұзамын деп тұрмын, сонда да жүрегім дауаламайды. Зады, мен ақыр түбінде нәтижесіз болары анық іске шатылып көрген емеспін. Ерліктің, тәуекелдің жөні бір басқа. Бітеу жартасты төбеңмен сүзіп бұза алмайсың, теңізді тізелеп жалдай алмайсың. Сақтық, абайшылдық емес, жұпыны ғана ақыл ісі. Бейсекеңнің маған артқан жүгі – ақылға сыймас ауыр еді. Ауыр емес, буалдыр, елесі жоқ. Сол жоқты барға көшіріп, селдір тұманды батпан-батпан, тай-тай жүкке айналдырып, қияметтің қыл көпірінен арқалап өтуім керек екен. Бейсекем мені аямады. Немесе, ғажайыпқа сенді. Осы уақытқа дейін жер әлемде қалған қазақ ішінде жалғыз-ақ ұлтшыл бар, ол – мен деп ойлаушы едім. Шын фанатик ұлтшыл – менің ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев екен.

Университеттің Ғылыми кеңесінде диссертация тақырыбын бекітетін күн келді. Мен ең соңғы сәтте Бейсекемді тақырып атауы –“Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет” емес, “XV-XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары” болсын деп, үгіттеп, әрең көндірдім. Мәнісі біреу-ақ еді. “Қазақ хандығы” деген сөз, қазір бекісе де, кейін бөгесін болады. Оның үстіне, шегінер жол қалдырмақ болдым: жан қиналса, арғы дәуірге шолу ғана жасап, XVІІІ ғасырдағы Бұқар жыраудың жал­ғыз өзімен-ақ шығып кетуге мүмкін, немесе, қазақ кезеңінде қалыптас­қан эпос үлгілерін ежелгі дәстүр, өлең өрнегі тұрғысынан қарастырып, көлем толтыруға болады; диссертация жазылып біткен соң тақырыбын нақ­тылай жатармыз деп, келісті. Ол кезде Университеттің Ғылыми кеңесі ағылшынның Лордтар палатасының жиынындай көрінеді, шынында да, өте үлкен, Одаққа, одан да арыға танылған ғалымдар бар, математик, физик, биолог – барлық факультеттің бетке шығары, бұлардың ішінде маған химия профессоры, доктор Батырбек ақсақалдың жүзі ерекше нұрлы көрінеді, бұл – баяғы Алаш Ордаға ұйтқы болған азаматтардың бірі – Ахмет Бірімжановтың бел баласы, сол ма деп сұрағанда Бейсекең айтқан, сол деген, бар екен, жүр екен, сырттай сүйінемін; бұлар­ға қоса өзіміздің филологтардың атақтылары да осы Кеңеске мүше, басқаларға қарағанда жақын туысқан сияқты; орыс бөлімінде сабақ беретін, Мағжанның ақындық тілін зерттеуге бар ғұмырын арнаған, ұлты татар, қазақы профессор Хайролла Махмұдов менің түрімді көргісі келді, түрегеп тұруды ұмытып кеткен екенбіз, бой көрсеттік, өте маңызды, қажетті, зәру тақырып, бекіту керек деген сөз тастады, бекідік. “Ал енді жұмыс жаса!– деді Бейсекең менімен бірге шығып. Содан соң, мәжіліс залына қайта кіріп бара жатып,– Үйленіп қойма!– деді.– Онда жұмысың аяқсыз қалады!..” Маған осы сөзді айту үшін ғана шыққандай. Кейінге іркуге болмаған. Мен оңаша қалған соң, ризашылықпен күліп алсам керек. Ұстазымның екі тапсырмасы да оғаш көрінген: біріншісі – мәнсіз, онсыз да жұмыс жасаймын; екіншісі – қажетсіз, үйленгім келсе, үйленем, оның оқу мен жазуға себі болмаса, бөгеті болмайды деп білем. Қазір ойласам, ұстазымның екі сөзі де орынды, біріншісі – қамшылау, екіншісі – сақтандыру, ал қалбалақтап менімен бірге шығып, жөппелдеме айтып жатқаны – қуаныш әсері екен. Мен мына тақырыпқа онша құмартып тұрғаным жоқ, қалай болады деген қауіп Бейсекеңді көбірек қажаса керек-ті. Әлбетте, бұл жолы да өзі үшін емес, мен үшін, менен гөрі ғылым мұраты үшін шынымен қуанған. (Дәп сол мезетте, екі жыл өтіп, үшінші жылы сәтімен үйленетінімді өзім де білмегем. Бейсекем әуелде тосырқаған екен, той күні келінін көріп, көңілі жайланып еді. Төрде, Темірғали Нұртазин екеуі, ескілікті қазақ ақсақалының соңғы сарқыты – менің үлкен әкемді ортаға ала отырған. Өзгеше таныстық, мазмұнды, мәнді әңгіме болған сияқты.)

2

Бейсекемнің маған деген сенімі мен ықыласы – ұстаздың шәкіртке, әкенің балаға, адамның адамға деген сенімінің өлшеміне келмейтін, ықыласының аясына сыймайтын, өзгеше сырлы қатынас екен. Еркіме, бетіме қоя берді. Айына бір телефон шалам. Екі айда бір баруым мүмкін. Артық әңгіме айтпайды. Тықақтап тексермейді. Үлкен ағаның алдына, сәлемдесе келген жақын туысқан сияқты, көлденең кеңеспен отырамыз. Хабарласуды ұмытып, екі-үш ай озып кетуі мүмкін. Қайда жүрдің, не болды деп және сұрамайды. Әлдебір кітап, деректі еске салады. Орта ғасыр әдебиеті мен тарихына қатысты біраз кітабын менен бұрынғы, сәтсіз аспиранты алып кеткен екен. Мен өзім де кітапқа сараңмын, қалғанын сұрап, мазалағам жоқ. Бейсекемнің ең үлкен қызметі – берік қорған еді. Маған ешкім батпайды, қожалық жүргізе алмайды. Дербес күн кештім. Қазір ойлап тұрсам, ешқашан да аспирантураның үш жылындай еркін, азат ғұмыр сүрмеген екем. “Шет тілінің минимумын тапсырдым”,– деп телефон соғам. “Дұрыс”,– дейді Бейсекем. “Философияның минимумын тапсырдым”. Тағы да: “Дұрыс”. “Ауылға кеттім. Екі ай жатып, қымыз ішіп келем”. “Дұрыс”. “Қажетті біраз кітаптарды ала кетем”. “Дұрыс”. Бейсекем менің бір күн, бір сағатты қалт жібермейтінімді біледі.  Сондықтан бәрі дұрыс. Бірақ әзірше өнім, нәтиже шамалы еді. Міне, қайратты бір жылым, бір жылдан астам алтын уақытым кан­дидаттық минимумдар соңында кетті. Екінші жыл… Опырып, жапырып тастауым керек. Таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат он-он бірге дейінгі мекен жайым – Республикалық орталық кітапхананың және Ғылым академиясы кітапханасының “Сирек кітаптар мен қолжазбалар” деп аталатын қадым бөлімдері. Не қарағаның, неге үңілгенің тіркеліп, тізіліп отырады. Аспирант деген куәлігің бар, әйтеуір тоқтау жоқ. Екі кітапхана да өте бай. Қаншалық бай болғанын енді ғана біліп отырмыз. Әрине, бар іздегенің табыла бермейді. Бірақ бұл да бөгесін емес. Тиесілі кітаптың аты-жөнін жазып, МБА – аралық абонемент арқылы сұрау берсеңіз, Совет Одағындағы, әлемдік дәрежелі екі рухани қазына қоймасы – Мәскеудегі Ленин кітапханасы мен Ленинградтағы Салтыков-Щедрин кітапханасы­нан арнайы алдырады. Тек қажет кітаптың атын табыңыз – жиырма күнде қолыңызға тиеді. Мен студенттік жылдарда қазақтану саласындағы, Орталық Азия, мұсылман әлемі, түрік әлемі, көшпенділер тірлігіне байланысты, мүмкін болған бұрынғы-соңғы барлық әдебиетті қарастырып шыққан едім. Енді соны тереңдету, белгіленген бағдар, тақырып бойынша іздену, тексеру қажеттігі туды. Біраз уақыт XVІІІ ғасырдағы хан жарлықтары, қазақ шонжарларының Ресей үкіметімен арадағы қатынас жазбаларына үңілдім. Әдеби көрнекі нұсқа ретінде диссертацияға бір тарау етіп енгізбек орайын ойладым. Одан ары – Алтын Орда заманындағы хан жарлықтарының сақталған үлгілерін, Қырым хандығының ресми қатынас қағаздар жинағын зерттеуге тура келді. Осыған жалғас жұмыс – Ноғай Ордасы – Мамай, Жүсіп, Исмайылдардың Орыс патшаларымен арадағы байланыс құжаттарын зерделеу қажет еді, мұның бәрі Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің архивінде қаттаулы жатқан, тиесілі рұқсат алу, арнайы жол жүру керек; бұл шаруаны соңғы кезекке қалдырып, алдымен Алматыны түгендеу қажетіне ден қойдық. Басқа бір бағыт-бағдарлар іздедік. Әлбетте, қазақтың, бүкіл түрік қауымының өткеніне қатысты тарихи, этно­графиялық, саяхатнама кітаптар мен мақала, зерттеулер көкжиекті ғана кеңейтіп қойған жоқ, жанға қуат, дәтке серпін қосты, болашақ көркем шығармаларға тұлға, деректер таптық, халқымыздың ұлылығына бейіл бердік. Белгілі әдебиеттің өзін қайыра қарағанда жаңаша ой түйдік. Жарияға шығуы мүмкін емес тарихи шығармалар сұлбасы кейіптене бастады. Әрі зар, әрі қуаныш. Алмағайып өмір, ауыр еңбек. Үміт пен сенім. Сол болашақ соқталы туындылардың бірі – алғаш рет сол кезде ойластырылған “Аласапыран” еді.

Қиял деген жақсы. Ешқандай бөгет тумаған жағдайдың өзінде бәрі бірдей жүзеге аспайды. Біздің сол жасымызда қалыптаған, қабылдаған қырық жылдық жазу жоспарымыздың ауқымы тым зор еді. Алдан шыққан бөгесін одан да мол болды. Ақыр түбінде алғыншы өз сыбағасын алып тынды. Шепті бұзуға аттанған түменнің оннан бір бөлігі ғана межеден өтіпті. Біз жиырмадан бірін ғана жеріне жеткізе алдық. Енді естелік жазып, жоғымыздың орнын толтырмақпыз. Толмайды. Орал­майды. Тек көңілге медеу демесек. Өзге үшін емес, өзіміз үшін. Қазіргі міндет – барыңа амалсыз тәуба айтып, қолдағыны қорытындылау, аз ба, көп пе, ендігіні абыроймен аяқтау. Онша күрделі емес. Ал ол кезде – шытырман мен меңіреу, қия мен құз қарсаңында менің алдымда ең алғашқы, ауыр әрі нақты міндет тұрған: XV-XVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлгілерін нұсқалау – табу, зерттеу, жазу, жарияға шығару. Басқасын былай қойғанда, өмірге жол ашуым үшін, тіршілік үшін, келешек ұлы істер үшін баспалдақ жасауым қажет еді.

Екінші жыл еңсеріліп барады. Әзірше жиған-тергенім – ұсақ-түйек. Өзекті арқау боларлық ештеңе табылмай, дағдара бастадым. Ақыры, көктемге таман, тамаша бір ой келді. Ауыр жұмыс – жеңіл шешім. Оп-оңай екен. Сыпыра сүзу! Оның мәнісі – қазаққа қатысты бар әдебиетті, түгін қалдырмай, бастан-аяқ тексеріп шығу керек. Бұған дейін қазақтың сөз өнері, тарихы, этнографиясы, мекен-тұрағы, шаруашылығы, тағы басқа, және басқа тұрғыдағы орыс тілді әдебиетті түгел тауысқанымды айтсам керек. Бір жыл, екі жыл емес, университетке түскеннен бергі жеті жылдық жұмыс. Енді қазақ тілді қоймаға бас қою қажет болды. Бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығу керек. Түк қалдырмай. Яғни, әуелі революцияға дейін қазақ тілінде басылған барлық кітапты ақтап шығам. “А” дан “Я” ға дейін. Зерттеушілер Қазан мен Уфа, Орынбор мен Петірбор, Ташкентте 1917 жылға дейін бес жүз кітап басылған дейді. Мүмкін, одан әлдеқайда көп шығар. Ұмытылған, жоғалған. Сақталғаны бес жүздің үстінде көрінеді. Соның бәрін өткеру шарт. Алматыдағы, республикалық және академиялық аталатын екі кітап қоймасында төрт жүзден астамы анық бар. Бәлкім, бес жүзі түгел. Жоғы – санаулы ғана, оны Мәскеу мен Ленинградтан алғызуға болады. Осы бес жүз кітапты түгін қалдырмай сілкіп шығам. Содан соң… Ғылым Академиясының қолжазба бөлімінде тұрған архив қоры… Мен көргенде, шамамен бір мың сегіз жүз бума пәпкі. Бұл тіпті оңай. Бірінші пәпкіден бастап түсесіз. Алдымен он, содан соң он бірден жиырмаға дейін, одан соң жиырма бірден отызға дейін. Құдай қуат берсе, небәрі мың сегіз жүз пәпкіні ақтарып, сүзіп шығу деген… жас адамның ғұмыры жететін нәрсе.

Бәрекелді! Бар түйін шешілді. Алтын жатқан жер табылды. Қаз да ала бер! Бейсекеме тура жолға шыққанымды, істің нәтижелі боларын салтанатты түрде хабарладым. Күні бұрын елпілдеу, болмағанды болдыру әу бастан бүгінге дейінгі әдетімде жоқ, келіп тұрған істің өзін бұйырса, тәуба… дейміз, бұл жолы да нақты ештеңе айтпадым, бірақ құр босқа жүрмегенімді, тыпырлап жатқанымды әйгілеу керек еді. “Онда жөн,– деді Бейсекең.– Оқу жылының аяғында кафедрада есеп бересің”. Бұл – аспиранттың жыл сайынғы міндеті. Өткен маусымда минимум тапсырып жатырмын деген сыл­таумен тайқып кеткем. Бейсекең сырттай толтырып бере салған. Биылғыны тағы көрерміз. “Аспирантың түк бітірмей бос жүр деп, кейбір кафедра мүшелері саған наразы,– деді мұндай сөз аузынан шыға қоймайтын Бейсекең.– Тым ірі болып кетті дейді”. Менің ірі екенім рас, бірақ ірілік көрсеткен жерім жоқ еді. Үлкенді сыйлаймыз, алдынан кесіп өтпейміз, иіліп сәлем береміз. Артық-ауыс сөзіміз жоқ. Бұдан артық не керек. Құлдық – құдайға ғана тиесілі. “Есеп бересің кафедрада”,– деді Бейсекең, өзінде болмаған қатқыл дауыспен. “Е, жарайды, Бейсеке,– дедім мен жайбарақат.– Ауылға барып келейін деп тұрмын. Жиырма күнге”. “Мейлің,– деді Бейсекең.– Сол беті кетіп жүрме”. “Бейсеке, жиырма күн десем – жиырма күн. Үлкен жұмыс алдында екі апта қымыз ішейін деп едім”. Бейсекең қайта жадырап, қомпаңдап қалды. “Сендер жақта бие байлайтын уақыт болды ма?” “Мен барған соң байлайды”,– дедім. Бейсекең өзінің қалыпты мінезімен, мені есікке дейін шығарып салды.

Біздің үй бұл кезде Семей облысының Жезқазған облысымен шектескен тұсында, Қара-Ирек деген жерде. Шағын бөлімше, алыс отар – совхоз, аудан орта­лықтарына екі жүз шақырым; жүз шақырым төңіректе елді мекен жоқ. Бір кезде жұрт сыймай, сығылысып, жыпырлап отырған ел 1932 жылғы балшабек ашар­шылығынан соң мүлде босап, қаңырап қалған. Бұл өңірге біздің ел арада бір мүшел өткенде, 1944 жылы ғана қайта оралған. Одан бері де қанша заман. Енді, баяғы ашаршылықтан отыз жыл өтсе де, бұрынғы елдің отыздан бір үлесі жоқ. Жиырма мың қой ұстаған жиырма шақты түтін. Бастау­ыш мектеп жасында жиырма шақты баласы бар. Аға, яғни менің әкем сонда мұғалім. Төрт класты жалғыз өзі оқытады. Алыс отар деген қосымша төлемі тағы бар. Мен университетке түскен жылы енді көп ақша керек болады деп, сұранып ауысқан. Бұл жерде біздің шал-кемпір тура сегіз жыл отырды, қазір ойласам, екеуі де жас: аға қырық екі мен елудің арасында, ал тәтем, яғни туған шешем отыз бес пен қырық үштің арасында екен,– бейнетті ғұмырдағы ең барақат жылдары болар. Менің де жаным жайланған жер еді. Жазда тура үш ай, төрт ай жатам. Арқаның сары қымызы. Сүр аралас бағлан еті. Бөлімше басында екі-үш-ақ үй, қалған жұрт қысқы қоныс есептелетін Қара-Иректен Жезқазған тарабына –“Қозы-Көрпеш” жырына қосылған Жор­ға, Жауыр, Шұбарайғыр жаққа жайлауға шығып кетеді. Ол атырап та маған ыстық. Ес білген кезде өскен жерім. Кейде аға екеуіміз екі атқа мініп, арнайы қыдырып барамыз. Алыстау. Әдетте мен жалғыз жүрем. Түстен кейін ат ерттеп, мылтық алып, тау мен даланы кезіп кетем. Аң емес, ауан іздесем керек. Бүкіл өңір өліп барып тірілген кейіпте. Саф тыныштық. Мүлгіп тұрады. Шоқылы тау, қоңыр белес, шілікті, тал, теректі сай, кісі бойы көк шалғын­, қасқа бұлақтар. Кейін “Тазының өлімінде”, тағы біраз ірілі-уақты шығармаларда суретке түскен өңір. Мен әр жолы бірер тең кітап арқалап келем. Отырам, оқимын, аршалы, сарымсақты тау басына шығам. Жазамын. Жер әлемде жалғыз өзім.

Бұл жолы сейіл-серуен болмаған. Үй іргесінен ұзағам жоқ. Оқу, жазудан да тартындым. Тура екі апта бойы жас қымыз іштім. Күніге он-он екі сағаттан ұйықтадым. Бұл – менің ата жұрттағы, ата-ана баурындағы ең соңғы демалысым екен. Мамырдың басы, Алматыға жетіп, аруаққа сыйынып, өмірлік мұрат­қа айналған үлкен іске бас қойдым.

3

Академияның ескі мұралар қоймасында менің қуатты, асау, арда кезімдегі ең бақытты күндерім өткен сияқты. Тылсымға батасың, тарихпен тілдесесің, алаштың сан ғасырлық асқақ рухын айқын сезінесің, арман – сол қазынаны әйгілеу ғана, жеріне жеткізсем, жұртына танытсам, ғылыми тұрғыдағы зерттеу, байыптарды жарияға шығарсам – бар мұратым орнына келер еді деп ойлайсың; аруақ толқытады, күш, қуат құяды, көкірегің ашылып, табаның тиянақтала түседі, алабұрту, алағызу жоқ, мерей мен мақтан ғана бар. Мақтан – жұртыңның ұлылығы, мерей – соның куәсі өзің екендігің. Бақ, талайыңа сенесің. Қайрат, жігерің бойға сыймай, бұлықсып тұрасың. Сонымен қатар, көңілде мұң бар. Иә. Қамықтық. Тарықтық… Серпілдік. Сүйіндік. Мың жылдық тарихты байыптадық. Даланы жаңғырықтырған айбынды бабаларды көзге елестеттік. Қандай болдық! Енді қандаймыз… Ішің ашиды, жүрегің шымырлайды. Амал не, өтті. Бірақ кеткен жоқ. Кетпегенін әйгілеу керек. Мен қуатты серпінмен, өте қатты жұмыс жасадым. Бірақ аптыққам жоқ. Салқын сабыр, байыпты іс мұратқа жеткізуге тиіс еді. Таң атқаннан күн батқанға дейін. Бүгіннен ертеңге. Ертеңнен арғы күнге. Келер жеті, келер айға. Тамыздың соңын ала негізгі шаруа аяқталды – яғни, ежелгі ақын, жыраулардың сөз мұрасының жалпы сұлбасы алақан аясында тұрды. Ешқандай бөгесін тумады, ештеңеге алаң болмады.

Сонымен, тынымсыз төрт ай бойғы тиянақты әрі тегеурінді жұмыс нәтижесінде қазақтың XV-XVІІІ ғасырлар шегінде жасаған ақын, жырауларының ұлы мұрасы оратылып, алақан аясына түсті. Бұрнада аттары емескі, тіпті, мүлде белгісіз ұлы жыраулар: Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Марғасқа… Ақтамберді, Үмбетей… Шал ақын… Бәріміз білеміз дейтін Асан Қайғы мен Бұқар жыраудың өзі басқаша.

Алда ұланғайыр жұмыс бар, оның әуелгісі – текстологиялық күрделі зерттеу және қалыптау. Одан арғы, түпкі мұрат – жазу. Ал жазуға жеткенше, керек десеңіз, сол жазу үстінде тағы қаншама мәселе тұр. Бірақ негізгі мәтіндер қолда, яғни, ірге тас қана емес, барлық құрылыс жабдығы, оған қосымша керек-жарақ түгелімен дайын. Алдағы барлық шаруаны – екінші қатардағы, қиын болса да сөзсіз орындалатын жұмыс деп білдім. Шынында да, осы, 1964 жылғы жазда Қазақ Ордасы кезеңіндегі әдебиет мәселесі айқындалған, болашақ “Алдаспан”, “Қобыз сарыны” кітаптарының ғана емес, Мұхтар Мағауин деген пенденің де бүкіл ғұмыр-тіршілік, тағдыры шешілген еді.

Осы уақытқа дейін жасалған сан-салалы жұмыс, керек десеңіз, менің жиырма төрт жылдық ғұмырым, сол ғұмыр бойы көрген-білген, оқыған-тоқыған, жиған-терген, таныған-тоқтаған барлық рухани тол­ғақ бір түйінге тоғысты. Мен жазуды әмәнда кілем тоқуға теңеймін. Әңгіме – алақандай ғана, әдемі кілем. Хикаят – көсілген, көрнекі кілем. Роман – шалқыған, шалқар кілем. Үлкенін де, кішісін де тоқып шығу – өзгеше өнер, ауыр еңбек. Білім мен танымың, сезім мен түйсігің, керек десеңіз, туған жұртыңыздың мың жылдық көркем және заттық тұрғысының, тағдыры мен тарихының айғақты көрінісі. Алла тағала бүкіл дүние – он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызған дейді,– терең толғам, анық ақиқат, сол ғаламның бір тозаңы, тозаңның жұғынының жұқанасы – жаратушы өзіне ұқсатып жасаған сен де өз әліңше, сол кең дүниенің бір бөлшегін өзіңе шақ қауызға сыйғызып, мәңгілік болмаса да, белгілі бір уақытқа бедерлеп кетуге, халқыңның бүгінгі және келешек қажетіне бағыштауға тырысасың. Осы тұрғыдан алғанда, міне, содан бері қаншама заман, жетпіс, сексен кітап шығарыппыз, соның ішінде халқымыз үшін ең керегі, ең қажеттісі – осы әуелгі, аруақ арқалаған сөзіміз –“Қобыз сарыны” болса керек. Бұл кітапты мұндай деңгейге жеткізген – біз емес, асқақ рухты, асыл текті жырау бабаларым болатын. Қорғады, қолдады, күш берді – тек сол, жарияға шықпақ жыраулар ғана емес, мың жылдық ата-баба аруағы. Дәл осындай рухани қуат: денсаулық – қалыпты, іс – байыпты, жазу – сезімге, серпінге толы, қанатты күндерді мен кейін, “Аласапыранды” жасау үстінде ғана бастан кешірсем керек. Басқа кітаптардың бәрі де зілмауыр азап, ыш­қынған бейнетпен туды. “Қобыз сарыны” мен “Аласапыранның” да бейнеті шаш етектен, бірақ қайрат қабындап, көңіл шалқып, санадан тыс, тіршіліктен тыс әлдебір, құпия, тылсым, ізгі күштер тікелей көмекке келген кез еді.

Манағы “кілем теориясы” тұрғысынан алғанда, “Қобыз сарыны”– зерттеу кітап, өзіндік сыпаты, ерекшелігі бар. Қиял емес – дерек, болжам емес – байып керек еді, бейнеге емес, білікке құрылып, түйсіктен – таным, сезімнен – ой басым түсіп, әдеби талдау мен тарихи аңдау астасып жатуға тиіс-ті. Қалай ырғап, толғасаң да, ең басты тиянақ –  нақты деректер болатын.

Ақыры, жұмыстың соңғы нүктесі қойылды. Қызық үшін есептегенде, амалсыз кідірістерді қоспасақ, таза, жазумен ғана отырған күндердің ұзын саны – отыз тоғыз екен. Оның сыртында аспирантураның үш жылы, универ­ситеттің бес жылы бар. Керек десеңіз, менің жиырма бес жылдық ғұмырым тұтасымен тұр. Сол, шыр етіп жерге түскен алғашқы сәттен бастау алатын бар түйсіктің, кейінгі танымның, білімнің, іздену мен еңбектің – жиырма бес жылдық бар болмысымыздың ақырғы нәтижесі, түйінді шешімі екен. Аллаға мүнажат етіп, аруаққа ризашылық білдірдім.

1964 жылы 18 октябрьде басталған жазу 1965 жылғы 5 июньде аяқталыпты.

Менің ұзақ ғұмырымның да, тек өзіме ғана сенген, тек оқумен, оймен, еңбекпен ғана отырған әуелгі, ең асау, ең бұла, ең қызықты, әрі алмағайып, ең ауыр кезеңі тәмам болған екен.

4

Бейсекем менің қамқор әкем сияқты. Жолымды ашты, сүйеніш болды, қорған болды. Туған ұлдың ішіндегі тікелей мұрагеріндей жақсы көретін. Сенетін. Бәлкім, өзінен артық сенген шығар. Ұзақ үш жыл бойы басым бос, байлаусыз, еркін болдым. Тарихи және теориялық әдебиетті қарастырып жатырмын деймін. Дұрыс дейді. Жұмыс жүріп жатыр деймін. Дұрыс… Не жұмыс? Іздеп жатырмын; әлі таба қойғам жоқ, табам. Дұрыс дейді. Жаңа нәрселердің шеті шықты. Дұрыс. Болдым, деректер түгел дайын. Дұрыс. Жазуға кірістім. Жөн-ақ. Жазып бітірдім. Бейсекем үндемей қалды. Бітірдім. Сонда ғана… құтты болсын деді. Қуанғаннан демі бітіп қалған екен. Мен не істесем де риза. Әуелгі жылдары қыс ортасында, соғым кезінде екі-екі жарым айға ауылға кетіп қалсам да риза. Менің тек жатпай­тынымды, түк бітірмесем де, тынығып, күш жинап қайтарымды біледі. Туған әкең де мұндай болмас. Мен… мен әкем емес, үлкен әкем де емес, өзімді бесіктен көтеріп алып тәй тұрғызған, тәрбиелеп жеткізген, он үш жасымда қапада айрылған үлкен әжемді көргендей еркелейтін едім. Қайран Бейсекем!.. Осы, рухани туысқан, риясыз табысқан ұлы ұстазым соңғы үш жылда бір рет қорқытты, бір рет ренжітті. 62-жылдың соңын ала Сұлтанмахмұттың екі томдығы шыққан. Бейсекең дайындаған; жаңа өлеңдер, бұрын жабық жатқан жаңа деректер, жаңаша байып. Сұлтанмахмұтқа бағышталған, ғұмыр бойғы, қиғаш тартысты, табанды жұмысының ең үлкен белесі еді. Төлбасы данасынан бастап тұтқынға түсті, бар тиражы кәмпескеге ілініп, ЦК-да Сұлтан­махмұтты ғана емес, оны көтеріп жүрген Бейсенбай Кенжебаевты да қаралаған шешім қабылданды, үлкен шу болып, балшабек оқымыстылар қаншама азық тауып­, ежелгі тайталас Бейсекеңді біржола тұқыртып тастаудың сәті түскендей, ереуілдей көтерілді, үкімет пен партияға жағынып, қаншама бедел жинады, оңай олжаға жол ашты. Дау тәмам болып, қаралы үкім шығып, Бейсе­кемнің бүкіл ғұмырын арнаған абзал ісі тұтасымен мансұқ етіліп, Сұлтанмахмұттың дайын тұрған, тоғыз мыңнан он сегіз мың дана кітабы түгел пышаққа шалынған кезде, 63-жылдың қаңтарында Бейсекем де күрс жығылды – ауыр инфаркт алды. Жанашырлық, адамдық жөнін айтпағанда, Бейсекем алай-бұлай болып кетсе, менің тақырыбым далада қалатын еді, мәселеге тілектес, лайықты жетекші табылмайды, қаңғырып кетпеспін, бірақ басқа бір тіршілік кебіне көшер едім. Періште дем берді, өз үйінде, бәйбішесі Меңжамал жеңгейдің ерекше күтім, бақылауында тапжылмай қырық күн жатқан Бейсекем қайта көтерілді. Ренжігенім содан соң – келер жылы. Мана айтсам керек, аспиранттың жылдық есебі деген бар, әуелгіде әйтіп-бүйтіп өтіп кеткем, кафедра меңгерушісі екінші жылы да өз шәкіртін  сырттай өткізіп жіберсе болар еді, Бейсекең тәртіпті бұзғысы келмеді ме, әлде мен көрініп қалсын деді ме, кафедра мәжілісіне шығарған, нәтижесінде менің әуелгі шеңгеліме ілінген бірнеше құнды дерек қолды болды; кейіннен, ұрлық жайы айқындалғанда, Бейсекеңе өкпелеп, қатты бұртаңдап едім, менікі қанша жөн болғанымен, ерке бала кеңпейіл әкесіне ғана осындай тентек мінез көрсетсе керек. Бейсекем қатты қысылып, жарайды, дұрыс… деді, енді өйтпейміз деді, енді өзің де сақ бол деп, кінәлі кейіпте тұқыра берді. Бұл оқиғаның бір пайдасы – бұдан соң мені қузамады, біржола еркіме жіберген. Сенімі ақталды, енді міне, өзінің жұмыс кабинетінде, жазу столының қасында, біржола тәмам болған “XV-XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары” деген диссертациялық еңбегімді, диссертация ғана емес, түбегейлі моногра­фиямды, кейін “Қобыз сарыны” деген атпен жария болған кітабымның қолжазбасын оқып отырмын. Оқу – байыптау үш күнге созылды. Бейсекем мұқият көңілмен, елітіп, үнсіз тыңдады, ара-арасында, түйінді бір толғамдар тұсында “Дұрыс” деп қояды, баз-базында, көбіне жырау сөздерінің үзігі мысалға келтірілгенде, масаттықтан тынши алмай, орнынан тұрып кетеді, кітап толы, кең кабинет ішінде тымпың қағып, ерсілі-қарсылы жүреді, бірде, Шалкиіздің Би Темірді хаж сапарынан іркуге айтқан толғауындағы: “Қара басты ақ күс пен – Кендір баулы ақ желкен – Көк теңіздің жал толқынға жектірдің!”– деген жерге келгенде: “Пай-пай! Пай-пай!..”– дей берді. Сөз таныған адам сондай-ақ болсын.

“Дұрыс”,– деді жұмыс тұтасымен оқылып біткен соң. “Дұрыс. Болды енді. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет қалпына келді…” Үнсіз толқып­, аз отырды. “Енді Мырзатай… Мырзатай көне түрік дәуірін жазып шықса, қазақ әдебиетінің мың жарым жылдық тарихы орнына түсер еді. Қалай, Мырзатай жазып шыға ма? Күші жете ме?” Мырзатай Жолдасбеков менен екі-үш жас үлкен, университетті де бұрын бітірді, Бейсекеңнің қолдауымен кафедрада бірден қалып, төрт-бес жылдай кіші оқытушы болды, былтыр аспирантураға тазалай көшкен еді. Іждағатты, тиянақты жігіт көрінген. Әзірше ескі әдебиетті танып, тексере зерделеу кезеңінде жүрген сияқты, әйтеуір, бұдан бұрынғы бір аспиранттай, бойын үрейге алдырмаған, қараңғыдан кері шегінбей, қадарынша жұмыс жасап жатқаны байқалған. “Жазады, шамасы жетеді, уақытында бітіреді”,– дедім. “Сонда, Мырзатай қорғағанда, өзің екінші оппонент боласың”,– деді Бейсекем. Мен күлдім. “Әуелі өзіміз қорғап алсақ…” “Қиындық сыртта – ҚазПИ мен Академияда. Сен өзімізде, Университетте қорғайсың,– деді Бейсекем.– Енді кешіктірме. Мына жұмыстың бір данасын Ханғалиға, бір данасын Зейноллаға, бір-бір данасын Есмағамбет пен  Темірғалиға бер, оның ар жағында Белгібай мен Сұлтан­ғали бар, түгел оқысын”,– деді. Кейінгілерге айқындық үшін ескерте кетейін, сол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет атқаратын бұл абыройлы ағаларымыздың сойы, ол кездегі тілмен айтқанда, фамилиясы, жаңағы рет бойынша: Сүйіншәлиев, Қабдолов, Ысмайылов, Нұртазин, Шалабаев, Садырбаев болады. Бұлардың сыртында кафедрада бөтен сөзі, көлденең мінезі жоқ Нұртай Карбанова деген апай және менен басқа тағы екі аспирант – Рымғали мен Мырзатай бар. Жаңағы Нұртай апай мен Сұлтан­ғали ассистент, қалған қауым, Бейсекеңнен бастап, түгелімен бүгінгі және болашақ профессор, сол кездегі қазақ әдебиеттану ғылымының ең көрнекті өкілдері.

Жұмыстың тезірек өтуіне мен де айрықша мүдделімін, бірақ бұдан бұрын амалсыз ауыз күйгені өз алдына, мен – бұрынғы қазақ билері, кейінгі “халық жауларының” әулеті – әуелден сақпын, ол сақтықтан қазіргі, шау тартқан шағымда да айрылғам жоқ, ал ол кезде сақтық үстіне кіді, секемшіл едім, азғана қулық сақтадым, Бейсекеме қазір жұрттың бәрі демалыста, бәрібір ешкім жарытып қарамайды, бірі оқыса, бірі оқымайды, одан да жаңа оқу жылының алғашқы күні – 1 сентябрьде төрт данасын қатар таратайын дедім. Азғана қулығым – әлі жарияға шықпаған дүние, өз атыма бекімей жатып, қолды болып кетер деген қауіп. Әрине, ақырына дейін жасырып ұстап отыра алмайсың, онда жазып та қажеті болмас еді, қайткенде де межелі уақытта ұсынамыз, мен оған дейін анада, аспиранттар жинағына дабырасыз кеткен Шалкиіз жырау туралы мақала жарыққа шығып қалар, оның үстіне тағы бір басылымдарға жол ашылар деп топшыладым. Менің бұл есебімнен бейхабар Бейсекем аталмыш мезгілді мақұл көрді, қисыны да солай еді.

Мен әбден тиянақталған, мәшіңкеге басылып, түптелген, 285 беттік монографияны әр тұсынан ойып алып, бірнеше мақала әзірледім. Әуелгісі – Асан Қайғы. Қисығын, қырсығын сыпырып тастап,– таптық тұрғы әзелден жоқ,– шағын, әдемі мақала жасадым. Үйде өз қолыммен мәшіңкеге түсіріп, “Білім және Еңбек” журналына апардым. Мұнда бөлім бастығы болып, ол кезде жасы қырықты алқымдаған Бүркіт Ысқақов отыр екен. Менің жайымды сұрап, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет тарихынан көлемді зерттеу жазып біткенімді естіп, риза болып қалды, тілектестік білдірді. Бүркіт аға қабыл алған “Асан Қайғы” деген мақала “Білім және Еңбек” журналының 1966 жылғы 2-санында басылған еді. Мен үшін кезеңдік мәні болған, қуаныш әкелген мақала. Бірақ бұл – кейін. Ал қазір алдым тас қабырға болатын. Жол ашу, сына табу керек еді.

