Қарағанды облысы бюджетінің 47% білім саласына жұмсалады

2730
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Білім беруде жаңа цифрлық технологияларды енгізу - Қарағанды облысы педагогтерінің тамыз кеңесінің басты тақырыбы. Дәстүр бойынша өткен оқу жылындағы өңірлік білім беру жүйесінің жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылындағы стратегиялық бағыттар айқындалды.

Кеңес өткен С. Сейфуллин театрының фойесінде цифрлық көрме ұйымдастырылды.

Биыл Қарағанды облысында білім беру саласына бюджеттің 47%-ға жуығы бөлінген екен. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша соңғы 5 жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты.

Мектептер жоспарлы түрде жаңғыртылып, жаңа оқу орындары жөнделіп, салынуда. Жыл соңына дейін Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында апатты мектептердің орнына екі жаңа мектеп салынады. Биылғы оқу жылында облыста 12 жаңа мектеп есігін айқара ашады, оның 10-ы жайлы мектеп. 2025 жылға дейін тағы 20 мектеп салынады, оның 18-і "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының стандарттарына сәйкес келеді.

Материалдық-техникалық база нығайтылуда. Облыс мектептерінің 80 %-ы заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген.

Өткен оқу жылында біздің оқушылар қазақстандық білім берудің жоғары халықаралық имиджін растап, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 26 медаль жеңіп алды, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 8-ге артық.

Қосымша білім беру мен шығармашылық дамуға қаражат бөлінеді. Биыл Пришахтинскіде жаңа "Кәусар" оқушылар сарайы ашылды. Дәл осындай сарай биыл Майқұдықта салынады.

Кеңесте сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім беру қызметкерлерінің ел болашағына қосқан зор үлесін атап өтті.

– Біз балалар мен жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ білім беру процесінің сапасы және біздің өңіріміз бен еліміздің болашағына қосқан үлесіміз сіздерге байланысты. Құрметті ұстаздарымыз, біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр, бірақ біз барлығын бірге жеңе алатынымызға сенімдімін. Бұл оқу жылы барлық жетістіктер, биік белестер мен жаңа көкжиектер жылы болсын! – деп өңір басшысы қарағандылық педагогтарға тілек білдірді.

Дәстүр бойынша кеңес барысында педагогтарға Ы. Алтынсарин атындағы, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", Еңбек ардагері" төсбелнілері, сондай-ақ ҚР Ағарту министрінің құрмет грамоталары табысталды.

– Мен 40 жыл үздіксіз сабақ беріп келемін: Жаңажол ауылында 31 жыл жұмыс істедім және соңғы 9 жыл Қарқаралыда еңбек етемін. Мұғалім мамандығын өзім таңдадым. Менің еңбегімді бағалап, "Еңбек ардагері" төсбелгісін табыстағанына ризамын, – деп бөлісті Қарқаралы ауданы О. Жәутіков атындағы № 1 мектептің математика пәнінің мұғалімі Дариға Тұрғамбаева.

Пікірлер