Зейнеп Ахметова: Қазақ тілінің өрісін тарылтып, құрдымға кетуіне себепшінің бірі - әсіредіншілдер

996
Adyrna.kz Telegram
Мәдениеттанушы, жазушы Зейнеп Ахметова 4  қыркүйек күні Қонаев қаласында өткен тіл фестивалінде қазақ тілінің тоқырап бара жатқандығын айтып, оның салдарын атап өтті, деп жазады "Адырна" тілшісі. Бұл туралы желіде Айгүл Болатханқызы бөлісті. 
"Қазақ тілінің өрісін тарылтып құрдымға кетуіне себепшінің бірі - әсіредіншілдер. Өйткені олар дәстүрге шабуыл жасап келеді. Ал дәстүр жойылса, тіл де құриды. Айталық, келін сәлемі керек емес, ол - құдайға қосақ қосу. Олардың түсінігінде солай, яғни тойларында “Беташар” айтылмайды! Ал қазақ “Беташарының” тарихы сонау өткен ғасырлардан бастау алады, тіпті күні бүгінге дейін “Беташар” жазбаған ақын кемде-кем. Егер тойда келін сәлемі ширк болса, “Беташар” айтылмаса, қазақтың тілдік қорындағы қаншама сөз құрып жатыр ғой. Екіншіден, хиджаб мәселесін алсақ, бұл да солай! Бір ғана шаштың айналасындағы қаншама сөз ұмытылмай ма осылай кете берсе! Айталық, қолаң шаш, сүмбіл шаш, он екі өрім, қос бұрым, кекіл, тұлым, шашбау, шолпы, шаштеңге, үзбе… Тағы бір ескерер нәрсе бар. Ұлтты құртуды мақсат еткендер алдымен сол ұлттың атын өшіруге тырысады, есімінен бастайды. Қазір баласына қазақ есімдерін қоймайтындар көбейді. Бұл жақсылыққа апармайды. Қазақта “тілден қалды” деген сөз бар. Науқасқа қаратып айтылады. Тілден қалған ауру адамның беті бері қарамайды. Оның мына дүниедегі татар дәмі таусылған шақта тілден қалды. Ал егер тұтас бір ұлт, біздің ҚАЗАҚ тілден қалса не болады? Ойлаудың өзі қорқынышты! Біз салдарын ғана айтамыз. Себебімен күреспейміз" дейді Зейнеп апамыз.
Пікірлер