Оқушылардың орнына әкімдік жауап берді. Жеті жыл бұрын салынған мектеп қирап қалған

1076
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Алматы облысында 7 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп апаттық деп танылып, қирап қалған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Письма президенту” Telegram арнасында мектептің 2 млрд теңгеге салынғаны айтылды. Жазбада Алматы облысының Іле ауданындағы №40 мектептің апатты жағдайдағы суреті пайда болды.

“Ғимараттың құрылысына халықтың 2 миллиард теңгесі жұмсалды. Қазір 3000-ға жуық бала көрші ауылдардағы жақын маңдағы мектептерге баруға мәжбүр. Әкімдік ғимаратты күрделі жөндеуге қайта 800 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бірақ ата-аналар мұндай шешімге қарсы. Себебі ғимарат сапасыз салынған және балалардың өміріне қауіп төндіреді. Ең таңқаларлығы, ешкім лайықты жазаға тартылмаған”, – делінген жазбада.

Осы жайтқа байланысты Алматы облысының әкімдігі мектеп жер сілкінісінен кейін апатты жағдайда деп танылғанын хабарлады.

“Құрылыстың сапасын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Кінәлілер жауапкершілікке тартылып, құрылыс компаниясына қатысты сотта іс қозғалады. Іле ауданындағы №40 орта мектеп оқушылары Боралдай кентіндегі №17 және №54 орта мектептерінде білім алатын болды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушыларды үш ауысымда 8 автобуспен тасымалдау жұмыстары жолға қойылды. Оқушылардың сабаққа уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін арнайы тасымалдау кестесі жасалды. Сынып жетекшілері мен кезекші мұғалімдер күн сайын оқушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң қадағалайды. Сонымен қатар, оқушылардың уақтылы және сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінді. Мектеп медбикесі оқушылардың денсаулық жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Оқу жылының алғашқы аптасында оқушылар жаңа оқу үрдісіне толығымен бейімделді”, – деді әкімдік.

Пікірлер