24 жыл бұрын. 29 шілдеде Семей полигонының соңғы ұңғымасы жойылды

1810
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - 2000 жылы Семей ядролық полигонында соңғы ұңғыма жойылған күн, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

1946 жылы ғалым Юлий Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасына байланысты үкімет шешімімен атом қаруын өңдеу және құрастыру жөніндегі алғашқы орталық ашылды.

Бір жылдан соң Кеңес ядролық полигоны КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен 1947 жылдың 21 тамызында Семей қаласының батысына қарай 170 шақырым қашықтықта құрылды. 1948 жылы жазда алғашқы өндірістік атомдық реактор құрылысы аяқталып, 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өткізілді.

Кейіннен 1953 жылдың 12 тамызында термоядролық қару, 1955 жылдың 22 қарашасында А.Сахаров құрастырған алғашқы сутегі бомбасы жарылды.

1946 жылдан 1962 жылға дейін сынақтар жер бетінде өткізілсе, 1963 жылдан бастап, жер астына көшірілді.

Полигон аумағындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында өткізілді. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды.

Жоба 2000 жылдың 29 шілдесінде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жойылған кезде аяқталды.

45 жыл бойы Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуледен зардап шеккен жарты миллионнан астам қазақстандықтың денсаулығы ядролық қаруланудың құрбандығына шалынған.

29 шілдеде 1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей маңында жүргізілген бес жүзден астам ядролық сынақтардың қатарына нүкте қойылды. Осы күннен бастап ядролық қаруды сынау үшін салынған Семей алаңының инфрақұрылымы толығымен жойылды.

Пікірлер