Қамал бұзар мақала “Қазақ әдебиеті” газетіне дайындалды. Он сегіз парақ. Хандық дәуірдегі әдебиеттің негізгі тұрғылары баяндал­ған. Орталық тұлға – осы уақытқа дейін аты да, заты да белгісіз Қазтуған – Доспамбет – Шалкиіз. Басқалар да аталады. Ұлттық әдебиет үрдісінде осындай бір тұтас дәуір бары, оны ұлы тұлғалар жасағаны, енді атаулы кезең – әдебиет тарихына енуі, түбегейлі танылуы қажеті негізделген. Соншама қазына бар. Бірақ сұқ көзден, сұғанақ ұрыдан сақтанып, ұлы жыраулар мұрасының архив көздерін нақты нұсқамадым.

Менің көңілім сергек, көкірегім ашық еді. Жасың жиырма бесте. Денің мықты. Ұланғайыр жұмыс атқардың, елеулі еңбек жазып бітірдің. Қандай бөгесіннен болмасын бұзып өтіп, ойлаған мұратыңа жетесің. Тек… сенің бар болашағың, сен ғана емес, аруақты баба­ларыңның екінші, мәңгілік ғұмыры, бүкіл әдебиет тарихының жаңа шежіресі бір ғана кілтипанға – жол ашар жалғыз мақалаға тіреліп тұр. Үлкен үміт орнағалы он-ақ күн, 6 август, 1965 жыл, ертемен тұрып, Университетке барар жолда, бас почтамт қасындағы киоскіден “Қазақ әдебиеті” газетінің кезекті санын сатып алдым. Иә! Ол кезде қос парақ, көлдей болып шығатын газеттің ішкі бүктеуін ашып қалғанда, екінші бетте, екінші беттің төменгі жартысын түгелдей басқан, жарым дүниені жапқан… туырлықтай мақала тұр екен. Мұхтар Мағауин… Әдебиетіміздің тарихы… “Әдебиетіміздің тарихы жөнінде бірер сөз”. Бір сөз емес, бар сөз! Бар сөздің түйіні. Бар сөздің басы. Біздің – Тәңірінің назары түскен, Аруақтың алқауына жеткен Мұхтар Мағауин атты қаламгердің бар сөзінің басы. Алласы ұмыт қалдырмаған Мұхтар Мағауин деген пенденің бар игілігінің басы. Жол ашылды. Енді мені ешкім мұзға батырып, құздан құлата алмайтын еді. Өмір – күрес, әдебиет – айқас; мен сөз өнеріне нық қадам басқан қаншама ондаған жыл ішіндегі бетбұрыс оқиға, жолашар жеңіс – осы, “Қазақ әдебиеті” газетінде басылған, шағын ғана, жинақты мақала болса керек. Бұдан соңғы ұзақ сүргіндер, тынымсыз тартыс, жанкешті ұрыс, бар тіршілік – көтерілген ту астында, құрылған шеп үстінде өтті, ешқандай шегініс мұқалта алмас еді, ешқандай жеңіліс ұсата алмас еді, қайтадан ес жиып, жаңадан күш тауып, бұрынғыдан да қуатты екпінмен шабуылдар едік, солай болды да, ал әдебиет тарихының ежелгі дәуірін байыптаған, қамал бұзған, ту тіккен әуелгі мақала болмаса, сөз жоқ, біздің жиған-тергеніміз талауға түсіп, өзіміз бірталай заман босқындық күн кешер едік. Қайткенде де қазіргі қалыбымда болар едім деп айта алмаймын. Сондықтан да, осы шешуші, түйінді мақаланы қорықпай, именбей, сол кездегі тайғақ ахуал, саяси жағдайды белінен басып, жарыққа шығарған Нығмет аға Ғабдуллинге ғұмыр бойы қарыздармын.

Ақыры, тоң мен сеңді қақырата бұзар мақала шықты, жарқырап күн ашылып, аспаннан Алланың нұры төгілді, бар болашағымыз айқын­далды. Енді осы, «Қазақ әдебиетіндегі» дырау мақаланың дүмпуімен, «Лениншіл жас» газетінде, араға апта салып, қатарынан екі мақалам шықты: «Қазтуған жырау» және «Доспамбет жырау». Әдебиет бөлімін басқарып отырған Жұмекен Нәжімеденовтың қолдауымен.

Сонымен, айналасы бір айға толмай, республикалық беделді баспасөзде үш бірдей мақаламыз жарық көрді. Әрине, жаңаша жағдайымды, баспасөзге кеңінен жол ашқанымды сол күні, сол сәтінде Бейсекеме хабарлап отырам. Өзі де газет, журналды жаңа ғана көрген, менен әрмен қуанар еді. Бұл кезде еңбектің қолжазба, толық нұсқасы да Ғылыми кеңесте шешуші дауыстары бар, үлкен әдебиетте де үлкен орын алып отырған кафедра мүшелеріне табысталған еді. Бір айдың ішінде оқып бітіп, талқылаудан өтсе, қарашаның бел ортасына жетпей, ары кетсе желтоқсанда қорғап шығуға тиіспін. Мен аралық, тыныш уақытты пайдаланып, бір баспа табақ көлемінде автореферат әзірледім, оны аз-маз тиын-тебен төлеп, тіл білетін, университетті бізден бұрынырақ бітірген, орысша жазып жүрген бір таныс жігітке мұқият аудартып, үстінен қарап, бар-жоғын түгендеп, мәшіңкеге таза бастырып, дайындап қойдым.

Енді осы, «ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» деп аталатын диссертация, шын мәнісінде Қазақ хандығы тұсындағы ұлттық әдебиет туралы монографиялық еңбек университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында талқыға түсуге тиіс. Көп ұзамай, межелі уақыты да белгіленген – 11 октябрь 1965.

5

Атаулы күні жұрт қазақ әдебиеті кабинетіне жиналып, мәжіліс ашыларда мен құрметті ағаларымның бетіне бажайлап, барлай, жеке-жеке үңіліп қарап шықтым. Бажайлап, үңіліп қарауым – жиын басталмай тұрып суық сыз, қорғасын салмақ сезілген. Төрде Бейсекең. Қалған жұрт тізіліп, немесе қатарласып емес, қоралай, дөңгелене отырыпты. Бәрі де нық. Бәрі де қатал байыпта. Әскери киімді, немесе беделді бір ресми мекеме мүшелерінен құралған топ дәл осындай біркелкі көрінер еді. Тек… киімдері емес, киім есімде қалмапты, киім әркелкі болса керек, түр-тұлғаларында бәріне ортақ тоңазы жаттық бар, сонымен қатар, әрқайсысының мінез ерекшелігі, даралық сыпаты танылып тұр. Бірі – түтігіп, қап-қара болып отыр. Екінші ағам – сыздай көгерген, қозғалған сайын зілмауыр салмақтан – дене салмағы ғана емес, әдебиеттегі, ғылымдағы салмағынан жаншылған орындық сықыр-сықыр етеді. Үшінші ағам – қабағы тікірейіп, құныса түксиген. Төртінші ағам – көзі шатынап, сұрлана қуарып отыр. Мәжіліс хатын жазбақ, алдына қағаз жайып, қолына қалам ал­ған жасы үлкен замандас әлдене дәметіп, бірдеңе күткен, аңыс аңдаған кейіпте. Кафедрадағы жалғыз әйел жан-жағына қарап, таңдана бақырайып отыр. Жайбарақат – көлденеңнен келген батыр ағам Мәлік Ғабдулин ғана. Осы жақында ғана университетке жартылай тіркелген екен, Бейсекемнің нұсқауы бойынша, екі-ақ күн бұрын диссертацияның бір данасы қолына тапсырылған. Содан соң жетекшім. Шешімталдық па, именшектік пе, аз-маз ғана дегбірсіздік байқалады. Әйтпесе, әдепкі мінезі. Сүйеніш болуға тиіс, қолдан қанаттандыруға тиіс ағаларымның сұқытын көрген соң, бойым­ды жинап алдым. Реніш емес, ыза, сескеніш емес, сес пайда болды. Ол кезде қазіргі, қайтқан, қажыған заманым емес, ештеңеден тайын­байтын едім. Кейін талай майданға түстік, алмағайып, ауыр жағдайлар болды, соның бәрінен тірі ғана емес, еңселі, мерейлі шықтық. Бірақ балаларыма айтып отырам, енді жазудың да сәті түсті, аса күрделі, ұзақ өмірімдегі ең үлкен шайқас – сол, 1965 жылы, 11 қазан  күнгі, менің бар, иә жоқ болуымды шешкен ұлан-асыр ұрыс; ең үлкен жеңісім де сол екен.

Мәжіліс ашылды. Бейсекең тақырып мәнісін, яғни бұл – кафедраның бес жылдық жоспарлы жұмысының бір тармағы екенін, менің жөнім, яғни осы жұмысты мезгілінен бұрын жазып бітіргенім, кейбір тарауларын, негізгі тұрғыларын баспасөз бетінде жариялап үлгергенім, кандидаттық минимумдардың тапсырылғанын, ендігі шаруа бүгінгі тал­қыға тіреліп тұрғанын, өзінің ризашылығын айтты. Бұдан соңғы сөз кезегі маған тиесілі екен. Мен көп созбадым. Айналасы он минут шамасында жұмыстың негізгі тұрғыларын баяндап шықтым. Ешкім аяқ баспаған жер еді, бұрын алай екен, енді былай болды дегем жоқ, аштым, таптым, анықтадым дегем жоқ, именгеннен емес, әдеп сақтағаннан емес,– ашқанымыз, тапқанымыз, шалағайды жетілдіріп, кемісті толтырып, бардың өзін жаңаша байыптағанымыз соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр: қанша білімдар болса да, бұл ағаларым мен алдыға тартқан жыраулардың ешқай­сысының атын да естімеген; талдау, байыптау, толғау мен түйін өз алдына. Бірақ көпті көрген қасқалар ештеңеге селт етпейді екен. Немесе, олардың көңілін аударған – мүлде басқа нәрсе. Басқа тұрғыдан қарайды, басқаша ойлайды. Тұнжырай түнерген қалыптарынан жазбады. Тек бір нәрсеге ғана аз-маз таңырқады ғой деймін. Таңырқаған сыңай білдіріп, қабақтарын кергендей болды. Мен әуел бастан, өзіміздің ажары ашық Абай тұрыпты, жүзі жабық Шәкерім, сөзі тежеулі Шортанбай, Дулат, Мұраттар тұрыпты, әрқилы эпос үлгілері өз алдына, бүкіл әлемдік поэзия –“Фауст” пен “Евгений Онегинді”, Байрон мен Лермонтовтың, Хәйне мен Мицкевичтің жүздеген жыр шумағын, мыңдаған өлең тармағын жатқа айтар едім, қажет болса, “Илиада” мен “Одиссеядан” да суырып берер едім, жас ғұмырымның бар нәрін салған, апталар, айлар бойы ежіктеген жыраулар деніммен, жаныммен біте қайнасып кеткен, құдыреті сондай, алғаш оқығанда-ақ мәңгілік бедермен, түгел жатталып қалған, мен өзімнің қысқаша сөзімнің барысында қисынына қарай, Қазтуған мен Доспамбеттен, Шалкиіз бен Ақтамбердіден, бәріміз білеміз деп жүрген Бұқар жыраудан суыра толғап, біраз сөз келтірсем керек, мұндайды көрмеген ағаларым мен қажетті бір үзіктерді арнайы жаттап айтты деп санаған тәрізді, яғни, сиқырлы жыр жолдарының өзін қабылдамаған, менің лепесім жат, жасанды көрінген, өшпенділік қабындай түскен. Оны да сол сәтінде аңдадым. Аңдадым да беки түстім. Бұл кісілерден ешқандай рақым, мейір, жақсылық күтуге болмайды екен.

Әуелгі сөзді екінші ағам бастады. Табиғатында сабырлы кісі еді, әлденендей дегбірсіз, қыстыққан ашу бар. Мен ұсынған қолжазбаның сыртқы сыпатын мадақтаудан бастады. Әдемі басылған, көркем түптелген. Аспиранттың пәленбай томдық шығармалар жинағының алғашқы кітабы тәрізді. Шынында да кітап. Баспадан шыққан кітап сияқты оқылады деп бір кетті. Содан соң, диссертацияның кафедра мәжілісіне талқыға түптеп ұсынылуының өзі – аспиранттың мықтылығын, өзіне сенетінін көрсетеді, ал сенім – тас жарады, бас жарады деп тағы кетті. Бұдан соң жұмыстың жазылу тәсілін, тіл көркемдігін майын тамыза, мөлшерден асыра, әдемі, сырлы, жылтыр сөздермен сыпыра сылап, аспандата мадақтап өтті. Жазудан шығып, өзімізге көшті. Бір ғұлама айтқан екен, деді, дарын – сұйықтық, мінез – ыдыс деп. Тауып айтқан. Міне, қандай да бір дарынның кәдеге асуы –мінезге байланысты. Жайпақ ыдыс болса, тесік ыдыс болса, түкке жарамайды, төгіледі де қалады, деп, иегін көтеріп, әуелі Бейсекеңнен бастап, Мәлікке тоқтап, отырған жұртты түгел шолып өтті, содан соң маған тік қарады да, қайтадан жоғары,– Бейсекеңнің столына түйілді. “Мен бұл жігіттің мінезі қандай екенін білмеймін,– деді,– ал таланты…– тағы да мәнді, мағналы пауза,– таланты – теңіз!” Мен ғұмырымда бұдан зор мақтау естіп көргем жоқ. Сірә, естімеспін. Кейін, жоғалған пышақ жөнімен, әлдекім  мұхитқа теңеп жатса өзі біледі. Оны көрмеспіз. Көргенім, естігенім – жаңағы. Тоқсан жылға жететін толғам. Бірақ… университеттің есігін ашқаннан дәрісін тыңдаған ұстазым – әлхамынан бастап, бар сөзінің нендей мақсатпен айтылып жатқанын аңдап отырмын, бұл теңіз – мені батырып, тұншықтырып, біржола ағызу үшін, көзімді құртып, жоғалтып жіберу үшін керек болып тұр. Мен жымиып күлсем керек, ұстазым оқыс шытынап, бұдан соңғы сөзін зілді салмақпен айтты. Талдау аз, тамсану көп. Бірақ бұл да талант. Шалкиіз киіз болып жерде иленіп жатады, ал біздің жігітіміз оны найзаға көтеріп, күнге жақындатып қояды. Әлгі… Тайыр ақынның айтатыны бар еді ғой: “Дулыға сыймас басыңа,– Биік күн келдім, қасыңа…– Советтен ұшқан қыранмын!” – деп. Сондай қыран. Өлеңде, поэзияда жарасымды, ғылымға үйлеспейді. Оның үстіне, объектіміз қара жерде, топырақпен араласып жатса… Міне, осылай кете береді. Аспиранттың кейіптеуінше, Қазтуған деген – керемет. Доспамбет, тіпті, күннен де озып, басқа галактикаға кетіп қалады. Солай болса қуанар едік, ал осы екеуінің өлеңдері де мардымсыз, мардымды болса да, соншама қолпаштауға татымайды. Бұқар жырау – ойшыл, философ депті. Ол рас. Ойшыл, философ. Бірақ қандай ойшыл, нендей философия; философия емес, бұл – Бұқардың тақиясына сыймайтын ұғым, әрқилы көзқарастардың жұрнағы, қандай жұрнақ? Кімнің сойылын соғып, кімнің жыртысын жыртады? Аспирант бұл жағын аңдамаған. Қызық қуып, тамашалап кете береді. Ақындардан өтіп, саяси қайраткерлерге – хандар мен билерге баға береді. Жүсіп – ұлы би депті. Ұлылығы неде? Мұндай ұлы биді біз білмейміз. Осы секілді басқа мәселелер де бар. Мұншама жайылып кетпеу керек еді. Нәтижесінде, сыдырта мақтау, өңшең бір мінсіз ақын, жы­раулар тізіліп шыққан. Марксизм классиктері, ұлы көсеміміз Ленин… көркем әдебиет туралы ілім бізге нені үйретті? Қандай тағылым берді? Бірыңғай ағым дегеннің мәнісі неде? Таптық көзқарас деген… әншейін жарнама ма? Жоқ! Рас… партиямыздың XX съезінен соң, өткендегі тұрпайы социологизмнің тамырына балта шабылды. Ол – қателік болатын, асыра сілтеу, лениндік ілімді бұрмалау болатын. Бірақ… әдебиетке, өнерге, өткенге көзқарастың негізі… өзгерді ме? Өзгерген жоқ. Өзгермейді де. Өйткені… “Марксизм күшті, құдыретті, өйткені ол –ақиқат шындық!”– демекші… Ұстазым зорлана күліп, тағы да жұртты төбесінен шолып өтті. Содан соң маған қадала қарап тұрып, зілді сөзін тәмамдады: “… Арғы жағына бармай-ақ қояйық!..” Бұл домбытпасыз-ақ, айтар сөз түгел айтылды. Өте тайғақ, әрі ауыр айып тағылды. Қылмысты істердің бабы сияқты. Мәселенің өзім ойлағаннан әлдеқайда қиын әрі күрделі және  қат-қабат астарлы екенін аңдадым. Басқаның  бәріне әзірмін, дәл осындай айып тағылады деп ойлаған жоқ едім. Әсіресе, осы кісі тарапынан. Мені қалай талқандаудың тео­риялық негізі жасалды, ендігі жерде жағдай бұдан әрмен шатысып, бұдан әрмен матасып, ушыға түсуге тиіс еді. Шынында да солай болды.

«ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» атты диссертация, кейінірек ғылыми аппараты жеңілдеп, «Қобыз сарыны» монографиясына айналған, өзгеше тұрпатты еңбектің университеттің қазақ әдебиеті кафедрасындағы әуелгі талқысы туралы мен «Қия жолдар» мемуар-романында бажайлап жазғам. Артықша қайталамай-ақ қояйын. «Екінші ағам» деп аталған Зейнолла Қабдоловтан соң, Бірінші ағам, одан соң Үшінші, Төртінші ағаларым, яғни манағы Бейсекең белгілеген тізбе бойынша Ханғали Сүйіншәлиев, Есмағамбет Ысмайылов және Белгібай Шалабаев қатарымен, ренішті, кейісті әуенде сөйлеп шықты. Ешқайсы да жұмыс жарамсыз деп айтпаған. Алайда… Әйткенмен… Сонда да… Негізі теріс, дәлелсіз қаншама ұсақ-түйек кінәратпен қатар, әуелгі арбаның ізімен, ауыр айып таққан – саяси жағы солқылдақ екен. Диссертантты құлатудың ең төте, оңай, әрі ұтымды жолы.

