Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Жаңа он екі қабатты тұрғын үй «Достық» шағын ауданында бой көтерді. Баспаналы болған тұрғындардың қатарында жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлер бар.
Жаңа қоныс иелерін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Бүгін 193 отбасы үшін көптен күткен қуанышты күн. Кейбір азаматтар өз баспанасын 18 жыл күтті. Түсіністік танытып, сабырлық сақтағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы павлодарлықтарды баспанамен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Негізгі мақсат - мүмкіндігінше көп отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасау.

Тұрғындар қуаныштарын жасырмай, өз әсерлерімен бөлісті.
- Біздің отбасымыз үшін бұл - өз үйімізде тұрып, балаларымызға жайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін көптен күткен қуаныш. Мемлекеттік қолдауға ерекше мұқтаж отбасыларға көңіл бөліп, қамқорлық танытып отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын, - деді көпбалалы әке Жәнібек Қуаныш.
Жаңа тұрғын үй 638 пәтерлі: 330 пәтер - бір бөлмелі, 242 пәтер - екі бөлмелі, 66 пәтер - үш бөлмелі. Он екі қабатты үйдің жалпы ауданы 59 мың шаршы метрден асады.
Жаңа тұрғын үй «Достық» шағын ауданын кешенді дамыту жұмыстарының бір бөлігіне айналды. Бүгінгі таңда шағын ауданда мектеп жұмыс істеп тұр, әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді. Алдағы уақытта балабақша, мұз сарайы, конгресс-холл және басқа да нысандар салу жоспарланған. Сонымен қатар ұзындығы шамамен 4,5 км болатын жаңа трамвай желісінің құрылысы жүргізілуде. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 166 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 193 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,6% құрады.
