Павлодарда 11 жастағы мектеп оқушысы екі қатарласына пышақ салған

1160
Adyrna.kz Telegram

Павлодарда алтыншы сынып оқушысы екі сыныптасын пышақтап жіберген. Зардап шеккендер медициналық көмекке жүгінді, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әлеуметтік желіде қала мектептерінің бірінде болған оқиға туралы ақпарат пайда болды. Полиция бұл туралы әзірге түсініктеме берген жоқ. Бұл фактіні облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева растады.

«Төтенше жағдай 11 қыркүйек күні «Эрзи» дүкенінің жанында, сағат 12:30-дан 13:30-ға дейін болды, 6-сынып оқушысы екі оқушыға қойма пышағымен жарақат салған, олар бірден ешкімге ештеңе айтпай, сабаққа келмей үйіне кеткен. Сол күні кешке олар облыстық балалар ауруханасында медициналық көмекке жүгініп, жарақаттарын тіккен», - деп түсіндірді Шәкенева.

Оның айтуынша, келесі күні ата-аналар оқиға туралы мектеп әкімшілігіне хабарлаған. Ол білім бөліміне хабар беріп, полиция шақырған.

«13 қыркүйекте Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтіп, онда заңды өкілге қатысты шешімдер мен ұсыныстар қабылданды. Төтенше жағдайға кәмелетке толмағандар кінәлі, ал мектеп әкімшілігіне қатысты қазіргі уақытта жарақат алған оқушыларға қауіп төніп тұрған жоқ, олар сабаққа кірісті», - деп қосты Сәуле Шәкенева.

Павлодар облыстық балалар ауруханасында хабарлағандай, зардап шеккендердің екеуін де емханаға ата-аналары өздері әкелген. Алайда олар төбелес кезінде балалардың зардап шеккенін айтпады. Екі ұл да 2013 жылы дүниеге келген, бір мектепте оқиды.

«Бір бала ата-анасымен 11 қыркүйекте сағат 14:00-де медициналық көмекке жүгінсе, екіншісі ата-анасымен сағат 21:00-де келді», - дейді дәрігерлер.

Кейін полиция да өз түсініктемесін берді. Олар тергеу басталғанын хабарлады.

«Полицейлер Қамзина көшесіндегі үйдің аулаларының бірінде орын алған оқиғаны анықтап жатыр, оның салдарынан екі оқушы және тағы бір кәмелетке толмаған бала жарақат алды. Тергеу барысында оқиғаға қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын жасқа толмаған баланың кінәлі екені анықталды. Сол себепті осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ», - деп түсіндірді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті кәмелетке толмағанның заңды өкілі баланың тәрбиесі, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын қосты.

«Кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау комиссиясы кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқын қарап, үйде оқыту форматына көшіру шараларын қабылдады», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.

Пікірлер