6

Мен университетке он жеті жасымда келдім. Мұрты тебіндеп үлгермеген бала. Ұстаз деген ұлағатты сөз – Бейсекеме ғана тиесілі, бірақ қалған жұрттың – осы отырған доцент, профессор, әдебиетші, жазушы қасқа мен жайсаңның алдынан өттім. Жақсы жүрдім, жаманатым шыққан жоқ. Бірден аспирантураға қалдым. Бес жыл студент, үш жыл аспирант – сегіз жыл бойы қыздай сызылдым. Көлгірсу емес, жасы үлкен алдындағы әдеп. Кафедрада түрегеп сәлем бердім, көшеде қол қуысырып иба білдірдім, ешқайсысының алдын кесе көлденең өткем жоқ; қараптан-қарап жақпай қалатын, әдеби ортадан аулақ, жеке-дара тіршілік кешіп жатырмын, жазғаным ұнаспады дейтіндей, қанша құлшынсам да, баспасөзге өтпей келдім. Ал соңғы үш жылда осы, алдарына тартылып отырған жұмысты жеріне жеткізуден басқа тіршілік болмапты. Міне, ұсындық. Басқасын айтпағанда, қаншама жаңалық дерегі бар. Әдебиет тарихындағы жаңа сөз демесін, қопарыпты, төңкеріпті демесін, мейірленбей-ақ қойсын, жан салып қолдамасын,– қайткенде де, қарсы болмауға тиіс еді. Ғылым мұратын жинап қояйық, адамдық ар-ұят  қайда. Сегіз жыл бойы алдарында жүрген, үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас баланың обалы… Ойламайды. Жақсымен жақтасудың орнына қастасуды ғана білген адам ешқашан обал, ұятты ойламайды.

Пендешілікті қойып, турасына көшсек, ең мәнді сауал – осы, қаз-қалпында, тек ғылыми сілтемелері ғана шектеліп, “Қобыз сарыны” деген атпен кітап болып басылған монографияның әуелгі талқыда жай ғана қарсылық емес, осыншама ашу-ыза туғызу себебі неде? Көрмесін, бағасын білмесін, тіпті, қасақана елемесін делік. Нашар, шамалы ғана еңбек екен делік. Ептеп айтып, мақтамен бауыздамаса да, байыбымен тоқтатуға болар еді ғой. Мен буынған ыза, ыза емес, өшпенділік, өшпенділік емес, қайнаған кек көрдім. Мұның бір себебін “Шытырманда” байыптағандай едік, сыпайылап айтсақ, қабылеті орташа, кісілігі одан да төмен адам – дабыраға ілініп кеткен далбайға табынады, жалындап келе жатқан жасты көтере алмайды. Тану үшін, бағалап, бас ұрмай-ақ қой, байыбын аңдау үшін үлкен қабылет, айрықша көрегендік шарт емес, адамдық ар, мұсыл­мандық иман болуы керек.

Хош. Біздің төрт ғасыр бойғы қазақ рухын арқалады деген еңбегіміздің әуелгі қабылы осындай болды. Шамырқандық – шамданбадық. Ширықтық – шектен шықпадық. Ой мен байып тең түсті. Қайрат кенересіне толып, батыр бабамның қарсы келген некеске қылыш шабар сәтіндегі қуатын ғана сезіндім. Жүрек лүпілсіз, тамыр салқын. Еңбек қорғау, атақ алу қиыстап барады. Жалынғанмен жан қалмайды екен. Осы уақытқа дейін қыбын таппағанда, енді қайтсем де ұнамаймын. Қайтсем де бұдан артық шетке шығарылмаймын. Дәл өздері салып берген жоба бойынша, ағаларымды кезекпе-кезек жайпап, тапап шықпақ болдым.

Бұл кезде протокол жазып отырған жігітіміз тіріліп, кеңеске кірген. Өзінен бұрынғылар дұрыс бағалап отыр. Басқа да кінәраты көп. Жетпегені көп. Мәселен, Мұрын жырауға бір тарау арнау керек еді. Сыпыра жырауға бір тарау арнау керек еді. Айтылған сынның бәрі орынды, мақұлдаймын деді. Оның мақұлдауынан өзгергелі тұрған ештеңе жоқ. Мақұлдамаса да ештеңе бүлінбейді. Нағыз бүлдіретін адам енді келе жатыр – Мәлік Ғабдуллин. Ежелгі мұраға солақай сынымен 1951-1952 жылдардан танымал өзгеше кісі.

Мәлік Ғабдуллин… Мәлік аға байыппен орнынан тұрды. Алдында жатқан, түптелген, қалың қолжазба кітабымды алақанымен басты. “Жұмыс мынау. Бажайлап, бастан-аяқ, түгел оқып шықтым. Бір түнде бітірдім, бас көтермей оқыдым. Осы кеше ғана”,– деді. Әлденендей жазу жазылған, шетінен қыстырғышпен бекітілген екі парақ ақ қағазды жоғары көтерді. “Мынау – менің түйінді пікірім емес, алдынала жасаған ескертпелерім. Екі бет, жиырма… жиырма тоғыз ескертпе. Мұның бәрі мін емес, сын, ойласу. Көбін түзетеді, байқалмай қалған әріп қателері. Оған дауласпас. Одан ары… кейбір ой, пікір, түйіндерге байланысты. Бұл – менің пікірім, менің білгенім. Дұрыс дегенім. Осыдан бастайтын едім, осы арада біразын оқып бермек едім, енді өйтпеймін, аспиранттың өз қолына берем. Міне, ала ғой… Үйіңе барған соң оқып танысасың. Үй бар ма еді? Жоқ шығар әзір. Үй дегенде, қазыналық пәтер. Келіншек бар ғой. Бар ма? Жөн. Сол келіннің қасына барған соң, шай ішіп отырып, жақсылап танысып шық. Қабылдамасаң – өзің білесің. Онда сенікі дұрыс болғаны. Сен арнайы зерттедің ғой. Біз дайын нәрсені сыртынан ғана қарадық. Мәлік ағам айтты екен деп, менің көңіліме қарама. Қалай сенсең, солай жаса. Ал енді, бүгінгі әңгімеміздің жайына көшейік…” Мәлік аға жазыла сөйлеп кетті.

Қуанышқа кенелдім, деді Мәлік аға. Осындай ұлы мұраның сақталғанына, барлығына. Осындай дарынды жас аспиранттың осы ұлы мұраны жинақтап, зерттеп, осындай тамаша еңбек жазып шыққанына. Бұл – сөз жоқ, әдебиет тарихындағы елеулі құбылыс деді. Сонымен қатар, сіздер айтып жатырсыздар, мен де айттым, ана қағазда, кемшіліксіз жұмыс болмайды, мына Мұхаңда да (солай, “Мұхаң” деді) бар, түзесін, ойлансын, бәрін бірдей қабылдамас, өзінің де ойы бар жігіт, мүмкін біздікі қате шығар, қайткенде де талапты жігіттің алдынан керме құруға болмайды. Қорғауға жіберейік. Осында ешкім де жұмыс жаман деген жоқ, қорғауға бармасын деген жоқ, бәріңіз де көтеріп мақтадыңыз… ал әлгіндей… бір… жастықтан, аңдаусыздан кеткен кінәраттар болса, оны тағы да ойлансын; мен өзім бір кезде бұл тарапта белсенді болған адаммын, білесіздер, Мұхаңның – үлкен Мұхаңның алдынан қайыра өтіп, кінәмді жудым деп жүрмін, бас жағына бармайық, мен мұқият оқыдым, ондай, әлденеге қайшы келетін ештеңе көргем жоқ… Байыпты, алды-артын түгел ойлап жазған… Қорғасын. Жұмысты осы қалпында қорғауға жіберуге әбден болады деп түйіндеді Мәлік аға.

Сонымен, рухани тайталасты – қантөгіс ұрысқа теңесек, қаруы сай, қуаты мол, шаршап, шалдықпаған тың, әрі қайтпас ер, тұтас бір түмен әскердің тұтқиылдан, төтеден көмекке келуі біздің қан майданда қирата жеңбесек те, абыроймен шығуымызға септесті. Оны бірден аңдадық, бірақ жаңа айтқандай, ашуымызды тежесек те, арынымызды баса алмадық. Соңғы, жауап сөз кезегі келгенде, сабырмен болмаса да, салмақпен айтқан сияқтымыз. Кіріспе сөзімізден ұзағырақ болды, ағаларыма бас-басына тиесілі сыбағасын үлестіріп шықтым.

Осыдан соң ғана ең негізгі саяси айып – бірыңғай ағым және таптық көзқарас, яғни, әуелгі ағам бастап берген межеге жеттік. Қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін, шимайлы түйін де осы еді. Шимайлы түйін емес, домбыққан жара. Шертіп қалса, астынан сасық ірің ақтарылады. Мен бұл күнге дейін өз басым саяси талқы, қапас түрме көрмесем де, Алаш азаматтарының қалай айдалып, қалай атылғанын жақсы білем, әсіресе, соңғы, 1949-1951 жылдарғы зобалаң жайын мұқият тексергем, ұлтшылдық сақтық-сауатым өте жоғарғы еді. Менің жұмысымда башпандай бас салатын көпе-көрнеу пәле жоқ, соның өзінде тимесе бұтаққа деген долбармен көр аузына қарай итеріп отыр. Байқап сөйлемей болмады.

Ағамның жоғары бағасы мен көтерме мақтауына рақмет деп бастадым. Теңізбін деп ойламаймын, өз орнында тұрған бір тостаған болсақ та жарар еді, мына жұмысым мәреге жетер еді. Бейсекем жымиып күле бере тез қатайды. Жаңа айттым, біз өткендегі тарихи тұлғалардың ешқайсысына баға бергеміз жоқ, нақты деректерді ғана келтірдік, Абылай туралы да, Есім хан туралы да, басқалар туралы да. Ал “ұлыби” деген – Ноғай Ордасы әміршілерінің атақ дәрежесі, ежелгі Мәскеудегі “великий князь” деген сияқты. Жыраулардың тұлғасы – олар жасаған тарихи кезең ауқымында. Олар жыр толғаған заманда Маркс те, Энгельс те әлі тумаған болатын. Әдебиет теориясынан оқуымыз бойынша, бірыңғай ағым – сәл басқашарақ сияқты еді. Қайшы­лықты көрмеу, жамандықтың өзін сыпыра мадақтай беру. Көтеш ақынның, Шал ақынның өлеңдеріндегі әлеуметтік теңсіздік мәселесі, Бұқар жыраудың толғауларындағы қоғамдық жағдаяттар – айтылды, талданды. Ал зерттеліп отырған ақын, жырауларды жоғары бағалау – бірыңғай ағым болмайды. Мақтамау мүмкін емес. Орта ғасыр­лардағы жыраулар поэзиясы – қазақтың көне сөзінің мәйегі, ежелгі әдебиетіміздің шырқау шыңы, керек десеңіз, әлемдік деңгейдегі құбылыс. Таңырқамау, тамсанбау мүмкін емес. Біз асыра мақтағамыз жоқ, мақтауын жеткізе алмадық. Міне, қараңыздар дедім де, сыпыра суырып Шалкиізге кеттім, тайпалта жайқалтып Қазтуғанға көштім, күңіренте толғап, Доспамбетпен біттім. Түгел емес, әрқайсысынан үш-төрт шумақ, бірер толғау. Бәріңізге рақмет, ой-пікірлеріңізді ашық айтқандарыңыз үшін. Мәлік ағаға рақмет, бір-ақ күнде оқып, уақыт бөліп арнайы келіп, ықылас-пейілін білдіргені үшін. Бейсекеме ал­ғыс айтам, осынша ауыр салмақ түсірдім. Бүгінгі талқы мен үшін өмірлік сабақ болды.

Бейсекем менің сөзімнің аяғын тосқан жоқ. “Сонымен,– деді, манадан бері дегбірсіз күтіп отырғандай, іліп алып,– сонымен, бәрі сөйледі, Нұртайдан басқа. Дәмеш жоқ…” – Темкеңнің жоғын ұмытып кетті. Аузына лаборанттың есімі түсті. Келін, жазушы Қалихан Ысқақовтың әйелі. – Бәрі сөйледі. Бәріңіздің сөзіңіз бір жерден шықты. Жаңалығы мол, біліп жазылған жұмыс. Кемістік бар. Ханның қызында да болады. Оны ойланады, түзетеді. Сонымен, мен жұртшылықтың пікіріне қосыламын. Жақсы жұмыс. Біліп жазылған… Ендеше, қорғауға ұсынайық. Кафедраның қаулысы: Дәмеш… Кім… жаз: “Мұхтар Мағауиннің “XV-XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары” атты жұмысы кандидаттық диссертациялар туралы талапқа сай келеді. Қорғауға жіберілсін!..” Болды, жиналыс жабық!”

Бейсекем әлдеқайда асықты, немесе, әсілі де сол, менің жауап сөзімнен соң дау қайта қозар деп қауіптенді, апай-топайда тезірек қорытындылап жіберді, асыққаны сондай, мұндай талқылауға тән, ең бір маңызды мәселе – ресми оппоненттер тағайындау жайын да ұмытты, немесе тағы да созбаға түсер, бірдеңе бүлінер деген секеммен аттап кетті.

Жұртшылық қазақ әдебиеті кабинетінен тобымен, түгел сыртқа шықты, ешкім құттықтап қолымды алмады, тез тарасты, Бейсекең екеуіміз ғана, кафедраға келдік. “Бейсеке, қорғамайтын болдым ғой…”– дедім. Түңілгенім емес, нақты осы сәттегі жағдайды айқындағаным. “Неге?..– деді Бейсекең тартпасын ақтарып, әлдене қараған болып.– Қорғауға жіберілсін дедік. Қаулы алдық қой”. “Ол қаулының құны… көк тиын болып тұр ғой” Бейсекем басылып, төмендеп қалды. “Рақмет, Бейсеке,– дедім.– Қаулыны сіз алдыңыз. Қалған жұрт… Ертең Ғылыми кеңесте дәл осылай белсеніп сөйлейді. Сөйлемесе де қарсы дауыс береді. Оған сырттағы жұрт қосылады”. “Өзің сондай күйрек екенсің,– деді Бейсекең. Күлгенде бет-аузы әжім емес, тарам-тарам, жол-жол сызық болып кететін. Күлгені ме, ренжігені ме, белгісіз. Маған тік қарады. – Сұлтанмахмұтты білесің ғой. “Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең”– деген. Рас қой. “Тәуекел, күреске түс, бар дағы жең” деген. Жеңгенің сол. Жазып бітірдің. Жақсы жаздың. Басылып жатыр. Дұрыс па? Дұрыс… Ендеше… күшің жетеді, қалғаны өз жөнімен шешіледі. Протоколыңды дұрыстап жаздырып ал. Бітті, уақытында орындады деп есеп береміз. Содан соң… Кеңесте қанша мүше? Жиырма сегіз бе? Бас-басына сөйлесеміз. Кәкен ағаң бар – Аханов. Білетін жігіт. Нойыс, бірбеткей. Ешкімге көнбейді, біраз жұртты соңынан сүйреп әкетеді. Махмұдов бар – Хайролла. Қалған орыс-орман бәрі тыңдайды. Дұрыс па?” “Дұрыс…– дедім мен қартымның көңілі үшін зорлана жымиып. Ішім сұп-суық. – Дұрыс, Бейсеке”. Бейсекем мәз болып күлді. “Дұрыс қой…” Иә. Бір өзбек айтқандай, билет қалтада, пойыз күте тұрады. “Дұрыс”. Ішім жыли бастады. “Дұрыс, Бейсеке… Мәлік аға адам екен ғой!” “Өй, жаңа білдің бе. Мәлік деген… ол… Мәлік қой. Адамның патшасы… Айтпақшы, келіннің аяғы жеңілейді ме?” “Иә,– дедім. – Бүгін… жиырма бір күн, кішкентай қызымыз бар…” “Қыз ырыс әкеледі,– деді Бейсекең. – Атын кім қойдыңдар?” Үміт. “Міне, көрдің бе, үмітің үлкен екен. Бауы берік болсын. Келесі баланың атын Сенім қоясыңдар ма, ұл туса?” Мағжан қоямын дедім. Бейсекең ойланып, сәл күмілжіп қалды. “Сол Мағжан туғанша қалай да қорғайсың!”– деді содан соң.

Иә. Мағжан туғанша. Бір жыл?.. Тым шұғыл. Бес жыл? Ұзақтау. Үш жыл да көп. Екі жыл. Мен екі жыл деген меже қойдым. Құдай берсе, әлі елесі де жоқ нәрестенің дүниеге келу мезгілін емес, жасалған, тұлғаланған, қолда тұрған еңбектің бағы жанар межесін.

Шынында да, екі жылға толмай, жиырма үш ай дегенде Мәскеудегі Жоғарғы аттестациялық комиссия бекіткен кандидаттық диплом қолыма тиді. Мағжан осының алдында ғана, екі ай бұрын туған. Одан үш ай бұрын бар бөгесіннен өтіп, Ғылыми кеңестің ресми мінберіне жетіп едім. Бейсекем болжаған күні – алда ауыр күреске толы бір жарым жыл тұрған. Анығын айтсам, күпірден сақтанып, тежеулі кідіріс уақытын ұзартып белгілеген едім, дәп сол сәтте, жағдайым қанша қиын болса да, әлі де он сегіз ай сүргін кешем деп ойлағам жоқ. Жас кездегі уақыт өлшемі басқа. Бәрі жөн, бәрі хош болған күннің өзінде, ол он сегіз ай – кемі үш-төрт жылға, бәлкім, бес-алты жылға татыр еді. Салмағы ғана емес, созылымы. Бірақ өлмеген адам бәрін де көреді екен.

7

Екі дай сезіммен үйге қайттым. Не әрі емес, не бері емес, әйелге ештеңе айтпадым. Бітпеген, белгісіз іс. Жаңа мақалалар дайындамақ едім,– зауқым соқпады. Ертеңіне, отыра алмай, үйден шықтым, сенбі, университетте жұмыс күні, мәжіліс хатын алып, аспирантураның құжаттарын түгендемекпін. “Мәжіліс хатын не деп жазамыз?”– деді ассистент ағам. “Не деп жазғаны қалай?” “Жұмысың өткен жоқ”. “Құлағың естімей қалған шығар,– дедім.– Ұсынылсын, қорғауға жіберілсін деп, анық айтылды. Оған жұрттың бәрі куә”. “Сен бастан-аяқ жамандалдың ғой. Сонда, жамандағанын жазамыз ба? Онда, қорғауға жіберілсін деген қорытынды қалай шығады?” “Оны Бейсекеңнен сұра,– дедім.– Жұрттан сұра. Мен бастан-аяқ мақталдым”. “Қалай мақталдың?” “Таланты теңіз деді, таланты теңіз деп жаз. Көзі тірісінде Әуезовтың өзі олай мақталған жоқ”. “Соған сенесің бе?”– деді. “Бұрын көл, дария деп ойлаушы едім, енді үлкен кісі айтқан соң сенуге тура келеді. Солай. Сенің міндетің – талдау емес, таңбаға түсіру. Солай деп жазып бересің”. “Жаз­баймын”,– деді. “Жазасың. Қазір теңіз деп жазасың. Кейін, ақылың жетсе, мұхит деп жазуға тура келеді”. “Көрерміз”,– деп, қыржиып жүре берді. Бейсекеңді таба алмадым. Үйіне телефон соққым келмеді. Күпті көңіл, дүдәмал оймен тағы да үйге қайттым. Ақша да таусылып еді, жолай бас почтамтқа кіріп, ауылға, екі адреске қатарынан телеграмма салдым. Үйде кішкентай қызым күтіп жатыр. Әлі бір айға да толған жоқ. Аппақ, әдемі. Көзі үлкен. Мен келгенде ұйықтап жатыр екен. Алып, бауырыма бастым. Оянып, тана көзін төңкеріп, маған қарады. Жүрегім де төңкеріліп түсті. Бұл баланың, бұдан соңғы балалардың өмірі басқаша болады, мен көрген қиындықты көрмеуге тиіс, ұлттық мұрат, атақ-даңқ, биік дәрежені былай қойғанда, мен ең алдымен осы, өз ұрпағымның болашақ жарық күні үшін күресуім қажет еді. Мен қайткенде де Алматыда отырып, ақырына дейін айқасуға бел будым.

Келесі дүйсенбіге дейін үйде жатпақ болдым. Бірақ жата алмадым. Мәжіліс хатын алу керек еді. Аспирантураның теориялық курсын бітірді деген қағаз алу оңай, аспирантура бөліміне барам да, алам, диссертациясын бітірді, қабылданды, қорғауға жолданды деген қағаз керек еді. Көңіл үшін ғана емес. Алдағы он күнде тапсырсам, уақытында тәмамдалған жұмысқа көтерме ретінде бір айдың стипендиясын тағы береді – алпыс сегіз сом, көп ақша. Айдың аяғында соңғы стипендияны алам, екеуін қосқанда, анық бір жарым ай қамсыз тіршілік кешуге болады, пәтер-ақыға да, ас-суға да жетеді. Университетте, сабағының үстінен ұшырасқан ассистент тағы да қашыра бастап, қыжырта сөйледі. Жақсылап жазуға сөз таппай жатырмын деді. Үлгермей жатырмын, уақытым жоқ деді. Ақыры, сені көтеріп өткізуге мен міндетті емеспін деді. Бұдан ары тәжікелесудің мәні жоқ еді. Бейсекеңе бардым. “Апыр-ай, неден қырсықты”,– деп, аңырып қалды. “Көп ит көк итті талап жатқанда, бұралқы қанден неге қозбайды”, – дедім мен. Бейсекең кәдімгідей ренжіп қалды. “Мұхтар, осы сен кейінгі кезде тым ірі сөйлейтін болып барасың,– деді.– Әнеукүні, талқы кезінде де артығырақ кетіп қалдың. Дау қайта қоза ма деп қорқып отырдым. Міне, енді осылай болды”,– деді. “Бейсеке, дауды кім бастады? Мен тыныш едім ғой. Кәріп жолы қайсы деп, отырғам. Түп көтеріліп, тарпа жабылды. Айтқандарының ешбір қисыны жоқ. Саяси айып тағуға дейін барды. Үндемей кете берсем, мүлде құлап қалатын едім ғой. Мен қорғандым, әдептен асқам жоқ”,– дедім. “Өстіп, тым тік жүресің”,– деді Бейсекең. “Бейсеке, кішіпейіл, биязы адам мендей болсын,– дедім.– Міне, университет табалдырығын аттағалы сегіз жыл, қашан, кімнің алдынан шығыппын. Күні кешеге дейін, бас-басына иіліп сәлем бергеннен өзге не жазығым бар. Әлде, табан жалауым керек пе еді?” “Жалама…”– деді Бейсекең. Мен амалсыз күлдім. “Жаласам да жан қалмас еді. Бастаған мен емес. Бірақ аяқтайтын мен болам!” “Дұрыс!..”– деді Бейсекең де басылып. Менің сөзімді қай мағнада түсінгенін білмедім. “Айтпақшы, осы сен Сұлтанғалиға сілтеме жасадың ба?”– деп сұрады. “Неге жасауым керек? Оның қанша қатынасы бар?” “Эпостан қорғады ғой”. Менің тақырыбым – фольклор емес. Ешқандай қатысы жоқ. Мұрын жырау туралы айтылды, орайына қарай. “Сол Мұрынға қосып, мені де айтпады деп тұр. Бар гәп сонда”,– деді Бейсекең. Мен аңырып қалыппын. “Мен ешкімнің атағына, жөніне орай сыбаға үлестіргем жоқ, тақырыпқа қатысына ғана қарадым”. “Дұрыс,– деді Бейсекең.– Өзім сөйлесем. Мәжіліс хатын жазып береді дұрыстап”.

Тағы да күпті көңілмен үйге қайттым. Келдім де, тура бір тәулік төсек тартып жаттым. Ауырғам жоқ. Буын-буыннан әл кетіп, жаттым да қойдым. Аталмыш күні, бой көтерсем де, тым сергек емеспін, бар күшімді жинап, Университетке бардым. Маған мәжіліс хаты керек. 1 ноябрьге дейін аспирантура бөліміне өткізуге тиіспін. Бір айлық қосымша стипендия үшін ғана емес, қасиет-намысым үшін. Бітіргенім – рас, қорғауға ұсынылғаны – тағы рас. Ертең құлататыны – ол ертеңгі іс. Ал бүгін мен үшін аса мәнді қорытынды қағазды алуым қажет. Әділдік жөні де сол. Бейсекең көңілсіз екен. Протоколға неге сонша асықтың деді. Қорғауға жіберілді деген өзіңіз емес пе? Жібердік. Бірақ мыналардың абыр-сабыры басылсын. Бұлардың абыр-сабыры менің сүйегімді мүжігенде де басылмайды дедім. Бірақ көреміз, кімді кім мүжитінін. Бейсекең менің бетіме қарады да қойды. Мен де жұмсарып, мән-жайды айттым. “Онда…– деді Бейсекең,– Рымғали жазсын. Сол неге кешікті?” “Маңызды шаруасы болған,– дедім.– Басқа біреу жазсын деп ойлаған. Енді ол жазса да дау. Басынан қатысқан жоқ, орта жолдан қосылған деп арыз айдайды”. “Өзің жаз!” – деді Бейсекең. “Диссертанттың өзін өзі мақтауына бола ма?”– дедім енді мен қырсығып. Бейсекең ренжімеді. “Болады. Қол қоятын мына мен ғой, кім жазса да. Әлде мен жазады деп отырсың ба! Түстен кейін жазып әкел”. “Бүгін үлгермеймін,– дедім.– Бірталай жұмыс”. “Асыққан өзің ғой. Онда… әзірге түгел жазып керегі жоқ. Қысқаша жаз. Аспирантура бөліміне ғой. Мәжіліс хатынан үзінді. Қатысқан – мыналар, сөйлеген – мыналар деп санап шық та, қаулыны жаз. Жиыны жарты бет. Сағат үште келем. Қол қоям. Апарып тапсырасың…” Мен қайтадан үйге барып, мәжіліс хатының қажетті үзігін қағазға түсіріп, қолма-қол мәшіңкеге басып, одан кафедраға келіп, Бейсекеңе қол қойдырып, Университеттің аспирантура бөлімінің бастығы Званцев деген, басы үлкен, денесі зор, добал таяқты, өңі салқын, бірақ тәрбиелі, таза шал еді, соның қолына тапсырдым. Қатты қуанды. Қандай жақсы, міне, азамат, қорға, тілектеспін деп жатыр. Біріншіден, қорғау нәтижесімен бітірген аспирант – бөлімнің жұмыс көрсеткіші, екіншіден, үш жыл бойы, әртүрлі құжат жөнімен әлденеше рет алдынан өттік, көзкөрген, яғни, кәдімгі, адамның адамға тілектестігі. Орыс па, орман ба, осы бейсауат шалдың кісілігінің бір бөлшегі дарыса, менің кешегі туысқан ағаларым аттан емес, алақаймен өткізетін еді-ау деп ойлап, мүлде қатайып алдым.

8

Мұндай алмағайып жағдайда мен жападан-жалғыз, қорғансыз қалуға тиіс емес едім. Түріктің Тәңірі, Алаштың Аруағы бәрін көріп отыр екен. Үшінші күні сес берді, хабар айтты, он жеті күн толғанда астыма ат мінгізіп, қолыма қылыш ұстатты: күш-қуат, қолдау-демеу – туа біткен еншім. Енді көзбен көріп, құдыретін тануға тура келген, сенім бекіп, қайрат қабындай түскен.

Кафедрадағы қым-қиғаш талқыдан соң, арада небәрі үш күн өткенде,14-октябрь күні мені ғана емес, мен арқалаған, бәлкім, мені арқалаған, шынында да солай, бәрі жабылып, қансырамасам да қатты жарадар болған, тас қабырғаға маңдайым тиіп, мәңгірмесем де дағдарып тұрған мені демеуге біржола ден қойған жырау аталарым алдымнан қасқа жол ашарын, әрине, нақты білгем жоқ. Жарым әскерінен айрылып жеңіске жеткен Эпир патшасы Пирр сияқты, келесі қадам, келесі ұрыстың байыбын барлап тұрғам. Алды-артымды жинақтадым, төрт дана диссертациямды түгел алдым, енді анда-мында мақала тасу керек. Ол өтеді – өтпейді. Жұмыс іздеп көру керек. Оның қисыны тағы аз. Ең дұрысы – Семейге кету. Пединститутқа. Ұзынқұлақтан естуімше, орын бар. Әрі келіншегің үзілген оқуын тәмамдайды. Бірақ Алматыдан, орталық баспасөзден алыстаймын. Мұндағы сұғанақ ағам ай бойы отырып, түгел көшіріп алды. Енді бой-бойымен бастырады да отырады. Байбаламға қарамайды. Құдайдан қорықпайды. Сенің қан төгіп, мыйыңды сығып жазып бітірген еңбегің итжемеде басқаның иелігіне өтеді. Ең қиыны осы еді. Мен қайткенде де Алматыдан кетпеуге бекіндім. Келер айда ауылға барып қайтпақпын. Кемпір-шалдың барын сыпырып әкелемін. Одан соңғы ілігімді тағы артамын. Айы­на жүз сом жеткізіп тұрса. Шамалары келмейді. Жоқ, бұрынғы мөлшер – алпыс-жетпіс сом. Бұл да көп ақша. Жиырма бес сомын пәтерге, қалғаны айлық сорпа-суға… жетпейді. Жетеді. Арасында өзім де қаламақы, немесе басқа бірдеңе тауып қалармын. Тек уақыт ұтып, ептеп жылжи беруім керек. Қысты өткеріп, жазға жетсем. Жай жатпаймын, жұмысымды бір белеске шығарсам…

Осылай деп шештік. Екі күн ойланып. Үшінші күні еңсемді жазып, қалаға шықтым. Қандай шаруа болғаны есімде жоқ, сірә, еріккеннен, әйтпесе, әдепкі, жай сәлемдесу, Әбішке көшедегі автоматтан телефон шалдым. Әбіш Кекілбаев, курстас, қанаттас, тілектес досым, бұл кезде Мәдениет министрлігінде әлдебір қызметте отыр. “Кекілбаев…”– деймін. “Ау, әй, сен Тұңғышбаймен сөйлестің бе?” “Қайдағы Тұңғышбай?”–деймін. “Смағұлов. Сені іздеп жүрген. Білесің бе?” Іздегенін білмеймін, өзін білем. Университетте бізден бірер курс жоғары оқыды. Орта бойлы, дембелше, ұяң, сары жігіт болатын. Ол кезде бәріміз де мықтымыз, адамдық қасиет өлшемі – дарын ғана деп ойлаймыз, Тұңғышбай Смағұловтың үлкен дарыны, бәлкім, орташа қабылеті де жоқ, бірақ адал, жақсы жігіт екені, имене сөйлеген сөзінен, сыпайы жымиған күлкісінен көрініп тұратын. Мәселе былай екен. Тұңғышбай республикалық теледидарда қатардағы бір қызмет атқарады. Сірә, комментатор. Қазақ руханияты туралы хабар өткізуге тиіс екен. Қазақтың ән-күйі, сәулет өнері және ежелгі әдебиеті. Соған мен сөйлеуім керек. Жоспарға енгізіп қойған, эфир – бүгін кешке. Міне, апта болды, сені іздеп таба алмай жүр. “Менің теледидарға шығып, былжырап отыруға ынтам жоқ”,– дедім. “Әй, сен де…– Әбіш күйгелектеніп, кейіп қалды; мұндайда бұртиып, балаша өкпелеп, үндемей қалатыны болушы еді, ары қарай жалғастырды,– Әй, сен бара салсаңшы… Жырауларыңды насихаттайсың”. “Жыраулар…”– мен жырауларымның ауыр ахуалын айта жаздап, іркіліп қалдым, ұзақ әңгіме, қажеті қанша. Мен іркілгенге ойланып тұр деп шамаласа керек, Әбіш шынын айтты. “Сен бармасаң, ол жігіттің жоспарлы хабары құлайды. Обалы маған. Сені енгіз, осындай-осындай кереметі бар деп, аузымнан қағынып айтқан мен едім”. “Онда жарайды”,– дедім. Әбіш қуанып кетті. Тұңғышбайдың телефонын берді. Сен автоматтан іздеп тапқанша, өзім де хабарлап қоям деді.

Ол заманда қазіргідей ілкі жазба жоқ, эфир – тікелей. Мезгілді уағында студияға бардым, Тұңғышбай мені сағынып күткен туысындай, қызара күліп қарсы алды; шын жайсаң жігіт екен, сол, теледидардың кезекті, саналы оймен ұйымдастырылған өзгеше бір хабары, оған жаңалықты жыраулар поэзиясын енгізу арқылы менің шырғалаңнан жал тауып, тұйықтан жол табуыма себепкер болыпты, алдағы қаншама жақсылықтың дәнекершісі болыпты, бар қарызы мойнымда қалды, бүгін еске алып, ыстық ықылас, риясыз алғысымды айтсам, марқұмның жолында жанар бір шырақ болсын дегенім. Бір өкініштісі, жұмысбасты, алас-күлес заманда, содан соң тым құрса бір рет көрмеппін, сондағы сенің экранға шығаруың маған осындай медеу, осындай игілік әкелді деп айта да алмай қалыппын, мезгілсіз өлімі туралы тым кеш естідім.

Әлқисса, дәл сол сәтте менің ойымда ештеңе жоқ, жол айрығында тұрғанымды білмеймін, бүгінгі хабарымызға қатысты адамдармен амандасып, таныстым. Тұңғышбай таныстырды. Диктор – Ласкер Сейітов екен, бұрын бір тойда көргем; үні әуезді, жүзі сұлу, мінезі биязы, тиянақты жігіт. Екінші – ат жақты, арық қара кісі – қазақтың әлде ән-күйі, әлде ою-өрнегі турасында сөйлемек, аты-жөні де, басқасы да есімде қалмапты. Үшінші, үшінші емес, ең бірінші – қазақтың ежелгі сәулет өнері туралы сөйлемек Шота Уәлиханов, бұрын көрмеген кісім, аты-жөнін, ата-тегін жақсы білем, ауызға іліне бастаған архитектор, Абылай хан тұқымы, Уәли хан – Шоқан әулеті, өңіне қарағанда, асса менен жеті-сегіз жас қана үлкен, ал түрі… келісті, сұлу жігіт екен, бірақ киіктің асығындай ғана, аталарының дене бітімінен айрылған, алайда рухын, түгел болмаса да біршама сақтаған сияқты. Кейін Шота ағамыздың қайратын да, қасиетін де көрдік, ал әуелгі кездескен сәтте көңілім онша толмаса да, өзім қиялай тартып, біраз жерге апарған Хан иемнің ұрпағының дәл осы арада, дүние кеңістігі алдында ұшырасуын жақсы жоралғыға баладым.

Хабар басталды. Алдымен Ласкер Тұңғышбай дайындаған, бүгінгі дидарласудың мән-мағнасын таныстырған шағын мәтінді оқып берді, содан соң қатар отырған үш білгір кезекпе-кезек сөйледік. Маған он бес минут бөлінген еді, тарихи дерегі бар, әдеби бағасы бар, арасында семсердей жарқылдаған отты толғаулар бар, ол кезде де, қазір де қағазға қарау әдетімде жоқ, бірақ сөз әуезім қазіргіден сәл көтеріңкі, әрі тез болса керек, бір қалыпты екпінмен соқтыртып шықтым. Оператордың желкесінде тұрған Тұңғышбай сұқ саусағын көтеріп, бір минут қалды деп белгі бергенде, әрең қайырып үлгердім. Хабар аяқталды. Риза болған Тұңғышбай алақанын уқалап, қызара күліп, жақсы болды, жақсы болды дей берді. Ал Абылай әулеті… Кейінгі замандағы бір әдетіміз сол күннен бастау алыпты – Шота мені мақтады, мен Шотаны мақтадым, сонымен, ол өзінің сәнді ғимараттағы еңселі үйіне кетті, мен өзімнің қала шетіндегі жалдамалы пәтеріме қайттым.

Сөйтсем, мен сөйлеп жатқанда үлкен оқиғалар болыпты. Көзі тірісінде классик атанған, ақ дегені алғыс болған, дәл сол кезеңде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит аға Мүсірепов кешкілікте, кейінгі жас жеңгеміздің көңілін аулап, немесе, оқудан, жазудан жалығып, тыныстап, теледидар көріп отырады. Біз экранға шығып, сөзге қосылғанда, біз емес, ежелгі жыраулардың ешкім білмеген ғажайып толғаулары арындай, арқырай тоғытыла бастағанда… риза болады, қайран қалады, қолма-қол телефонын алып, Одақтың үшінші хатшысы, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтан сұрайды. “Ә-ә-әй, бұл кім-м, сөйлеп жатқан-н?”– дейді. Қабдыкәрім аға теледидарды ашып қалады да, “атын білмеймін, осыдан бірер күн бұрын маған келіп кеткен сияқты, қызмет сұрады ғой деймін, бұл жігіттің жайын Нығмет біледі, университетте аспирант болса керек”,– дейді. “Онда бұл баланы маған тауып бересің”,– дейді Ғабең. Ол кезде Ғабең айтқан әрбір сөздің заң күші бар, арада он-он бес минут өтпей, Қабдыкәрім қайыра телефон соғады. Нығметтен білдім, аты-жөні сондай, аспирант екен, мынау – біткен жұмысының бір ұшығы болса керек, “Қазақ әдебиеті” үлкен бір мақаласын басыпты, “Лениншіл жаста” да шықты дейді, мен жазда, демалыста жүргенде көрмей қалыппын, Нығмет өте жақсы деп отыр, бала да жақсы, білем, табам деп отыр дейді. “Онда келер дүйсенбіде… жоқ, ертең… ертең түстен кейін келсін маған, шақырыңдар”,– дейді Ғабең.

Иә. Бұл жағын да жеткізіп жазғанбыз. Бұрнағы «Мен» дилогиясында, кейінгі атаулы естелікте. Қабдыкәрім Ыдырысов, Нығмет Ғабдуллин сияқты алаш азаматтарының селбестігімен, Жазушылар одағының төрағасы, заманында атағы аспандап тұрған Ғабит Мүсіреповтің алдына жеттім. Өткендегі өзгеше толғауға жалғас азғана әңгімеден көп түйін түйген, мейлінше риза болған Ғабем мені «Қазақ әдебиеті» газетіне сын бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Қазақ хандығы дәуіріндегі ежелгі жыраулар мұрасын жан-жақты қамтитын көлемді мақаламды «Жұлдыз» журналына басып шығару туралы нұсқау берді.

9

Беделді әдебиет газетіндегі қалыпты қызмет басталды. Алды-артымды ойластырып, байсал таптым, сабама түстім. Тегеурінді, салқын сабырға көштім. Асыққам жоқ, аптыққам жоқ, тыным да көрмедім. Ол кезде сенбі – жұмыс күні, демалыс – жексенбі ғана.

Қазір ойлап отырсам, өзіме сенгенім сондай, бар жұмысым байыпқа түсіпті. Қорғау жайын алты айға шегере тұрмақ болдым. Мына, теріліп жатқан мақалалар жарыққа жетсін. Тағы бір мақалалар шықсын. Әзірше, тұтас кітаптың сәті келмеген күннің өзінде, зерттеу еңбегім жекелеген мақалалар түрінде, түгелімен басылып шығуға тиіс еді. Сонда, біріншіден, мен жасаған еңбек өз атыма бекиді, ешкім ұрлап-жырлап әкете алмайды, алса, көрініп тұрады, яғни, қайткенде де сөзім өзімдікі, малым түгел; екіншіден, осыншама мақала жариялап, жалпы жұртқа танылған соң, еңбегімнің өзгеше бағасы айқындалған соң, мені ешкім де тоқтата алмайды, қиындықпен болса да, абыроймен қорғап шығам. Осы екі байып та түбінде ақиқат шындыққа айналған, бірақ ғылыми дәреже мінберіне көтерілетін күнді мен өзім ойлағандай алты ай емес, одан үш есе артық уақыт күтуге тура келген, ал плагиат – біздің ақ-адал еңбегімізді, тапқан қазына ғана емес, айтқан сөз, толғамды ойларымызды ұрлап-жырлау – топтанған мақаламыз, толымды кітабымыз жарық көргеннен соң бұрынғыдан да еселеніп, үдей түскен, бізді ұрлау Қазақстан шегінен шығып, батыста Қапқаз, шығыста Моңғол, түстікте Қарақалпаққа дейін кеңінен жайылды, баз-базында жүйкеге тигенімен, бұл – екінші кезектегі нәрсе екен, мүмкін, қызық та болуы. Өтіп кеткеннің бәрі қызық. Өтіп кетсе. Өкінішке, бәлкім, қуанышқа қарай, біздің осы, бала кезде жасап тастаған бір жұмысымыз, міне, отыз жылдан асты, Академиясы, Университеті және басқа да оқу, зерттеу орталықтары бар, қаншама ұры-қарыға оңай азық болып келе жатыр, қызығы бұл емес, қызығы – қанша қаужаса да тауыса алмайды, қанша иеленсе де, атына көшіре алмайды – әзірше, бұл қауымның қолына уақыт машинасы түспеген, қалай қопалап жазса да, жарияға шыққан 1960-жылдардан аттап өтіп, арғы ғасыр емес, тым құрса осы ғасырдың 50-жылдарына түсе алмайды ғой. Шынында да қызық емес пе. Қызық емес. Жаның ашиды. Бейшара тірліктеріне. Кейде, пендесің ғой, ызаң келеді. Ыза келмесе, осылай жазбас едік.

Мұның бәрі – кейін, дәл сол сәтте, менің алдым тұман, рас, көз көрім жер ашылған, бірақ түпкі бағдар әлі де бұлтқа оранып тұрған. Сырттай қарағанда шүкір, тұрақты жұмысымыз бар, әдеби ортада ғалым, сыншы деп танылдық, көне жыраулар мұрасына қатысты мақалаларымның өзінің саны он беске жетіпті, бірақ тиесілі еңбек қорғалмаса, әдебиет тарихының бұл дәуірі ресми түрде санатқа енбейтін еді. Қорғалса – мөр басылған сияқты, заңдасады, бұл тақырып зерттелген, мақұлданған, беті ашылған дейді. Яғни, іс мәнісі менің ғылыми атағым, жасаған еңбегімнің өнбегі ғана емес, әдебиет тарихының жабық жатқан тұтас бір дәуіріне жол ашу, оны айғақтау, бекіту, тек университет қана емес, барлық филологиялық жоғарғы, және жалпылама орта мектептердің оқу программасына енгізу, ғылыми айналысқа түсіру жолындағы күрес. Соның бәрін жинақтап келгенде, ұлттық сананы көтеріп, рухани мәдениет тарихын кеңейтуге тиіс, айрықша маңызды тетік. Және, ол кездегі байыбым бойынша, бұл – ғылымда мен жасамақ қыруар жұмыстың әуелгі бір белес, кезеңі ғана. Осы бір ғана кезеңнің төңірегінде отыз жыл өмірім озады, мен ғылымда жүріп өтетін қия жолдың шегі осымен тәмамдалады деп ойлағам жоқ.

Бұл кезде менің ғылыми зердеме сенбесе де, сыншылық екпінімді мойындаған Есмағамбет ағамның беті бері қараған, Белгібай ағама Бейсекем мән-жайды мысқалдап ұғындырса керек, амандығы тәуір; Ғылыми кеңесте дауыс тәртібі жасырын, Темірғали ағам, тағы да қашып кетпесе, келіп, ептеп қана дауыс береріне сенемін, кафедрадағы қалған ағаларымды құдайға тапсырдым, енді ашық қарсы шықпас, жасырып берген қарсы дауысынан дүние бүлінбес деп түйдім, кафедрадан тыс, бірақ факультетте қызмет атқаратын Кәкен Аханов пен Хайролла Махмұдов сияқты ағаларымыз ай даладан риза болып жүр, сырттан, басқа институттар мен академиядан келетін марғасқалардың біразы газет редакциясы арқылы таныс, біліс болып жатыр,– жалпы жағдай оңала бастағандай. Оңалғалы көп болды, бірақ көпе-көрнеу, оңды нәтиже шықпай тұр.

Бұл екі ортада, біздің кафедрадағы, мен біткен кезде жаңа бастаған бір жігіт, менен бұрын оқыған, бірақ жұмысын енді ғана тәмәмдаған тағы бір жігіт қорғауға кетті, Академиядағы, ҚазПИ-дегі, қатарласты қойғанда, кейінгі аспиранттардың бірнешеуі өтті. Тіреліп тұрған мен ғана. Ғылыми кеңес даудан қорқады, Қажекеңнен қорқады, мен өзім де тым жанықпай, төңірегімді тиянақтап барып, қапысыз соғу жағындамын, әйтеуір уақыт ұзара берді. Бірақ қайткенде де, 66-жылдың күзінде өтуге тиіс едім, тағы бір күтпеген бөгесін шықты – Әлкей ағам, Марғұлан. Әуелде бұл кісіні Бейсекең екеуіміз өзіміз таңдағанбыз. Басқа біреу оппонент болса, дамай көбейеді, атағы, абыройы зор, білігі күмәнсіз, Әлекеңді алға салсаң, қорғау кезіндегі ғана емес, одан соңғы да қауіп-қатердің біразы кері серпілмек. Екінші ресми оппонент – Рахманқұл Бердібаев, сол замандағы санаулы ұлтшылдың бірі, танымал, дәйекті әдебиетші, жан-тәнімен қолдап, дайын отыр. Алайда, Әлекең ауыр қозғалды. Ашық сөйлесуге Бейсекеңнің өзі батпайды екен. Ашуландырып алам ба, оппонент болмаймын деп қайтара сала ма деп, мен де тартынамын. Оның үстіне, мана айтқанымдай, төңірегің түгелденіп болмаған сияқты. Осы әрі-сәрі, күпті көңілмен желтоқсанға жеттік. Мен жұмысымды тәмамдағалы қаншама заман. Теке-тірес екінші жылға ауып барады. Қайткенде де осы, 1966 жылы, қорғап үлгермесем де, авторефератымды шығаруға бекіндім. Анадағы, “Мектеп” баспасындағы редак­циялық кеңестегі даудан соң мені ұмытпауға тиіс, Марғұлан ақсақал­ға телефон шалдым, “һі-һі…” деп, мекіреніп тыңдады, “һі… жұмысыңды қарай бастадым, беталысы жаман емес…– деді. – Арабшаны қайдан үйрендің,– деді. – “Шаджарат-әл-атрактағы” түпнұсқа текстің үзігін арабша берген екенсің, жазуың бастық­папты,– деді. – Әптиекке жаңа түскен шәкірттің қолы сияқты”. “Қате жоқ па екен?”– деп сұрадым батылданып. “Қате жібермепсің, мұқият көшіргенсің, бірақ арабша оқу –мәселенің бір ғана жағы… һі… һі… өзің де көп жазуың керек, сонда, һі… ескі қолжазбаларды қапысыз танитын боласың, һі…”– деді, мен онсыз да қапысыз таныдым деп айта жаздап бөгелдім… Ары қарай саудаласудың сәті тағы түспеді, Әлекең “һі… жарайды”– деді де, трубканы қоя салды. Бірақ бұл да жақсы еді. Ертеңіне Бейсекеңе бардым. Солай да солай, райы тәуір, бірақ ол кісі оқып біткенше тағы алты ай өтеді, одан ары кетуі де мүмкін, өзіңіз айтып көріңіз дедім. “Онда,– деді Бейсекең,– өзің бастап сөйлескенің жақсы болды. Жетекшісін жұмсап, жатып алды дейді ғой. Енді ары қарай көрейік. Кешке серуенге шығады. Сонда ұстайық”. Бейсекең мен Әлекең бір аулада тұрады екен, Төлебаев–Калинин–Карл Маркс көшелерінің аралық тоғы­сындағы ғалымдар үйінде. Бейсекеңнің үйі бұрынғы Абай, қазіргі Төлебаев көшесіне көлденең, Әлекеңнің үйі Карл Маркске қарата, бірақ ішкі аулалары ортақ. Айтқа­нындай, кешке қарай кездестік. Атан түйедей Әлекең маған оқшырая қарады да қойды. Бейсекең қатарласты. Аз-маз анау-мынау сөзден соң, мынау бала – әнеукүнгі өзіңіздің шәкіртіңіз деді. Әлекең маған тағы да сынай, зерттей қарап, бөгеліп қалды. Енді қарсы тұрдық. Жұмысы біткелі екі жыл болды, өзіңіз көріп жүрсіз ғой, ежелгі әдебиет, даулы тақырып, созылып барады, ендігі қорғауы өзіңізге байланысты деді. “Қорғайды,– деді Әлекең.– һі… беталысы жақсы, кеше өзіне айтқам”. “Енді авторефератын шығара берсе теріс болмас еді, асықпай оқып, пікіріңізді артынан бересіз ғой”,– деді Бейсекең. “Авторефератын қашан жазады?”– деді Әлекең маған емес, Бейсекеңе қарап. “Дайын,– дедім мен. Портфе­лімнен авторефератты суырдым.– Екінші оппонент – Бердібаев, қол қойған”. “Екінші оппонент – екінші болып қол қоюы керек,– деді Марғұлан қабағы түксиіп.– Әкел”,– деді содан соң. Менде қаламға дейін дайын, портфелімді тиянақ етіп ұстап, үстіне авторе­фератты қойып, Әлекеңнің алдына тостым. Әлекең қаламды алып, еңкейе берді де: “Астына қояйын ба, үстіне қояйын ба?”– деп сұрады. Ортада “Разрешаю”– рұқсат деген сөз бен Бердібаевтың қолы тұр. “Ең үстіне, жоғарғы шеке­сіне…”– деді Бейсекең жеделдете сөйлеп. Әлекең үлкен денесіне үйлеспейтін нәзік қолдарымен “Разр…” деп иректете тартып. “А.Х.Маргулан” деп, анықтап, іждағатпен қол қойды. Мен рақмет, алғысымды айтып, екі шалды сол арада қалдырып, бетіме кетіп отырдым. Бұл – 16 желтоқсан, қазіргі тәуелсіздік күні екен. Айттым, 1966 жыл.

Авторефератты өзіме етене газет-журнал баспасынан жедел тергізіп, цензурадан өткізіп, екі-ақ күнде бастырып шығардым. Түннің бір уағында жұқалтаң үш жүз кітапша – сары қағазға орап, байланған жуан екі буманы көтеріп, Горный гигант аймағы, қысқы трамплинге тақау, Алмалы көшесі, 5-үй, әуелгі құтты мекенімізден тәуірірек, жарық, еңселі екі бөлме, шыны верандалы жалдама пәтерімізге келдім. Бұл кезде тұңғыш қызым бір жастан асқан, жүгіріп жүр, мені қуанып қарсы алды, үйде әжем бар еді, жазда менімен ауылға бірге барып, бөгеліп қалған келінімен еріп келген, Алматыға барасың ба деп қалжыңдаса, барамын депті, өмірі сыртқа аттап шықпаған адам, жалғыз немересі – мені сағынса керек, алғашқы шөбересі Үмітті қимаса керек, содан қалмай қойыпты, осы әжем тіпті қуанды; мен шай ішкенде бетіме қарап, енді қорғауға жол ашады деген, тасқа басылған, жұқалтаң кітапшаны қолына алып, сипалап отырды, жатарда біреуін басына жастап бердім.

Ертеңінде авторефератымды арқалап, Университетке бардым. Ғылыми хатшы менің өзінде біраздан бері жатқан құжаттарымды түгендеп, ақтарыстап отырды да, кенет: “Мынау – болмайды,– деді.– Кафедрадағы талқылау қорытындысы жарамсыз”, Тағы бір көлденең бөгет шығатын болғаны ма. “Қалайша?”– деймін. Мынау – 65-жылдың октябрі, уақыты ескіріп кеткен, қайта талқылануы керек”. “Бір нәрсе қаз-қалпында қалайша екі рет талқыланады?– деймін. – Мен бәрін уақытында бітіргем. Кафедрадан уақытында, заңды түрде өткен. Проблемалық мәселе. Сондықтан сыртта қарсылық көп болды. Бөгелуім содан”,– деймін. Қарсылықтың сырттан емес, іштен шыққанын айтсам, бұл да бүлінуі ғажап емес. Ғылыми хатшы Ефим Моисеевич Шварцман, шет тіл маманы, ұлты жойыт болса керек, мәдениетті, ақылды кісі еді, біздің байырғы тілмен айтқанда, қазаққа бергісіз, жақсы адам еді, марқұм, кейін, Ауған соғысында жалғыз ұлы өліп, артынша өзі де көп ұзамапты деп естідім, алды жарық болсын, қырыспады, тырыспады. “Мейлі онда,– деді.– Мына бірінші беттегі “11 октябрь 1965” дегеннің орнына, кафедрамен келісіп, басқа бір күн жазып әкел”. Кафедра – Бейсекем, айттым, ескерттім ғой деймін, мәжіліс хатының бірінші бетін жақынырақ күнге тіреп, қайта басып әкелдім. Толып жатқан, әрқилы шаруа­лардың бәрі орнына келді. Осының алдында ма, сәл кейінірек пе, тағы бір талқыға түстім. Жұмыстың бас сарапшы мекемесі – Академияның Әуезов атындағы институтында мәреден шауып өткем. Мәлік Ғабдуллин басқарған бөлімде, батыр ағамның өзі бастап, қалған туыстар қостап, о, бәрекелдімен жарқырап шықтық. Мәлік ағам айтқан бір сөз: “Бәрі дұрыс. Мен кемшілік деп көрсеткен жерлерді мойындамапты. Онысы да дұрыс. Осылай дұрыс бола берсін…” Бәрі ойдағыдай. Алайда, ресми мінберге көтерілгенше, тағы үш ай өтіп еді.

