Премьер-Министр Олжас Бектенов Мұнайлы ауданынының Бесшоқы ауылында балалардың улануына байланысты Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлері мен Маңғыстау облысы әкімінің есептерін тыңдады. Бұл туралы бүгін, 9 қыркүйекте Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда 460 бала дәрігерлердің бақылауында. Оның 83-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің барлығы, оның ішінде жансақтау бөліміндегі 2 баланың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды.
«Қазіргі уақытта ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек, соның ішінде психологиялық көмек көрсетілуде. Оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәулік бойы штаб жұмыс істейді»,—деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін өңірге «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының мамандары жіберілді.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, № 8 мектепте тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылады.