TikTok-тан төнер қауіп көп пе?

1008
Adyrna.kz Telegram

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желідегі парақшасында Tiktok платформасы туралы ойын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Біздің елде де бұл желінің қолданушылар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны кей креативті жандар жасөспірімдерді білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тастаған жүзіктей тым аз. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да, өздеріңіз байқап жүрсіздер. Сол көңіл көншітпейтін контенттің көптігінен Павловтың: «Счастье - где-то между свободой и дисциплиной» дегені ойға келеді. Иә, дұрыс түсініп отырсыздар, мен бұл платформаны «ішінара» шектеу жайына өз бес тиынымды қыстырмақпын. Жастарымыздың назарын жаулаған бұл платформаға белгілі бір шектеулер қоюды қолдауымның себебі әртүрлі", - делінген жазбада.
Сондай-ақ, шенеунік бұл платформаның бала психикасы мен киберқауіпсіздігіне кері әсерін айтты.
"Тарқата айтсақ:
Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады. Бүлдіршін тәрбиелеп отырған әке ретінде бұл жағы мені қатты алаңдатады.
Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. АҚШ, Франция, басқа да елдер TikTok-тың пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
Мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Канада TikTok-ты деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаның пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін, ал бұл Қазақстан үшін де өзекті мәселе.
Үшіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет болуы мүмкін. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін.
Қорытындылай келе, TikTok желісіне ішінара шектеу енгізу Қазақстан үшін маңызды қадам болмақ деген ойдамын. Балалардың психикалық саулығын қорғау, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында бұл шаралар орынды болады деп есептеймін", - деді ол.
Айта кетейік, 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, TikTok-ты Қазақстанда шамамен 9-10 миллион адам қолданады. Бұл платформа елде үлкен танымалдылыққа ие. Әсіресе жастар арасында кеңінен қолданылады.
TikTok Қазақстанда әлеуметтік желілердің ішіндегі ең жылдам өсіп келе жатқан платформалардың бірі саналады
Пікірлер