Мұзтау (Ресейде Белуха аталады) аумағында Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара белгілеу мәселесі әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Курсивке сілтеме жасап.
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны белгілеу мәселесін тезірек аяқтауды тапсырған болатын. Қазақстан-Ресей шекарасы Мұзтаумен (Белуха) өтетіндіктен туристер табиғи нысанға барғанда шекаралық бақылау ережелерін бұзуға мәжбүр екені де айтылуда.
Шекараны нақты белгілеп, екі елдің туристері тауға еркін кіріп-шығу мәселесі талқылау туралы сенат депутаты Ольга Булавкина мәлімдеді.
“Мұнда барлығы шекараны демаркациялаудың қашан аяқталуына байланысты. Ол жердегі туризмнің дамуы екі ел үшін де маңызды. Процесс аяқтала салысымен екі елдің министрлері өзара келісімге отырып, Мұзтау аумағына барып, туристік орындардың қалай орналасатынын талқылайды”, - дейді депутат.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бұл мәселені өзара шешу керектігін айтты.
“Мәселе тек ресейлік туристердің бұл аумаққа кіре алмайтынында емес. Егер біз өзара байланысты реттесек, онда біздің туристер де Ресей аумағына жақын болғандықтан шекарадан өтуге тура келеді. Олай болмаған жағдайда ұзақ жолмен айналып өту керек болады. Егер қос мемлекет те шекарадағы өткелді жасауға ниетті болса оны салу керек”, – дейді Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, шекара мәселесі үкіметаралық комиссияның отырыстарында талқыланады. Бірақ оның қашан шешім табатыны орталық органдардың келісіміне байланысты.
Биыл тамыз айының басында Ресей басшысы үкімет мүшелерімен кездесуінде «Бізде Қазақстанмен шекарада шешілмеген бір мәселе — Белуха тауы бар. Үкіметаралық келісімге қол қою керек. Өйткені тауға шығу үшін Қазақстанның аумағын пайдалану керек, ол жақта шекаралық режим бар. Бірақ бұл мәселе де біздің ерекше бақылауымызда», - деген.
Мұзтау (Белуха) — Қазақстан мен Ресей шекарасын бөліп жатқан тау. Ол Көксу ауданы арқылы Алтай республикасы мен Шығыс Қазақстан облысының аумақтары арқылы өтеді.