KitapFest Almaty. 50-ге жуық жаңа кітаптың тұсауы кесілді

1389
Adyrna.kz Telegram
Фото: Kitap Fest Almaty
Фото: Kitap Fest Almaty

Алматыда 14-15 қыркүйекте Алматы мәдениет басқармасы және қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен «BAURZHAN Foundation» қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty кітап фестивалі өзінің он жылдығын атап өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қала күні қарсаңында мегаполистің ең ірі мәдени іс-шараларының біріне айналған фестиваль 2014 жылы бастау алған болатын.

Биылғы ерекшелігі — фестиваль 10 жылда алғаш рет екі күн қатарынан өтті. «Келешек кітабы» ұранымен өтіп жатқан мерейтойлық фестиваль келушілерге түрлі бағдарламалар ұсынды.

Фестивальдің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, Kitap Fest Almaty кітапқа деген сүйіспеншіліктің символына айналды.

— Кітап — ұлт руханиятын дамытып, жас буынды ізгілікке тәрбиелеуде аса маңызды рөлге ие. Kitap Fest-тің басқа фестивальдерден айырмашылығы неде? Біріншіден, Kitap Fest — Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Екіншіден, бұл жай ғана кітап жәрмеңкесі емес, біз мәдениетті және оқуға деген сүйіспеншілікті насихаттаймыз. Әрбір кітаптың өз оқырманы бар. Сол сияқты әр жазушының да өз аудиториясы бар. Жобаның мақсаты оқырман мәдениетін дамытып, жазушылар мен оқырманға кездесу алаңын ұйымдастыру, — дейді ол.

Фестивальге 70-тен астам кітап дүкені мен баспалар қатысты және 50-ге жуық жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Аталмыш шараға шетелдік қонақтар да қатысты. Түркия елшілігінің өкілі Айхан Коркмаз мұндай іс-шаралар арқылы мәдени тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталды.

Пікірлер