Ұлы Отан соғысы. Мамырда аталуы тиіс – желтоқсанға жылжыған не шара?

2760
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ұлы Отан соғысына қатысты деген шараны мамыр айында емес, желтоқсанда атап өтуі мүмкін, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup сайтына сілтеме жасап. Бұл қай «Отан соғысы»? Бәлкім, биыл ел бойынша еленбей қалған «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының 300 жылдығына қатысты шара болар. Ол да көктемде, мамырда басталған оқиға еді ғой.

6 қараша күні Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Ақтөбе облысының іздестіру жасағының патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша іс-шаралар өткізу» деген тақырыппен тендер жариялаған. Атауының өзі түсініксіз һәм күңгірт шараны өткізуге облыс бюджетінен 1 млн 339 мың 285 теңге қаржы бөлінген. Тендер жеңімпазы 26 қараша күні анықталады.

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ҺӘМ «АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ»

Техникалық сипаттамаға қарап, тендер жеңімпазының қандай шара жасайтынын түсіне алмадық. Қараңыз, мәтінді өзгертусіз беріп отырмыз.

«Жастарға әскери патриоттық тәрбие беру және тарихи-мәдени мұраны сақтау.

1 өлшемшарты: Әлеуетті жеткізуші ұсынған жобаның тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасының талаптарына келесі бөлімдерді қоса алғанда сәйкестігі:

- Мәселенің сипаттамасы (зерттеу, статистикалық және аналитикалық ақпаратты талдау және т.б. анықталған объективті деректермен негізделген);

- Жобаның мақсаттары мен міндеттері;

- Жобаны іске асыру әдістері;

- Тапсырыс беруші қойған мақсаттарға жету үшін ісшаралардың егжей-тегжейлі жоспары;

(іс-шаралардың атауы мен формасы, орны мен күндері көрсетілген)»

Жаңылтпаш тіркестердің жиынтығы сияқты дәл осындай бір бетке жуық жазба. Оның қазақша, не орысша нұсқасынан ештеңе ұғу мүмкін емес.

Жастарға әскери патриоттық тәрбие беру мен Ұлы Отан соғысының арасын не байланыстырады?

Ақтөбе облысы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алатын және Тәуелсіздік күні тойланатын айда Жеңіс мейрамын атап өтпек пе? Мәселенің осы жағы көмескі қалған.

Әлде «Ұлы Отан соғысы» деп Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырындының» 300 жылдығын меңзеп отыр ма? Өйткені 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды» трагедиясына биыл 300 жыл толған кезде, қалың қазақ оны атаусыз қалдырды.

Ақтөбе, Мұғалжар өңірі – сол  оқиғада өзіндік рөл атқарған айрықша аймақ.

ӘЛДЕ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ ЖЫЛЖЫП КЕТКЕН БЕ?

Бүгінгі таңда «Ұлы Отан соғысы» деп аталып жүрген Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіс мейрамы  9 мамыр күні тойланып келе жатыр.Қазақстан бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты шаралар сәуір айының соңғы он күні және мамыр айының алғашқы он күндігінде ғана аталып өтетіні баршаға аян.

Тіпті, осыдан үш жыл бұрынғы Жеңістің 75 жылдық мерекесінің өзі осы салтты бұзбаған болатын. Соның бәрі айқын бола тұрып, Ақтөбе облысының Мәдениет басқармасы 9 мамырдың шарасын 9 желтоқсанға (әрине, басқа күн болуы да мүмкін) өткізбекші болып отыруының сыры не?

Айтпақтайын, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» трагедиясы да шамамен мамыр айында, көктемде басталғаны айтылатын еді. «Ұлы Отан соғысы» деген соң, тәуелсіздік жолындағы осы оқиға бірінші ойға түсетін заманда жасап отырмыз...

Жоқ, әлде Ақтөбе облысының Мәдениет басқармасы Ұлы Отан соғысы атауын бетперде етіп,  дұрыс бағытта жұмсалмай қалған қаржыны жыл аяғына дейін игеріп үлгермек пе?

Бұл сұрақтарды басқарма басшысына жолдадық. Жауап беріп жатса, оны да жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер