Ғасыр жасаған майдангер. ҰОС ардагері Шәңгерей Жәнібеков өмірден озды

1033
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жаныбековпен қоштасу рәсімі өтті. Ақтық сапарға шығарып салу рәсіму майдангер тұрған үйде өтті, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ардагерді жерлеу рәсімі Кеңсай зиратында толық әскери құрметпен өтті.

Шараға «Қарулы Күштердің Ардагерлері» РҚБ Алматы қалалық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин, Алматы гарнизонының, Медеу аудандық қорғаныс бөлімінің әскери қызметшілері, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты.

Шәңгерей Жаныбеков 1924 жылы 15 маусымда Қостанай облысы Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған ол туыстарының қолында өсті.

Қостанай медициналық училищесінде білім алып, 1942 жылы кеңес әскері қатарына әскери фельдшер болып шақырылды. Брянск, Дала және Екінші Украина майдандарындағы ұрыстарға қатысып, жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетті.

Ардагер Белгород, Харьков, Полтава, Кременчуг қалаларын азат етуге, сондай-ақ Корсун-Шевченко, Яссы-Кишинев операцияларына қатысқан. Румынияда, Венгрияда, Чехословакияда, Австрияда фашистік әскерлерге қарсы шайқастарға қатысқан.

Шәңгерей Жәнібеков 2-дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Фашистік күреске қарсы күреске белсене қатысқаны үшін» медальдарымен марапатталған (Чехословакия).

Соғыстан кейін де Жәнібеков партия органдарында жауапты қызметтер атқарып, еңбек жолын жалғастырды. 1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін Шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жөніндегі республикалық қоғамды, Соғыс және еңбек ардагерлерінің Қазақ республикалық кеңесін басқарды.

«Шәңгерей Жәнібекұлының өмір жолы – ерліктің, Отанға деген адалдық пен тазалықтың үлгісі, оның фашизмді жеңудегі және Қазақстанның соғыстан кейінгі дамуына қосқан үлесі халық жадында оған шексіз берілгендіктің жарқын символы ретінде сақталады», - деп атап өтті Алматы гарнизоны.

Пікірлер