30 қаңтар күні "Азаттық" радиосы Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына басылым журналистеріне аккредитация беруден және ұзартудан бас тартқаны үшін Қазақстан СІМ-не шешім күшін жоюды талап етіп, арыз берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық" сайтына сілтеп.
Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсіріліп отыр.
Ведомство жауабында журналистердің "аккредитациясыз жұмыс істеп келгені", сонымен бірге редакцияға айыппұл салынғанын (құқық қорғаушылар "жалған ақпарат туралы" жаңа бапты ресейлік "фейктер туралы" заңға ұқсатқан) алға тартқан.
Шағымда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) соттан ведомство келтірген дәлел-дәйектерді негізсіз деп тануды сұраған, себебі редакцияның айтуынша, олар журналистердің аккредитациясына қатысты өтініштерді уақытында беріп отырған, өтініштер қаралуы тиіс кезде журналистерде аккредитация мерзімі аяқталмаған, ал министрлік өтініштерді жауапсыз қалдырған. Ақпаратқа қарағанда, қызметкерлерді аккредитациядан өткізу туралы өтініштер өкілдікті әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шыққанға дейін көп уақыт бұрын берілген, бірақ олар "дер кезінде қаралмаған".