Желідегі даулы видеодан кейін БҚО-да прокурор қызметінен кетті

1138
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының табиғат қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев желіде тарап кеткен видеодан кейін қызметінен кетті, деп хабарлайды“Адырна” ұлттық порталы. 

БҚО прокуратурасы 12 тамыз күні Facebook-те «Қоршаған ортаны қорғайтын прокурор, қоршаған ортаны бүлдіріп жүргені қалай?» деген тақырыппен тараған фото-видео бойынша қызметтік тексеріс жүргізген. Анықталғандай, Абылай Бисқалиев жұмыс орнында болған. Сол күні жасалған медициналық куәландыру прокурордың сау болғанын көрсеткен.

«Объективті себептерге байланысты фото-видеоның нақты қай күні түсірілгенін анықтау мүмкін болмады. Бірақ бұл жағдай қоғамдық резонанс туғызып, әлеуметтік желі қолданушылары мен ақпарат сайттарының оқырмандары арасында қызу пікірталасқа ұласты. Әдеп кодексіне сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтар, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, мемлекеттік билік беделіне, азаматтар мен қоғамның мемлекеттің институттарына деген сенімін нығайтуға септігін тигізуі керек, теріс қоғамдық резонанс туғызатын әрекеттерге жол бермей, өз абырой-беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ жүруі керек», - дейді прокуратурадағылар.

Осыған байланысты 15 тамызда қызметтік тексерістің нәтижесі және облыс прокуратурасының дисциплинарлық комиссиясының ұсынымы бойынша Абылай Бисқалиев қызметке толық сай еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапқа тартылған. Алайда Бисқалиев мемлекеттік қызметкерлердің моралдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қойылатынын түсіне отырып, басшылықтың атына қызметінен босату туралы рапортпен жүгінген. Осылайша 20 тамызда Абылай Бисқалиев Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры қызметінен босатылған.

Айта кетсек,  тамызда Қазнетте облыстың табиғат қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев мас күйінде қала көшелерімен теңселе жүрген видеосы тараған. Осыдан кейін прокурордың үстінен қызметтік тергеу басталған.

2018 жылғы 23 ақпанда Абылай Бисқалиев Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының прокуроры болып тағайындалған.

Қызметті 2003 жылы аудандық прокурордың көмекшісінен бастаған. 2012 жылы Теректі ауданының прокуроры болған.

Пікірлер