Қазақ ертегілерін Словакияда оқитын болды

901
Adyrna.kz Telegram

Баньска-Быстрица қаласының Мемлекеттік кітапханасында словак тіліне аударылған «Ғажайып бақ» балалар ертегілері жинағының бірегей тұсаукесері өтті. Іс-шараға қалалық әкімшіліктің, мәдени және білім беру ұйымдарының басшылығы, сондай-ақ балалар мен жастар қатысты.

Кітапты көпшілікке таныстыра отырып, ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев Қазақстан мен Словакия арасында халықтың мәдени мұрасын өзара зерделеу мен мәдени алмасудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақ ертегілері – қазақ халқының мәдени кодын және ауызша халық шығармашылығының бай дәстүрлерін бейнелейтін ұлы дала фольклорының ажырамас бөлігі. Осындай құндылықтарымызбен словакиялық достарымызбен бөлісе алатындығымызға қуаныштымыз», – деді дипломат.

Әкімшілік және Баньска-Быстрица қ. Мемлекеттік кітапханасының басшылығы қазақ ертегілер кітабының шығуын құптап, бұл жас словак оқырмандарға қазақ халқының әдеби дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ жастар арасында оқуды насихаттау үшін бірлескен мәдени жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ғажайып бақ» кітабы күн астындағы Күнкей, Айсұлу және оның үш ағасы, Қобыланды, Абат және Ақбай батырлардың ерліктері, Аяз би аңыздары мен Алдар Көсенің шытырман оқиғалары туралы ертегілердің таңдаулы жинағы. Кітапта сондай-ақ қазақ халқының поэтикалық шығармашылығын, оның жақсылықтың зұлымдықты жеңуіне деген берік сенімін бейнелейтін жануарлар мен құстар туралы ертегілер ұсынылған. Ертегілердің әдеби-көркем аудармасын 80-ші жылдары көрнекті словак жазушысы, ақын және аудармашы Гелена Крижанова-Бриндзова (1922-1990 жж.) жасаған. Ертегілер жинағының алғашқы таралымы 500 данадан асады. Жақын арада кітаптар Словакияның кітапхана және көрме қорларына түседі.

Тұсаукесер аясында кілемдермен, тоқылған өрнекті таспалармен, қазақ музыкалық аспаптарымен және сәндік-қолданбалы өнер заттарымен безендірілген қазақ киіз үйінің интерьерінің көрмесі өтті. Көрмеге келушілер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген киіз үйдің мыңжылдық тарихымен және оны жасаудың бірегей шеберлігімен таныса алды.

Тұсаукесерге қатысқан жас қатысушылардың назарына «Ақсақ құлан» анимациялық фильмі ұсынылды. Қазақ ертегілері негізіндегі жұмбақтар сайысы балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Іс-шараның барлық қатысушылары сыйлық ретінде «Ғажайып бақ» ертегілер кітабын, сондай-ақ Қазақстаннан буклеттер мен кәдесыйлар алды.

 

Пікірлер