10

Ежелгі жырауларға ресми түрде жол ашылған, олардың шалғайына оратылған мен үшін де Тәңірінің күні жарқырап шыққан сын сағатта көлденең қатер болған жоқ. Бәрі де алдын ала қарастырылған еді. Қамқор ағам, «Қазақ әдебиеті» газетінің беделі зор бас редакторы Нығмет Ғабдуллин, Ғылыми кеңестің жиырма сегіз мүшесінің анық жиырма бесімен әрқилы қалыпта жеке сөйлескен, арнайы кісі салған, екі күн қалғанда жинақтап, тағы да жағалай телефон шалды. Өзім қазақтың атақты жазушысы, Мұхтар Әуезов кеткеннен беріде қазақ әдебиетіндегі ең абыройлы ақсақал, менің баспасөз бетіндегі кейбір мақалаларым көзіне түсіп, пейіл, ықылас білдірген Сәбит Мұқановқа өтініш жасаған едім. Үлкен басын кішірейтіп, уақыт тауып, мәжіліске арнайы келіп отырды; қар кетіп, күн ерте ысыған, қапырық, оның үстіне менен бұрын тағы бір аспирант қорғамақ, ақырына дейін отыра алмады, бір жапырақ қағазға, қажетті орыс тілінде алқау пікірін жазып кетті, оны кеңес барысында Ғылыми хатшы Шварцман келістіріп оқып берді; қырғыздан, өзбек пен қарақалпақ, башқұрттан, тағы қаншама жерден, аузы дуалы ғалымдардан ұнамды пікірлер түскен, ол да үлкен сүйеніш, тегіс айтылды, түйінді тұстарынан айғақты үзінділер келтірілді. Дау-жанжалдың алдын алу, қажет болса, қарсы көтерілу үшін, мен туралы, менің жарияға шыққан мақалаларым мен бітіп тұрған еңбегім жөнінде баспасөзде арғы, 1965 жылы тұңғыш рет пікір айтқан арынды ақын, білгір әдебиетші Қалижан аға Бекхожин, мұрты жыбырлап, жан-жағына айбына қарап ол отырды, ежелгі жырау­лар мен ұлттық ұран көтерген Мәлік Ғабдуллин, Ғабдол Сланов, Ғайнетдин Мұсабаев және тағы қаншама ағалар жетті. Жұрт сыймай кетті. Мен ықшам, сергек сөйледім. Ресми оппоненттер – Әлкей аға Марғұлан және Рахманқұл аға Бердібаев жоғары бағалап жатыр, ресми емес сарапшылар тағы мадақтап жатыр. Бәрі жақсы болды. Көлденең кеселсіз. Көтеріңкі, салмақты, бірақ қатаң. Алдыңғы ағаларымның батасы болатын. Бәрі де жүрек толқытарлықтай. Бірақ мен өте сақ, жіті отырдым. Соның әсері ме, екі түрлі кішкентай кілтипан болды, бірі – сәл-пәл қауіпті, екіншісі – әжептәуір күлкілі. Біріншісі – Әлекең мені мадақтай келе, рәсім бойынша, бірнеше ескертпе жасаған. Ешқайсысын қабыл көрмедім, бірақ бас-басына емес, бір-екеуіне ғана жауап қайырсам керек. Өйтпесе болмайды. Тәртіп бойынша, тым жығылып кетпеу керек. Сол тәртіп бойынша, тым қарсы да болмау керек. Мен артықтау кетіппін. Оның ішінде, Әлекең: “Жыраудың аты Шалкиіз емес, қазақта ондай есім жоқ, кейбіреулер айтып жүргендей, Шалгез, тіпті, Шалгөз болуы да мүмкін”,– деді. Ағамыз жыраудың түпнұсқа басылымдарын оқымаған, сондықтан жаңылып тұр, бізден бұрын Мұрат ақын, немесе Мұратты жаңсақ көшірушілер “Шәлгез” деген (бізден кейін де “Шәлгезге” жабысып, қоймай келеді), мен бұл мәселені дәл осы арада дәйектей кетпек болдым; жыраудың өзі туралы айтқан: “Тіленші ұғлы Шалкиіз,– Иесі Би Темірдің тұсында,– Бұлтқа жете жаздады бұл мүйіз”,–деген өлең жолдарын келтірдім де, жаңа, жауап сөз күтіп отырғанда екі бет ақ қағазға қара пастамен арабша ірі етіп, жуандатып, бояулап түсірген “Шалкиіз” есімінің екі түрлі жазылуын көрсеттім, түпнұсқаларда арабша таңбалануы осылай дедім, әрине, отырған жұртқа әсер етті, ал Әлекең ұнатпай қалды: “Онда “Шалкүйез” деп оқу керек”,– деді қырсығып, мұнысы да дұрыс емес, сөзден жығылмау үшін айтқаны, менікі де дұрыс емес, жазып көрсетпей, ауызша айтумен шектелу керек еді, ғұмыр бойы архив шаңына бөгіп келе жатқан ақсақалға әліппе үйреткендей болдым, мұндай алмағайып жағдайда, оң отырған кісіңнің өзі теріс аунап түсетіні болады, әрине, Әлкей ағам айнымайды, бірақ кім де болса пенде, өкпелемесе де өбексіз қалғандай, менікі – әлде аңғалдық, әлде еркіндік, қыл үстінде тұрғанда эксперимент жасауым орынсыз еді. Екінші, ол да арты қайырлы болған күлкілі жағдай – Белағаң мен Бейсекеме қатысты. Анада, финиш жолына шыққанда Бейсекем Белағаңды библиографияға енгіздің бе деп сұраған. “Ол кісінің менің жұмысыма қаншалық қатысы бар?”– дедім. “Сен түсінбейді екенсің,– деді Бейсекем.– Баяғыда саған неге қарсы болды, библиографиясы толық емес деп неге айтты – соны да білмейсің бе? Өзінің атын таба алмаған соң айтты”. Белағаң, яғни Белгібай Шалабаев ағамыздың, алас-күлес мінезі бар, ешкімге зиянсыз, әпенді адам, басқа қызығына қоса, студенттердің курстық, дипломдық жұмыстарынан өз атын іздеп отырады деп естігем, бірақ ежелгі жыраулар туралы, тарих, эпос, фольклор туралы жазған емес. “Бір кітабын, немесе мақаласын енгізе сал”,– деді. “Бейсеке, жұрт көрмей ме, күлмей ме. Белағаңа емес, маған күледі. Тіпті қисыны жоқ”,– дедім. Сонымен қойғанбыз. Кеше осы мәселеге қайта оралды. “Соңғы сөзіңде рақмет айтасың ғой, жұртқа, сонда жуан ортада, ұстазым деп, Белағаңды да атай сал”,– деді Бейсекем. “Қалай атаймын,– дедім мен.– Не үшін айтамын? Баяғы талқылау кезінде тым құрса бейтарап отырса, немесе Темкең сияқты, қашып келмей қалса рақмет айтуға болар еді. Аналармен тізе қосып, қарсы шықты емес пе?!” “Сен, Мұхтар, осы қызықсың,– деді Бейсекең күйгелектене кейіп.– Ал, ертең тағы қарсы шығады. Сөйлеп әуре болмайды. Алады да сыза салады. Дауыс бермейді. Сол ма?.. Рақмет айт”,– деді. Амал жоқ, бір жағы күліп, бір жағы кейіп, ақыры қоспақ болдым. Рақмет тізімнің бел ортасына жазып қойдым. Кейін ВАК-қа, яғни Мәскеудегі Жоғарғы аттестациялық комиссияға баратын құжатта алып тастаймын. Менің бар қағазым таза болуы керек. Солай деп жұбандым. Мүмкін мүлде атамаспын. Бірақ… қорғау үстінде, ресми оппоненттерімнің өзіме бір-екі күн бұрын тапсырылған, негізі белгілі сөздерінің кезінде залдағы жұртты жіті шолып отырғам, кенет Белағаң… маған жарқ етіп қарады да, қасындағы жасы кішірек біреуге күбір етті, ол орнынан тұрып, Кеңес төрағасының алдында жатқан диссертация қолжазбаларының бірін сұрап алып… әрине, ағама апарып берді, Бел-ағаң жарадар беті жыбыр етіп, қалың томды тура соңғы бетінен бастап ақтаруға көшті! Әрине, жоқ. Жоғын көрді. Көзі жалтырап, еңсесін тіктеп, сұлық отырды. Әуелде тіксініп едім, аздан соң іштей күлдім, мүмкін, жымиған да болуым. Енді ағамды қатырам. Оп-оңай. Атап өтсе болғаны, бар мәселе шешіледі. Сонымен, соңғы сөзге шықтым. Қолымда тізім. Оқып бере салса болады. Бірақ қағазға қарап сөйлеу әдетімде жоқ. Қазір оқи салар едім, ол кезде баласың, бала шамшыл келеді, манадан бері тақылдадық, енді құнжыңдап жату орынсыз көрінеді. Рақмет айтатын адамдар санаулы, ресми оппоненттерден бастайсың, кім қолдады, кім демеді – бәрі көңілде, сайрап тұр, тек Белағаңды ұмытып кетпеу керек. Ұмытып кетпеу керек. Ұмытқам жоқ. Айттым. Тек біздің сөз бітіп, үзіліске шыққанда ғана білдім. Алдымен дауыс берген Бейсекем жұрттан бұрын шықты, бір түрлі ренішті, құржаңдап, қызарақтап тұр. Мен үшін толқығаннан шығар деп, айқара құшақтадым. Бірақ шалым бір түрлі салқын. “Әй, Мұхтар,– деді.– Сен маған рақмет айтуды да ұмытып кеттің ғой. Белағаңның атын атадың. Маған рақмет те айтпадың ғой!..” Міне мәселе! Жаңа менің басымда “Белгібай Шалабаев!” “Белгібай Шалабаев!” деген жалғыз-ақ есім тұрған, қапелімде ұмытып тастап кетпейін дегем, сөйтіп тұрғанда мына өзімді, мені тура тоғыз жыл бойы бағып-қаққан, аспирантураға алып, бар жолыма батасын, сәулесін түсірген, соншама қамқорлық жасаған, мен үшін талай тынышынан айрылып, талай ұйқысы бөлінген, бар жақсыма өзінен артық қуанған Бейсекемді ұмытып кетіппін. Бір сәт мен де аңырып қалдым. Содан соң күліппін. “Бейсеке, адам өзінің әкесіне рақмет айтпайды ғой!” Бейсекем жадырай толқып, мені өзі құшақтады. Қазақ “Сөз тапқанға қолқа жоқ”– дейді. Менікі табылған сөз емес, ақиқат шын болатын. Жүректен жарып шыққан риясыз сөз.

Шар салу нәтижесі ойдағыдай шықты: мақұл – жиырма бес, қарсы – үшеу. Яғни, мақсат орындалды деген сөз. Рас, мұнымен бітпепті, бір айдан соң Университеттің үлкен Кеңесінде бекідім, онда қырыққа тарта кісіден екі дауыс қарсы алдым. Кім екенін есептеп шығару оңай еді, бірақ қажеті не. Сен жеңдің, ол – арамдығы ішіне бұратылып қала берді. Кейін, заманнан заман өткенде, Мемлекеттік – Абай атындағы, ең үлкен сыйлыққа жеткенде де үш дауыс қарсы болды. Кім екен, анау ма, мынау ма, деп сұрасты әуесқой ағайын. Мен жақсы білем. Бірі –аспирант кезімнен бері менің атымды сызып келе жатқан ағайын. Сол, қалыптасқан, дәрменсіз әдетімен тағы сызған. Екіншісі – соның бірге өскен, бірге жеткен жан досы, үшіншісі – тағы да сол, осы екі достың үшінші досы – атақ та, дәреже де бар, бірақ ынсап жұқпады, иман дарымады, ақыры, бір кезде әдебиеттің төрі саналған, енді кіре беріс есігі де емес, өткеннің бар қоқысы қопарылып үйілген албарына айналған, сыртқы күресінде қала берді. Мен мұны қазір ғана ойлап отырмын, әдебиет көшінен қақас жұртта қалған кісілер туралы емес, қашан, кім сызды дегенді. Ол кезде де елегем жоқ. Жеңімпаз артына жалтақтамауы керек. Жағасына жармасқанды жер қылып кетті – одан артық не керек. Мұхтар Әуезовтің Кебегі дұшпаның бар ма деген сауалға: “Жоқ, Баба! Дұшпаным жоқ”,– дейді ғой. Нысан Абызға. Бұл сөздің мәнін мен “Тазының өлімінен” соң, прозаның үлкен белесіне шыққан жиырма тоғыз жасымда бір-ақ ұқтым. Менің де дұшпаным жоқ екен. Қазір де жоқ. Маған дұшпандар көп болуы мүмкін. Ол – басқа әңгіме. Ал сен… жау іздеуге, дұшпан түгендеуге мұршаң келмейді. Үлкен мұратың бар. Өзіңе сенесің. Шалкиіз бабаң айтқан кендір баулы ақ желкенің көк теңіздің жал толқынын жарып өтеріне күмәнің жоқ, өзің өлсең де, рухың – елес емес, қаншама шығармада қапысыз көрініс тапқан асқақ аруағың жасай бермек. Ел – сенікі, халық – өзің, ұрпақ – қайта тірілген жаңа бір кейпің. Сен неден қорқасың, неден қамығасың. Құдай барда Қазақ бар, қазақ барда Сен барсың!..

Ал сол күні, біздің ат аламан бәйгеден келген, Шалкиіз бен Доспамбеттің маңдайы жарылған күні мерейден қуаныш басым еді. Біз де пендеміз. Және баламыз. Балалық қуаныш та, пенделік тәуба да іште тұнған, сыртқы көрініс – көсіле шабылған той еді. Осыдан екі жыл, екі ай бұрын үйлену тойым өткерілген “Алматы” ресторанының Көк отауы.

Той үстінде не айтылмақ. Қошамет, мадақ. Еселеп, өсіріп айтады. Бірақ бір қызығы, мен өзімді қанша мақтап жатса да, артық көрмеуші едім. Мінез бе, сүйекке сіңген әдет пе. Сол мақтан сүйген қалыпта қартайдық. Осы кейінде ғой деймін, осыған ұқсас, бірақ шағын отырыста әлдебір ағайын мені мақтауға сөз таба алмай тұр, сонда айтқаным бар: іркілмей мақтай бер, қанша мақтасаң да, мен межелеген, мен күткен жерге жеткізе алмайсың деп. Иә, бұл – жартылай болса да қалжың. “Батамен ер көгереді” деген мақал. “Жақсының жақсылығын айт – Нұры тасысын” деген. Алқаған сөз де, игі бата да мол болды. Қалижан ағамның қалай тебіреніп сөйлегені есімде. Нығмет ағамның сұлу жеңгеміз Мағышпен иық сүйесіп, күлімсіреп, қалай отырғаны көз алдымда. Бейсекемнің жұрттың құттықтауын қабылдап, жан-жағына қоқилана қарап, қорбаңдап, отыра алмағанын қалай ұмытарсың. Ағайын-туыс, тілектес дос-жар түгел қуанды. Мен үшін ғана емес, әдебиет мерейі үшін, сол әдебиеттің бір бөлшегі өздері үшін. Бұл кезде Түрік дәуіріндегі ежелгі мұра жөніндегі жұмысын дендеген, бірақ көңілі күпті Мырзатай келіншегі Мәриәм екеуі бір құшақ гүл әкелді, “Енді біздің де жол ашылатын болды”,– деп, Мәриәмнің көңілі босаған еді. Шынында да, екі жыл орайында Мырзатайға да кезек келді, анау бір кезде Бейсекем айтқандай, екінші оппонент – мен болдым, сонда ғой, кейбір ағайындардың қалжыңға сүйеп, қыжыртып айтқаны: “Кенжебаев бір баласына қорғатты, бір баласына қолдатты”,– деп. Бұған дейін XVІІІ ғасырдың екінші жартысынан ғана бастау алатын қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға кері шегеріп, Бейсекең бастаған жаңа өрісті біржола бекіткен – осы екі бала болатын. Ал кейінгілер… тиянақтайды, тереңдетеді, дәйектейді, жан-жақты қамтиды, бұл – заңды құбылыс. Бірақ өкінішке қарай, содан бері отыз жыл өтсе де, қазақ әдебиетінің көне дәуірі тарабында сол бұрынғыны қайталаумен ғана келеміз. Бейсекеңнің бізден соң шыққан үшінші шәкірті Алма Қыраубаеваның кейбір еңбектерін айтпасақ, ежелгі дәуірді зерделеу ісі мүлде тоқырады деуге болады.

Тоқырап барып, ғасыр соңына таман арнайы бір еңбектер жазылыпты. Алайда, бұл – тақырып тереңіне бойлаған, жаңалықты зерттеу емес, әр тараптан құралған компиляция дер едік. Әрине, қажетті, танымдық тұрғыдан пайдалы нұсқалар. Қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі бір кезеңіне тиесілі гәп.

Сонымен, Бейсекеңнің қажыр-қабілеті, тынымсыз күресі және кейінгі шәкіртеріне кеңінен жол ашқан ұстаздық қызметі арқасында, қазақ әдебиетінің тарихы Ежелгі Түрік дәуірінен бастау тартып, Алтын Ордаға жалғасып, содан соң Қазақ хандығына ұласатыны туралы түйінді толғам жұртшылық санасында берік бекіп, ғылыми дәйекті, талассыз ақиқат ретінде біржола орнықты.

11

Бұрнада жазсам керек, қайталап айтайын, ол замандағы кандидаттық дәреже – бүгінгі, арзандап кеткен докторлық атақтан әлдеқайда абыройлы, аса бір еңселі мәртебе болатын. Ғылым кандидаты танылған кез келген адам өзінің бүткіл болашақ ғұмырын қамтамасыз етпек. Пенделік, күнкөріс жөні ғана емес, кісілік тұрғысында. Сонымен қатар, советте қалыптасқан рәсім бойынша, қорғаудан өткен тақырып – ғылымға қосылған, мойындалған, ендігіде талассыз ақиқат саналмақ. Яғни, ХV–ХVІІІ ғасырлар шегінде жасаған ақын, жыраулар – арыдағы қазақ әдебиетінің тарихына қосылды деген сөз. Ендігі жерде ұлттық әдебиеттің негізі – Қазақ хандығы дәуірінен басталатыны ресми түрде бекітілді.

Енді негізгі тұрғылары жекелеген мақалалар арқылы жарияға жеткен диссертациялық еңбекті біртұтас, ғылыми монография ретінде жарыққа шығару қажет еді. Әдеби газетке орныға салысымен, осы 1965 жылдың қараша айында, «Жазушы» баспасына ұсынғам. Алайда, ескілікті тақырып, әрі жоспар мәселесі тым шырғалаң екен. Сонымен тоқтап тұрғам. Ақыры, ресми қорғаудан кейін, көп ұзамай, жақсы хабардың елесі көрінді. Ол кезде атақсыз, бірақ арыны қатты Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасына директор болып келуге тиіс екен. Қонаевтың алдында шешілген жағдаят. Енді Ілекең күн ілгері қам жасап, кадр мәселесін ойластыра бастапты. Қапан Сатыбалдин, Нығмет Ғабдуллин сияқты ара ағайындар арқылы маған шықты. Бас редактордың орынбасары қызметі. Ілекең жарықтық «Жазушыға» бір жарым ай межесінде, 30 апрель күні келіп еді. Екі күндік көктем мерекесінен соң, 3 май күні мен де атаулы орныма жеттім. Қаламгерлік ұзақ ғұмырдағы бетбұрыс, жаңа бір дәуірдің басталуы.

Кешегі ғылыми диссертация – ХV–ХVІІІ ғасырлар – Қазақ Ордасы заманындағы ақын, жыраулар тарихына арналған «Қобыз сарыны» дейтін монографиялық еңбек арада жеті-сегіз ай өтер-өтпесте кітап болып басылып шықты. Әрине, әуелгі, авторлық нұсқаларының бірін ең алдымен Бейсекеме сыйладым. Өз кітабы шыққаннан әрмен қуанып еді. Арғы жылы – орысша аударма нұсқасы. Тағы да ұстазыма тарту. Және сол 1970 жылы – көне қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспан», яғни, ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы. Әрине, Бейсекемнің алдынан табылды. Тағы да балаша мәз болған.

Дәп осы арада, Партияның Орталық Комитеті тарабынан ойбай-аттан көтерілді. Он жеті мың тиражбен шыққан, алдыңғы тобы Алматыда және кейбір обылыстарда кітап дүкендеріне түскен, бірақ толық таралып үлгермеген антологияға тоқтау салынды. Әзірше баспаханада қалған, және шашырап кеткен барлық нұсқалары жинақталып, тұтқынға түсті. Енді алдағы күндерде ресми айыпталмақ және бар тиражы жойылмақ қауіп бар. Мен арқылы бар жағдайдан хабардар Бейсекем Нығмет Ғабдуллин басшылық етіп отырған «Қазақ әдебиеті» газетіне арнайы мақала жазды. Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин ақсақалдар да Баспасөз комитетіне қорғау сөздерін жеткізді. Мәскеуден белгілі шығыстанушы Әмір Нәжіп реніш айтқан. Ақыры, осыншама қолдау нәтижесі, ең бастысы – Ілияс Есенберлиннің қатаң күресінен соң, ең ауыр үкімнен құтылдық. «Алдаспанның» әуелгі, 1970 жылғы тиражының сатылып үлгермеген негізгі бөлігі пышаққа түсіп, біржола жойылса да, антология толайымен мансұқ болмай, азды-көпті қысқартумен, келесі 1971 жылы қайыра басылып шықты.

Әрине, осы қысылтаяң кезде ғана емес, барлық уақытта Бейсекеңмен арамыз үзілген жоқ. Ай ұзатпай телефондасып қоям. Тоқсан аралатпай жүз көрісем. Бұл кезде, табиғи жағдай десек те, Бейсекемнің жеке басына жаңа бір қиындықтар келген. Өмірлік қосағы – жас кезінен табысқан Меңжамал жеңгей дүниеден өтті. Бейсекем жалғыз қалып еді. Менен ниет білдіру, көңіл аулаудан басқа дәрмен жоқ. Жақын туыстары мен тетелес шәкірттері жапырлап қалса керек. Рас, жал-құйрықсыз емес. Шыңғыс деген үлкен ұлы және Шолпан, Гүлнар дейтін екі қызы бар. Алайда, жақсы бастаған талантты суретші Шыңғыс бұл кезде бар болса да санаттан тыс, өз басынан аспайды. Екі қызда кінәрат жоқ. Үлкені – Қырғыз астанасында тұрады, күйеуі – министр дәрежесінде өз елінде белгілі азамат екен, осыдан біраз бұрын жол апатынан қаза болған, енді әкесін алып кетпек ниетін айтса, Бейсекең жат жер, жат жұртта өлгім келмейді деп, көнбей қояды. Кіші қыз дәл іргеде, ол да ықылас білдіреді, бірақ Бейсекең қазақтығына тартып, «Қыздың үйіне бармаймын» депті, шындығында, менің байқауымша, күйеу баланың райын байқаса керек (нақты білетінім, кейінде, Бейсекең дүние салғанда, бұл күйеу бала Ыстықкөлде жатыр екен, жердің түбі емес, демалысын екі күнге қиып, жерлеуге қатыса алмады). Міне, осы кезде ағайын, тілектес жұрттың көңілі шәкірт бала, әрі аталас туыс Құлбекке түседі. Кейінде белгілі әдебиетші Құлбек Ергөбеков. Әрине, сарқат ақсақалды күтіп-бағу оңай емес. Әуелде Құлбектің көңілі дауламаса керек. Бірақ бұл үйдегі Баян келін айрықша мейірбан шығыпты. Ақыры, Құлбек те илігеді. Сөйтіп, Бейсекеңнің соңғы жеті-сегіз жылы өз шаңырағында, туғаннан артық ұл мен келіннің қолында өтті. Құлбектің жазбалары бар, келіннің естеліктері бар, өзгеше бір ізгілікті жағдай. Сырттай болса да көпшілік қауым, оның ішінде менің өзім де жақсы аңдаған, ерекше ахуал. Бейсекем ешқандай кемшілік көрген жоқ, бары түгел, басында – елбіреген екі баласы, кішкентай немерелері; ай аралатпай келіп қайтатын үлкен қыз, апта сайын қатынасып, күнара телефондасып тұратын кіші қыз… Ең бастысы – мұрагер шәкірт, пікірлес, кеңестес бауыр – Құлбек, және бар күтімін мойнына алған Баян келін.

1984 – Бейсекемнің сексен жасын ешқандай артық дабырасыз, Құлбек пен Баян жабдықтаған мол дастарқанда тойлап едік. Кезінде өзі басқарған қазақ әдебиеті кафедрасы. Бұрнада алдынан өткен, жасы үлкен екі-үш шәкірті. Кейінгіден – мен, біздің үйдегі келінімен. Бейсекемнің көңілі тым көтеріңкі. Жақсы отырдық. Бір қызығы, айналдырған оншақты кісіміз, стол жетекшісі Зейнолла Қабдолов барлық жұртты адақтап, тек маған ғана сөз бермеп еді. Жұрт шай алдындағы үзіліске көтерілгенде, баяғы Белгібай ағам мені еске салды. «Ау, мына ең жас, сүйікті шәкірті Мұхтарды ұмытып барамыз ғой, мен сөз берейін, қане, сөйле!» – деп еді. Белағаңның есіне түспесем де, сөзден қалмайтын едім, бірақ атап айтылған соң ақсақалға бұрнағы бар өкпем тарқағандай болды. Әрине, біздікі – қысқа, әрі нақты лепес: ұстазымның адами тұлғасы, ерен еңбегі және алғыс пен ризашылық. Ол кезде дәстүрде бар болса да жаппай ғадетке енбеген, менің сөзімнің соңын ала Бақытжамал келіні оқалы шапан жапты.

Бұл – сенбі күн еді, 30 октябрь. Арада екі күн өткенде, дүйсенбі, 1 ноябрь күні «Жазушы» баспасына қайтып оралдым, бас редактор. Келе сала, көп жұмыстың астында жүріп, Бейсекемнің кейінгі шаруасын орындауға кірісіп едім. Б.Кенжебаев қаламгерлік қызметін әдебиет сыншысы ретінде бастаған ғой. Жинақты, «Жылдар жемісі» аталатын кітабы өткен жылы шыққан. Баспа сарапшысы ретінде атаулы пікір жазып, сырттай қолдаған едім. Енді бұрынғы-соңғы бірталай зерттеу мақалаларын Құлбекке жинақтатып, бұл кезде, қалыпты тәртіп бойынша, алдағы жылдың жоспары өтіп кеткен, келесі, ең жақын 1986 жылдың жоспарына енгіздім. 1985-тің май айында Орталық Комитеттен аман-есен өткеннен соң, алдыңғы кезекте типографияға тапсыру графигіне қойдым. Жақсы жылжып жатқан. Осы кезде күтпеген хабар жетті. Бейсекем қатты жығылыпты, сырқатының бет алысы жаман, жансақтау бөлімінде жатыр. Мен ертеңге оздырмай, дәп сол күні атаулы шарт жасаттым: қолжазба бар өткелектен өткендей, енді тиесілі алпыс пайыз қаламақысы. Құлбекпен хабарластым, қабыл ал, Бейсекем алай-былай болып кетсе, бар қажеті өз жанынан шығады, қысылып-қымтырылмайсың, деп. Бухгалтерияға арнайы тапсырып, бар ақшасымен, кассир егде тартқан орыс әйел еді, машинама отырғызып жібердім. Ол замандағы бір ерекшелік, өтіп кеткен кісіге қаншама заманнан соң, адал ақшасының әлдебір бөлігі ғана тимек. Менің ұстазым, құрметті, атақты профессор, халі келмеуі мүмкін, онда баласына қол қойғыза салыңыз, менің арнайы өтінішім, дедім. Кассир әйел бірер сағаттан соң оралды, баяу сөйлеп, бар жағдайды айтқан: ұстазыңыздың жағдайы ауыр, көзі жұмық жатыр екен, маған алдынала ескерткеніңіз жақсы болды, баласы қол қойды, бар аманатын табыстадым, енді оңалып кеткей, деп еді. Менің қарауымда қызмет атқарса да, өзіндік құқұғы бар, және, байқауымша, шаруасына қатаң орыс әйеліне алғыс айттым.

Енді күні-түні ауыр хабар күтіп, алаңдап отырып едім. Реанимацияға көлденең кісіні жібермейді, Құлбекпен күнделікті телефондасып тұрдым. Ақыры, арада үш күн өтпей, «Әкеміздің беті бері қарады!..» – деген жақсы хабар жетті. Апта ма, оншақты күн бе, көп ұзамай үйге шығып еді. Бұл, жаңылмасам, 1985 жылдың күзіне қарай.

Бейсекем қатерлі жағдайдан өтті. Бірақ толық оңалмаған. Жасы келген, денсаулығы тым мықты емес. Бұдан әрі тиянақты қадағалау, қатты күтім астында ғұмыр кешіп жатқан. Және ақыл-есі де, зиыны мен ой-толғамы да орнынша. Құлбек баласымен қаншама мәнді кеңес құрған екен. Және өзінің кенже қызындай болып кеткен Баян келінімен де талай қызық әңгіме айтысқан екен, кейінгі шынайы, табиғи естеліктерінен оқыдық.

Ақыры, тіршілік демі таусылған сәт. 14 июль, 1987 жыл.

Алыс-жақын ағайын-туыс, әріптес пен шәкірт – арулап аттандырдық. Көктөбенің басы. Сіркірей тамшылап шолақ жауын өтті. Әріптестер мен шәкірттер атынан мен бақұл сөз айттым. Көңілім босап, бар пейілімді жеткізе алмай қалармын деген қауіппен, екі бет қағазға жазып алған едім: Бейсекемнің қазақ руханиятынан алатын орны; риясыз еңбегі мен ұстаздық ұлағаты; барына алғыс пен тәуба, келешек әдебиеттану тарихындағы бағасы мен мәртебесіне сенім. Қимас қоштасу. (Бұл шағын лепес менің Алматыдағы архивімде тұрса керек, қазірде қолда жоқ, бәлкім, сәті түссе, кейінде дәп осы араға жалғасар.)

Қажырлы күреспен өткен мағналы өмір осылай аяқталған екен.

*   *   *

Тәңірі пендесінің тағдыр жолы әуел бастан-ақ тура сызылса керек. Бастан-аяқ нақты болмағанымен, негізгі тұрғысы, ақырғы нәтижесі. Шалғай ауылдан шыққан, жат шаһарда жоқшылық астында, біржола азып-тозып бітуге тиіс жетім бала қапелімде Түркстан жастарының көсемі Ғани Мұратбаевтың көзіне шалынып, бүгінгі тіршілігін ұзартумен қатар, болашақ дарқан ғұмырына қадам басса, ақыры ұлттың рухын ұстаған әйгілі ғалым болып шықса, бұл – кездейсоқ оқиға ма, әлде табиғи заңдылық па? Сөз жоқ, әуелгі кесім.

Кемеліне толып тұрған профессор Бейсенбай Кенжебаев пен он сегіз жасар студент Мұхтар Мағауиннің табысуы – әдепкі жағдай деп санайық. Ұлттық танымы жоғары, қазақ руханиятының кемісін толтырмақ, қабілетті шәкірт іздеді. Қаншасын тапты, қолдады, ғылымға жекті. Ақыры, осы ретпен, сәтті бір күні бізге көзі түсіпті. Бейсекем болмаса, әйтеуір біреу ұшырасар еді деп айтпаймын. Ол – басқа тақырып, басқаша жол. Шынында, Бейсекемнің маған деген ғаламат сенімі және соған орай, бөтен тарапқа мойын бұрғызбас беріктігі болмаса, Қазақ хандығы дәуіріндегі рухани мұра тақырыбы мен үшін жабық қалар еді. Қазтуған мен Шалкиіз де, Доспамбет пен Марғасқа да жоқ. Ақтамберді мен Үмбетей атаусыз, Бұқар жырау шалағай күйінде тұрар еді. Жеке бір тұлғалар ғана емес. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет мүлде ұмытылған, көмескі жағдайда тозып бітіп, жоққа айналмақ. «Қобыз сарыны» мен «Алдаспан» сол беті жабық. Яғни, мен де бөтен бір тұрғыдағы зерттеуші болып шығам. Ғылым ғана емес, көркем прозаның өзі басқашалау. Қайткенде, бағзыдағы ұлы жыраулардың рухы толық емес. Иә. Менің Мен болуым, белгілі мөлшерде әзиз Бейсекемнің арқасы екен.

Бәрі заңды, бәрі орынды дейік. Сонымен қатар… бұл жағдай, яғни, ұлы ұстазымның шапағаты тым арыда, өзгеше бір ахуалда белгі беріп еді. Мен Бейсекеммен тура он бір жасымда көріскен екем! Өзімен, бетпе-бет емес. Кейінде маған негізгі тақырып болған төтенше нұсқау – өрелі еңбегімен.

Иә. Мен – қаршадай бала, он бір жастамын. 1951 жылдың жаз ортасы. Алыс қазақ ауылы. Осыдан бір-ақ ай бұрын аға, яғни туған әкем, мектеп мұғалімі Мұқан Мағауин ұсталып кеткен. Мен көз ашқаннан бері атамнан, әжемнен, алыс-жақын бейсауат жұрттан үздік-создық, және тынымсыз естіген қаншама көлденең әңгіме – ғаламат ашаршылық, жаппай қудалау, өкімет-зорлық туралы адам сенбес, ниһаятсыз сұмдықты көкейіме түйгем. Басына темір ноқта ілінген жан атаулының сол беті жоғалатынын, қайтып оралуы қиын екенін де жақсы білем. Аға кеткен күні құса-зардан оқыс жығылып, тура жиырма күн төсек тартып жаттым… Содан соң, аз-маз ес жиғаннан кейін, үйдегі шағын кітапханамды ретке келтірдім және ағаның жұмыс столындағы барлық қағазын тексеріп шықтым. Тұтқын және тінту кезінде астан-кестен болған екен. Әйткенмен, әлдебір қуыста бірталай жазбалары қалыпты. Көбіне күнделік есепті. Тәтеммен қалай танысқаны, түсінісіп, үйленген соң көп ұзамай менің елесім байқалғаны… Таза өмірбаяндық жазбалар. Және әр тарап, әдістемелік мақалалар: бастауыш мектептегі сабақ өткізу методикасы. Бәрін де мұқият оқып шықтым. Әуелгісін көлденең көз көрмеуі керек. Соңғылары мүлде қажетсіз. Түгелдей жыртып тастадым. Содан соң, тағы бір тартпадан мүлде басқаша мазмұндағы жұқалтаң кітапша шығып еді: «Қазақ тілі мен әдебиет мәселелері», Алматы, 1941 жыл. Ішінде көлемді екі мақала бар екен. Кейінгісі – тіл біліміне байланысты. Ең басында – «Бейсенбай Кенжебаев. Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері.» Кіші тақырыпша – «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» аталады. Бұл кезде менің таным дәрежем өз жасымнан ғана емес, өз тұсымнан да біршама жоғары. Ежелгі Грек, Рим тарихынан әжептәуір хабарым бар. Еуропаның Орта ғасырлар және Жаңа дәуір тарихын да оқығам. Абай мен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мұстафин мен Мүсірепов, тіпті, Шәкерім мен Дулат, Шортанбай. Қазақтан тыс әлем әдебиеті: Пушкин, Тургенев, Чехов… Джек Лондон, Жюль Верн… Ілгері, 8-9-10-кластардың әдебиет оқулықтары өз алдына. Сөйте тұра, мына, «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» – мүлде тосын көрінген. Асан Қайғы, Бұқар жырау және хандық тарихынан біршама ақпар. Бүгінде бәрі түсінікті, оп-оңай сияқты. Ал ол кезде… ешкімнің ойына келмеген сұмдық. Қазақ халқының дербес, өз мемлекеті болыпты, соған орай елеулі әдебиет нұсқалары бар…

Он бір жасымда, тіршілік ғұмырымдағы ең ауыр, алмағайып қана емес, мейлінше қатерлі, зұлмат күндерде алдымнан шығыпты. Кездейсоқ жағдай ма, әлде Aруақ пен Tәңірінің болашағымды айқындаған нақты нұсқауы ма?.. Қайткенде де ғажайып жағдаят.

Әрине, айрықша әсер еткен өзгеше толғам уақыт оза келе көмескі тартты. Ақыры, арада тағы да он бір жыл өткенде алдымнан шығып еді. Бұл жолы Бейсекемнің өзінің тікелей тапсырма, бұлтартпас жарлығымен. Мен баяғы заман, панасыз бала кезімде ойымды құрсаған буалдыр елесті енді нақты көрініске айналдыруым қажет екен.

Дәп солай. Болашақ ғұмырымның негізгі арқауы болған ұлы жыраулар мұрасы әуел бастан-ақ менің маңдайыма жазылыпты.

«Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Поэты Казахстана» ғана емес, «Көк мұнардан» басталып, «Аласапыраннан» өтіп, «Шыңғыс хан» арқылы тұтас бір отты шеңбер сызып шыққан барлық шығармаларым.

Тағдырдың жазуы деген осы.

«Қия жолдар» – 1998, Прага-Алматы;

17–23.ІХ.2019, Күміс Бұлақ, АҚШ.

 

 

 

Пікірлер