Ресми шағым. Литва Гаага сотынан Лукашенконы тергеуді сұрады

1292
Adyrna.kz Telegram
Фото: aa.com.tr
Фото: aa.com.tr

Литва үкіметі Беларусь президенті Александр Лукашенконың өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын тергеуге арналған материалдарды Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа ресми түрде тапсырды. Тиісті мәлімдеме бүгін, 30 қыркүйекте Литва Әділет министрлігінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Беларусьте 2020 жылдың 1 мамырынан бастап күні бүгінге дейін жоғары лауазымды саясаткерлер мен әскери қызметкерлердің нұсқауы бойынша адамзатқа қарсы қылмыстар, оның ішінде депортация, қудалау және басқа да әрекеттер жасалды деп санауға негіз бар»,—делінген хабарламада.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Литва Беларусьтегі ахуал туралы құжаттарды Халықаралық қылмыстық сот қарауына берген алғашқы мемлекет болып отыр.

Еске салайық, 2020 жылы бұл елде президент сайлауынан кейін жаппай наразылық басталған еді. Ол 6 айдан астам уақыт бойы жалғасты. Қауіпсіздік күштері наразылық акцияларын қатаң түрде басып тастады. Кемінде төрт адам қаза тауып, жүздеген адам оппозициялық әрекеттері үшін түрмеге жабылды.

Пікірлер