Жангелді Шымшықов, Экономист: Егер Үкімет сауатты саясат жүргізсе 1 теңге 1 доллар болар еді

4197
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі Қазақстан қор биржасының (KASE) таңғы сессиясында доллардың орташа өлшемді бағамы 387,73 теңгені құрады. Кешегі таңғы сессиямен салыстырғанда (387,44 тенге/$1) ұлттық валюта бағамы 0,29 теңгеге әлсіреді. Ұлттық банктің 8 тамыздағы ресми (нарықтық) бағамы 1 доллар үшін 387,45 теңгені құрайды. Теңгенің жай-күйі туралы белгілі экономист Жангелді Шымшықовтың пікірін білген едік.

– Бір АҚШ доллары 390 теңгеге жетті. Теңгенің құнсыздануына не себеп болды?

– Менің ойымша, теңгенің құнсыздануы маусымдық мәселе. Жалпы байқасаңыздар теңгенің құнсыздануы тамыз айында болады. Себебі, тамыз демалыстың соңғы айы болғандықтан жұрттың көбі шет елге демалуға тырсады. Сондай-ақ, емделуге, оқуға баратын азаматтар жаппай шет елге кеткенде долларға деген сұраныс жоғарылайды. Яғни, бір қарағанда доллардың қымбаттауының сыртқы фокторының бірі осы. Алайда доллардың қымбаттауы тек қана сұранысқа тәуелді деп өз өзіңді алдай алмайсың.
Шын мәнісінде теңгенің құнсыздануы ел экономикасының шынайы айнасы болып саналады. Біздің мұнай, газ, темір құймаларымыз бен түрлі-түсті металдарымыз шикізат күйінде сатылады. Егер де біз осының бәрін дайын тауар ретінде сататын болсақ, қазіргіден 10 есе артық пайда табар едік. Яғни, елдегі барлық шикізат пен табиғат қорларын өзіміз игерсек доллардың бәрі өзімізге түсер еді. Өкінішке қарай, табыстың жартысынан көбін шет елдік компаниялармен бөлісіп отырмыз.
Бір қызығы мұнай, түрлі-түсті металдардың бағасы төмендеген жоқ. Тіпті өнімі мен сұранысы жоғарылаған темірдің бағасы қымбаттап кетті. Соған қарағанда бізге доллар жақсы түсіп жатыр. Теңгенің құнсызданбауы үшін импортқа кететін тауарды азайтуымыз керек. Мәселен біз азық-түлік өнімдерін өзімізде өндіріп, жағдайымызды жақсартуымыз қажет. Өкінішке қарай, азық-түліктің 40 пайызын шет елден сатып аламыз. Сондай-ақ, елімізге келген туристер теңгемізді сатып алып, долларын қалдыруы керек еді. Әйтсе де елімізге келіп жатқан туристер өте аз. Тіпті ЭКСПО-2017 көрмесіндегі қонақтардың басым бөлігі өзіміздің азаматтар болды.

– Елімізде өндіріс ашамын деген азаматқа жағдай жасалған ба? Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктің жоғары пайыздық несиесімен кәсіп ашу мүмкін емес екенін айтады...

– Осыдан екі жыл бұрын Назарбаев «Өз елімізде неге тауарларымызды өндірмейміз» деп айтып еді. Мұндай сөзді соңғы 30 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Бірақ айтылған сөз айтылған жерінде қалып жатыр. Шыны керек, тауарды өз елімізде өндірсек экономиканың өсетінін бәрі біледі. Шындап келгенде ешқандай іс атқарылып жатқан жоқ. Неге? Негізі өндіріс ашамын деген адамның төрт мәселесін шешіп беру керек. Бірінші жер алу елімізде өте қиын. Екінші өндіріске қажетті құрал-саймандарды лизинг арқылы алу мүмкін емес. Үшінші және ең негізгі мәселе қаражат. Қарапайым азамат өзінің жинаған ақшасына өндіріс аша алмайды. Ал 25 пайызға кредит алып, өндіріс ашқан адамның байып кеткенін естімедім. Екінші деңгейлі банктің 25 пайызбен несие беруі – Ұлттық банктің саясатына келіп тіреледі. Негізі Ұлттық банктің ең негізі міндеті экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Ал біздің Ұлттық банк өзінің резервтерін ұлғайтуға мән беріп, соны жетістік ретінде айтады. Жәй жатқан ақшаны көбейткенмен не пайда?

