ТАРАЗ ТУРИЗМНІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

3952
Adyrna.kz Telegram

Туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыста туристер легінің өсу динамикасы байқалып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың қаңтар-наурыз қорытындылары бойынша облыста келушілерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны 181 бірлікті құраған.

– Нақтырақ айтсақ, ондағы орналастыру орындары саны 2005 бөлме болса, біржолғы сыйымдылық 3872 төсек-орынды құрайды. Олармен 30984 адамға қызмет ұсынылып, қызмет көрсетілген келушілердің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда есепті кезеңде 21,4%-ға артты.        Есепті кезеңде орналастыру орындарында 261759 мың теңге сомасына қызмет көрсетілді. 2019 жылғы қаңтар-наурыз қорытындылары бойынша резидент емес келушілердiң саны 17,9%-ға артты. Мәселен 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында келушілер 750 болса, ал биылғы жылдың дәл осы айлаырнда 884 адамға жетті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2019 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығындағы (6 ай) туризм саласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың аумақтық көлемі – 3 млрд 521 млн 639 мың теңгені құрады, – дейді басқарма басшысы.

Қарлығаш Әмірқызының айтуынша, Жамбыл облысы экономикасының басымды бағыттарының бірі ретінде туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда жоспарланған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін облыстың оң туристік имиджін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ,  өңірге туристерді көптеп тарту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр.

– Жамбыл облысы мен оның орталығы Тараз қаласы тарихи өңір болғандықтан туризмді дамытуға қолайлы аймақ болып саналады. Нақтырақ айтсақ, облыста 3 365 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері орналасқан, оның ішінде 2 934 археологиялық, 111- тарихи, 97 архитектуралық нысан болып саналады.  Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 нысан ЮНЕСКО-нің дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Мәселен Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе қалашықтарына қызығушылық жоғары. Сондай-ақ «Ақыртас» сарай кешені мен «Айша бибі» мавзолейі Еуразия экономикалық ынтымақтастық ұйымының «Ерекше тартымды туристік нысандар» тізіліміне енгізілген, – дейді ол.

Қарлығаш Әмірқызы облыс турзимін дамыту үшін жол жүруді жеңілдетудің маңызды екенін айтады.  1 мамырдан  бастап  «Fly Arystan» компаниясы «Алматы-Тараз-Алматы» бағытында жолаушыларға қызмет көрсететін болады. Аталған бағыттың ашылуы  ішкі туризм бойынша келетін туристер легін ұлғайтатын маңызды факторларының бірі болып отыр.

Пікірлер