Қазақстанның паралимпиада құрамасы Парижге XVII жазғы ойындарға аттанды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
«XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын паралимпиадашылардың алғашқы легі Парижге аттанды. Делегация құрамы пара-волейбол, пара-үстел теннисі және пара-жүзу бойынша ұлттық құрамалардың атынан өнер көрсететін спортшылардан тұрады», - делінген хабарламада.
Отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама 28 жылда алғаш рет Париж-2024 Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алғаны атап өтілді. Сонымен қатар, пара-үстел теннисіне берілген лицензия спорттың осы түрінен ел тарихында тұңғыш рет тіркелді.
Пара жүзуден ұлттық құраманың құрамында Лондон-2012 Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио-2020 Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали, сондай-ақ Токио-2020 қатысушылары мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Сиязбек Далиев, Әміре Мұратбеков сынды танымал спортшылар бар екені хабарланды.
Жалпы, 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар тоғыз спорт түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Ойындар 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.