– Үкімет сауатты саясат жүргізіп, кәсіпкерлеріміз ішкі нарықтан бөлек шет елге өнім өткізсе 1 теңге қанша АҚШ доллары болуы мүмкін? Қазіргі 1 АҚШ доллары 390 теңге деген сұмдық емес пе?

– Егер де біздің Үкімет ең керемет саясат жүргізсе 1 АҚШ доллары 1 теңге болар еді. Мысалы бізге қытайдың тәжірибесі бойынша жұмыс жасау керек. Олар «Бізге доллар текке керегі жоқ. Біздің өз юанымыз бар» деп жұмыс жүргізді. Юань дегеніміз "халықтың ақшасы" деген мағына білдіреді. Қытай кез келген ұсақ түйек тауарды өздері өндіреді. Батыс Еуропаның барлық тұрмыстық тауарлары қытайда өндіріліп, сатылады. Сондықтан да олардың долларға түкіргені бар. Қытайға доллар АҚШ-қа саяхат жасағанда ғана керек. Ал бізде 10 мың теңге қалтасына түссе, оны долларға айырбастап қоюға тырысады. Себебі, халық теңгенің құнсыздануынан әбден мезі болған. Жұрт «теңгені долларға айырбастап алсам өз құнын жоймайды» деп ойлайды. Осындай ойдан халықтың арылту үшін Ұлттық банктің экс-төрағасы Қайрат Келімбетов жақсы саясат жүргізіп еді. Мысалы теңгемен салынған депозитке жылына 14 пайызға дейін сыйақы беру тетігі қарастырылды. Ал доллармен салынған депозит 3 пайыздан 2 пайызға дейін қысқарды. Алайда одан кейін 14 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетіп жіберді. Шын мәнісінде теңгені көтермей тәуелсіздігімізді баянды ете алмаймыз.

– Екінші деңгейлі банктердің аз пайызбен несие беруі үшін Ұлттық банктің базалық ставкасы төмен болуы керек. Алайда бұл арада үлкен мәселе бар емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұған дейін Ұлттық банктің базалық ставкасы 14 пайыз болды. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен 14 пайызбен несие алғаннан кейін оны бізге 11 пайызбен бере алмайды. Шамамен 20-22 пайызбен несие береді. Қазіргі таңда Ұлттық банктің базалық ставкасы 9,5 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта Ұлттық банк 9,5 пайызды да түсіріп, халыққа тиімді жағдай жасауы керек. Сонда ғана біз шет елдегідей 1-2 пайыз несие алатын боламыз. Егер жеңілдетілген бағытта несие беретін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік дамитын еді. Базалық ставканың негізінен Ұлттық банк өзінің резервтерін ұлғайтуға күш салып отыр. Ұлттық банктің резервтері қағаз ақша болғандықтан шет елдің құнды қағаздарын сатып алуға мән беріп отыр. Осылайша біз шет елдің экономикасын дамытуға жұмыс жасап жатырмыз.

– Теңгенің құнсыздануына АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары себеп болып отырған жоқ па? Жалпы теңгенің болашағын қалай болжар едіңіз?

– Әрине АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары теңгенің құнсыздануына белгілі бір деңгейде әсер етіп жатыр. Әйтсе де, тап қазіргі құнсыздануға Ресейге салынған санкциялар әсер етіп отыр деп айта алмайсың. Мәселен қырғыздың сомы теңгеге қарағанда әлдеқайда құнды. Өйткені олар ДСҰ 1993 жылы кіріп, тоқыма, тігін фабрикаларын дамытты. Қазіргі таңда біз қырғыздар тіккен Италия мен Түркияның сауда белгілері бар киімдерді киіп жүрміз. Айырқалпақты ағайындарымызда шикізат болмағандықтан өндіріске көп көңіл бөлді. Ал біз шикізатымыз көп болғаннан кейін жалқау болып отырмыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, теңгенің болашағы бұлыңғыр. Үкімет бұл бағытта түбегейлі реформа жүргізбесе қазіргіден де қиын жағдай туындайды.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер