Абайтанушылар кеңесін құру қажет деп есептеймін - Жандос Әубәкір

5337
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Руханият мәйегіне айналған Абай Құнанбайұлының мұралары бүгінгі ұрпаққа аманат еді. Ал аманатқа қиянат жасалмады ма? Бұл туралы ”Абай академиясы” ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, “Құрмет” орденінің иегері Жандос Әубәкір “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.

- Жандос мырза, Абай Құнанбайұлы мұрасын қанша уақыттан бері зерттеп келесіз. Ғылыми ізденісіңіздің бағыты жайлы айтып берсеңіз.

- Мен Абай туған Шыңғыстауда, Көкбай өмір кешкен ауылда дүниеге келдім. Сондықтан ақын мұрасы маған өте ыстық. Абай облысы аумағындағы алғашқы ресми медреселердің бірі болып ашылған, араб, түркі, орысша сабақ өткізген Көкбай ұстаздың білім ордасының жалғасындай Көкбай атындағы орта мектепті тамамдаған соң, ұлылар мұрасына деген қызығушылығымның негізінде қазақ әдебиеті мамандығын таңдап, Семей қаласындағы қазіргі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түстім.

Студенттік өмірдің алғашқы жылдарының өзінде Абай мұрасына, ақынның дарынды шәкірті Көкбайға қатысты әжем Шәрбан Ботағазықызынан жазып алған естелік-әңгімелерім облыстық газеттерде басылып жатты. Студент болсам да республикалық конференцияларда Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері туралы баяндама жасап, ғылыми мақалаларым түрлі жинақтарға ене бастады. Яғни өзімнің болашақтағы зерттеу бағытым Көкбай ақын мұрасы болатындығы нақты жоспарлана бастады. Сол себептен де дипломдық жұмысымды осы тақырыпта қорғадым.

Ұстазым, жетекшім филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетов Көкбай тақырыбын ары да терең зерттеу қажеттігін ұсынған-ды. Шындығында да әдебиет зерттеушілерінің Көкбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде арнайы диссертациялық зерттеу жұмысы бізге дейін болмаған еді. Сол себептен 1996 жылы университеттің аспирантурасына түсіп, Көкбайдың әдеби мұрасын Абай шығармашылығымен бір байланыста алып, оның көркемдік, жанрлық ерекшеліктері мен идеялық - тақырыптық арналарын ашып көрсетуді, өмірі мен қоғамдық қызметіне байланысты дерек көздерін толықтыра отырып, оның азаматтық тұлғасын айқындауды, Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырудағы ролін саралауды мақсат етіп алып, диссертациялық жұмысқа кірісіп кеттік.

Ақырында 1999 жылы 24 жасымда Ұлттық Ғылым академиясы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Көкбай Жанатайұлының әдеби мұрасы» тақырыбындағы кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықтық.

Айтып өткенімдей, студент кезімде ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға арнайы экскурсоводттық қызмет атқарып, дүбірлі тойға ақын-жазушылар мен академиктерді, ғылым докторлары мен ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін бастап апарған едім. Мұның өзі бір үлкен тарих.

Университте декан, проректор болып қызмет атқару барысында да Абай шығармашылығын насихаттау басты мақсатымыз болды.

2010-2015 және 2019-2020 жылдары Абайдың қарашаңырағы «Абайдың мемлкеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін» басқарған кезеңде ұлы ақынға қатысты тарихи-мәдени ескерткіштер жайы ғана емес, жалпы хакім мұрасы зерттеуіміздің басты нысанасы еді. Алматыда, Семейде Абай орталықтары мен институттары, «Абайтану» бөлімдерінде істеген жұмыс кезеңдерінде негізгі жұмысымыз Абай болғандығы белгілі.

Қазіргі таңдағы, яғни 2021 жылдың 13 қаңтарынан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми – зерттеу институтының директоры қызметім тікелей Абайдың мұрасын зерттеу бағытында екендігін білесіздер. Жалпы менің өмірім Абай ілімін зерттеу, оны насихаттау бағытына арналғандай.

АБАЙДЫ ТОЛЫҚ ТАНЫП-БІЛУ МҮМКІН ЕМЕС”

- Ақынның қай шығармасын түсіну өзіңізге қиынға соқты?

- Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы дегенде Мұхтар Әуезов аузымызға бірден оралады. Абай мен Мұхтар Әуезов шындығында да егіз ұғым. Ғұлама ғалым Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын әлемге танытса, сол арқылы әлем де ғұлама ғалымды, теңдессіз жазушыны таныды. Зерттеуші ғалымның басты нысанасы Абай болса, Абайдың негізгі зерттеушісі – Мұхтар Әуезов. Ал Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай мұхит болса, мен мұхиттан шөміштеп ғана алдым»,– демей ме?!

Абай – тұңғиық теңіз, дария мұхит. Оны толық танып-білу мүмкін емес. Оның әр шығармасы, еңбегі терең мағынаға ие. Оған жеңіл-желпі қарай салуға болмайды.

Әр жылдар, әр кезеңде абайтануға қатысты қаншама сүбелі зерттеу еңбектер дүниеге келуде. Әйтсе де Хакім мұрасы түгесілмейтін алтын қазына болғандықтан, ол әр қырынан әлі де терең зерттеле беруі керек. Біз әлі Абай даналығының тұғиық теңізіне бара алмай отырмыз. Алда абайтанудың сан түрлі көкжиектері ашыла беретіні ақиқат.

- Абай академиясы ғылыми-зерттеу институтының директорысыз. Институт жұмысымен бөлісе өтсеңіз. Абайтануға қандай үлес қосуда?

- Абай мұраларын зерттеу, насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар жасалынуда. Еліміздегі «Абайтану» институттары мен орталықтар, бөлімдер еңбегі жоғары. Енді біздің институттың атқарған істерін айта кетсем.

2019 жылы халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғандығы баршаңызға мәлім.

Абай академиясының негізгі мақсат-міндеттері  «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары», «Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағыттары бойынша ақынның тұлғасы  мен мұрасын  жаңа заман  контексінде  зерттеу; Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамытуға әсер ету; ұлт әдебиеті, мәдениеті және тарихи деректерін жинақтау, жүйелеу, саралау, зерделеу; Абайтанумен  айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарын академия төңірегіне топтастыру, ғылыми тұрғыдан үйлестіру; Абайды – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға ретінде насихаттау; Абайтанудың  жаңа буын мамандарын қалыптастыру болды.

Академияның бір ғана бағыты ғылыми-танымдық зерттеулер бойынша қазіргі таңға дейін 84 еңбектің жарыққа шығаруының өзі атқарылған ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады.

«Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықовтың басшылығымен 2020 жылы Еуразия ұлттық университетінің тікелей өз қаржыландыруымен арнайы жобалар жүзеге асырылып, 20-дан астам академиялық басылымдар оқырмандарға ұсынылған болатын.

2021 жылы Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Академия Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде екі кешенді жобаны іске асырып, 24 ғылыми-танымдық кітап әзірледі.

2022 жылы да академия арнайы сериялармен абайтануға қатысты сан қырлы аспектідегі терең ізденістерге негізделген ғылыми санаттағы іргелі зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды. Осы жарияланған 24 ғылыми-танымдық кітаптар да абайтанудың өзекті бағыттарына арналған.

«Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында алыс-жақын шетелдегі және республикалық ғылыми басылымдар мен БАҚ-та Абай мұрасы қоғамдық-гуманитарлық,  әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, тарихи-этнография  және т.б. салалар бойынша жаңаша пайымдалған танымдық мақалалар жарық көрді.

Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағытымен арнайы салалар бойынша Қазақстанның барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 6 әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді.

«Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында 14 әлеуметтік-танымдық кейстер әзірленді.

2023 жылы «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абай шығармашылығы және  қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің мәселелері», «Абай мұрасы контекстінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру»  т.б. арнайы сериялармен 12 ғылыми-танымдық зерттеудайындалды.  

«Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында алыс-жақын шетелдегі және республикалық БАҚ-та Абай мұрасы қоғамдық-гуманитарлық, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, тарихи-этнография  және т.б. бағыттарда жаңаша пайымдалған 50-ден астам мақала жарық көріп, 22 әлеуметтік-танымдық кейс дайындалды.

Жаһандану дәуіріндегі қоғамның даму үрдісімен бірлікте Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына тарихи талдау жүргізу арқылы заманауи мультимедиялық технологияларды қолдана отырып «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.

Еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылуда.

Ақынның асқақ арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде кеңінен таныстыру бағытында Абай академиясы өз жұмысын ары да жан-жақты жалғастыра бермек.

АБАЙ ТУРАЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕРГЕ САҚ БОЛУ КЕРЕК”

 - Әрине, Абайтану саласында бүгінде атқарылып жатқан істер де, зерттеулер де көп. Дегенмен, Абай ілімін дәріптеуде не жетпейді?

- Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табыла отырып, адам бойындағы кереғарлықтарды жою мақсатында ұлағатты терең ойларын қалдырып кетті. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс.

Күллі адамзатқа ортақ дара ой алыбы Абайдың әрбір даналық сөзін, қоғамдық мәні аса жоғары философиялық түйіндерін, ғылыми-танымдық көзқарасын болашақ ұрпаққа, жас білім жолына түскен маманға, жалпы ақын мұрасына қызығушылықпен қарайтын ізденушілерге жан-жақты жеткізе білу біздің басты мақсатымыз. Хәкім мұрасын терең зерделей беру бағытында ізденістер жалғаса бермек.  

Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында ең көп зерттелген де, шығармашылық мұрасы жан-жақты талданып, ғалымдардың тыңғылықты назарына ілінген да Абай екендігі даусыз. Ә.Бөкейханов, М.Әуезовтен бастау алған абайтану саласында да хәкім Абайдың өмір жолы барынша кең жүйеленді. Абайтануда алғаш сүрлеу салып, тұңғыш ғұмырбаяндық деректерді негіздеуші Кәкітай, Турағұл, Көкбайлардан бастау алған еңбектердің ішінде М. Әуезовтің орны ерекше.

Ең алдымен, әрине, ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеу, насихаттау бағытындағы жұмыстарға мемлекеттік деңгейде жан-жақты қолдау қажеттігі айқын. Кейбір шенеуліктердің хәкім мұрасын зерттеп болдық емес пе деген саяз көзқарасының әсерінен көптеген абайтану жұмыстарына кедергілер келіп жатқандығы жасырын емес.

Екіншіден, алғашқы абайтану баспалдақтарынан бері Абай шығармаларының текстологиясымен айналысып келе жатсақ та, бұл сала әлі де өзекті болып қала бермек. Қазіргі таңда Абай шығармаларын кез-келген баспа шығара алатын болғандықтан, түрлі текстологиялық ауытқулар, орфографиялық қателер ғана емес, жекелеген құрастырушының өз ойы бойынша ғана өзге де басқа шығармалардың еніп кетіп жатқанын байқап қаламыз. Сол себептен де М. Әуезов бастаған белгілі абайтанушы ғалымдар бірлесіп шығарған және кейінгі жылдары жарық көрген академиялық жинақтарды негізге алуларымыз керек.

Үшіншіден, қазіргі таңда Абайға қатысты естеліктер мен дәлелсіз деректер көптеп шығып жатқандықтан кейбір дүниелерге сақ болуымыз керек. Әрине, ғылым дамуы барысында жаңа нәтижелердің шығатыны анық, бірақ нақты деректі айғағы, не дәлелі жоқ әңгімелерге еш сенудің және оны оқушыларға жеткізудің қажеттілігі шамалы. Басшылыққа Абай туралы табылған архив құжаттарын, нақты тарихи деректерді, сонымен қатар сол заманда жазылған замандастары мен ұрпақтарының естеліктерін және М. Әуезов еңбектерін алуымыз керек. Сол себептен де абайтануға қатысты жарық көрер кітаптар, еңбектер міндетті түрде еліміздегі «Абайтану» институттары мен орталықтарының, бөлімдерінің  бірінің талқылауынан өтіп, не ұсынысын алып, яки болмаса абайтанушы ғалымдардың келісімімен шығатын болса, үлкен нәтижеге қол жеткізер едік. Бұл ұсынысымызға әрине жеке автор өз құқығына орай келісе қоюы екіталай. Әйтсе де «Абай орталықтарының» келісімін алған еңбектерге басымдылық берелетіндей болар еді.

Алдағы уақытта абайтану бағытындағы жұмыстарымыз жүйелі әрі бірлескен ортақ бағыттарды негізге алу мақсатында нақты екі ұсыныс айтқым келеді:

Бірінші, Абайтанудың стратегиялық даму жолдарын қарастыру мақсатында абайтанушылар кеңесін құру, не арнайы координациялық орталыққажет деп есептеймін. Мемлекет басшысы «Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады», – дегеніндей осы бір игі бастаманы Абай академиясының төңірегіне топтастырғанды ұсынамыз. Болашақта абайтануға қатысты барлық сұрақтар, көкейкесті мәселелер мен өзекті тақырыптар осы кеңесте бірлесіп талқылап отырар еді.

Екінші, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес,  қаржыландыру тетіктерін қарастыра отырып Абай академиясы жеке заңды тұлға ретінде құрылып жатса, абайтанудағы ең басты жетістік, Абай аманатына деген құрмет болар еді.

НЕГІЗГІ БАҒДАРШАМ – АБАЙ СӨЗДЕРІ”

 - Жандос мырза, Абай аманаты бұл кезеңде қаншалықты ақталды деп ойлайсыз?

- Ұлылықтың асқар шыңына шығып, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын «көкірегі сезімді, тілі орамды» ерен ұрпағына арналған Абай сөзі қашан да өрелі, ғасырлар дамуының қай көшінде болсын өзекті.

Қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби мұрасында жатыр. Абай әлемі – тұтас бір дәуірді қамтитын рухани мұра болса, ойшыл ақынды тану – қазақты тану, ұлттың ерекшеліктеріне мән беру. Ғасырлар көшіндегі жеткен жетістігіміз бен жіберген кемшіліктерімізге Абай Құнанбайұлы айтып кеткен таным деңгейімен мән бере қарау, ұлы ақын сөздерінен ұлағат алу бүгінгі күннің басты ұстанымы болуы шарт.  Жас ұрпақ бойына адамгершілік мінез-құлқын, жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерін қалыптастыруда негізгі бағдаршам – Абай сөздері екендігі ақиқат. Ендеше халық болып тәрбиелік маңызы аса жоғары, даналық ойларға толы хакім мұрасына дендеп енгенде ғана Абай аманатына адалдығымызды көрсетеріміз анық.

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Міне, Абай ұстанымы. Қазақтың болашағының жарқын дамуына қажетті ғибратты сөз! Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде адамдықтың ақ жолымен жүргеннен артық ешнәрсе жоқ. Күншіл болмай, замандасына қиянат жасамай, пәлеқорлықтан аулақ болса ғана ел бірлігі де арта бермек. Абай сынаған надандықтың қалдықтарымен қазіргі таңда күресе беруіміз қажет. Хәкім сөздерінің ұлағатына сонда ғана жетеміз, нәтиже шығарамыз. Арамдықты болдырмау, елді ғылым-білімге үндеп, ынтымақты өмір кешу біздің міндетіміз. Мәңгілік ел боламын деген қазағымызға қарап «қайран жұртым» деп айту жоғалып, бүгініміз бен болашағымызды тек жақсы жағынан көретін, жетістігі мен береке-бірлігін тек мақтап айтатын дәуірлер болсын!

Абайдың да басты мақсаты мен арманы да – тәуелсіз еліміздің биік өркениет қатарында болуы, халқымыздың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қасиетімен даралануы. Ғылым-білім жолына үндеген, адамзаттың бәрін махаббатпен суюге шақырған, толық адамның қасиеттерін негіздеген, Алланың хикметін сезу жолдары айтылған Абай мұрасының даралығы да, даналығы да әлем бойынша алдағы уақытта жарқырай берері хақ!

Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Ғылым-білімді терең меңгеру – болашағы мәңгілік елдің маңызды бағытының бірі. Рухани кемелділік те, ұлттық таным мен тәрбие де біліммен молая түсері хақ. Сол білімге бастар, келешек ұрпаққа да, бүгінгі замандастарымыз баршамызға да «өшпес өмір, таусылмас мал берелік» темірқазықтай жол көрсетер «білімді данышпанымыз» тұр емес пе?! Ендеше Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай «ақылын тегінге сатқан» Абай мұрасына үнемі сүңги берсек, тереңге бойлай түсеріміз анық. Рухани байлық та, кемелділік те сол тереңдікте. Ақынның өзі:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сін

Тереңге бет қоймаса, –  

дейді емес пе?! Ал сол тереңдік Абай мұрасында жатыр... Ендеше, Абай аманатына адал болалық!

 - Айтқаныңыз орындалсын! Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер