Алматы облысында 170-тен астам сайт бұғатталды

837
Adyrna.kz Telegram
Фото: pixabay / fancycrave1
Фото: pixabay / fancycrave1

Алматы облысының киберполицейлері 170-тен астам интернет-сайтты бұғаттады. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Мәлімет бойынша, Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы шеңберінде Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы жыл басынан бері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында түрлі сипаттағы 46 қылмыстық іске қатысы бар 74 күдікті анықталды. Жұмыс қорытындысы бойынша 117 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды, бұл интернет-қылмыскерлермен күреске байыпты көзқарасты айғақтайды.

“Операция барысында ақша қаражаттарының заңсыз айналымымен айналысқан 62 тұлға ұсталды. Киберкеңістіктің тұрақты мониторингі нәтижесінде алаяқтық әрекеттер жүзеге асырылған 177 жалған интернет-сайттарды бұғаттауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, киберқылмысқа күдікті 56 адамның шоттары жабылып, зардап шеккендерге 36 млн 462 мың теңге сомадағы ақшалай қаражат қайтарылды”, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кеңесханұлы.

Криминалдық полиция басқармасы интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Облыс тұрғындары мен қонақтарына онлайн-сатып алулар мен қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қырағылық танытуға, ал күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.

Пікірлер