Совет одағы ыдыраған соң Беларусь, Қазақстан және Украина өздерінде сақталған советтік жойқын қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл сол кезде оң әрекет ретінде халықаралық қолдауға ие болған. Алайда Ресейдің Украинадағы соғысы бүгінде бұл мәселені басқа қырынан қарастыруға итермелейді.
Осыдан 30 жыл бұрын, 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапештте өткен жиын барысында Беларусь, Қазақстан және Украина ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей осы елдердің қауіпсіздігіне кепілдік берді.
Бұл туралы мәселені ВВС арнасының дипломатиялық шолушысы Пол Адамс бүгінгі геосаяси жағдай тұрғысынан қарастырып көрді.
«МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ» ДА ҚАТЕЛІК ПЕ?
Жойқын қарудан өз еркімен бас тарту сол кезде халықаралық аренада маңызды қадам ретінде танылды.
«Бұл үш елге берген қауіпсіздік кепілдігі бойынша міндеттемелеріміз олардың тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына адалдығымызды көрсетеді», – деп мәлімдеген еді сол кезде Будапештте АҚШ президенті Билл Клинтон.
Аспан сұп-сұр. Төңірек қар жамылған. Қырғи-қабақ соғысы дәуірінен қалған сұр-жасыл қарулар Украинадағы кеңестік дәуірді еске салады. Ракеталар, ұшыру қондырғылары мен тасымалдаушылар – Кеңес Одағының ядролық бағдарламасын әзірлеуде маңызды рөл атқарған кездегі Украинаны бейнелейтін ескерткіштер. Бұл бағдарламалар одақтың соңғы қорғаныс шебі еді.
Жартылай ашылған бетон-металл қақпақ астынан үлкен құрлықаралық баллистикалық зымыранның (ҚБЗ) макеті көрінеді. Бірақ бұл зымыран тек макет қана, ол жарылып, көгеріп кеткен. Бұл шахтаға 30 жыл бойы қоқыс толған. Украинаның орталық бөлігіндегі Первомайск қаласының жанындағы бұл кең база бүгінде музейге айналған.
1990-жылдардың басында Украина тәуелсіздік алып, Мәскеудің ықпалынан шыққан кезде Киев ядролық қарудан бас тартты. Алайда, Ресейдің басып кіруінен кейін үш жылға жуық уақыт өткен соң және Киев одақтастары арасында соғыстан кейін Украинаның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігі туралы нақты келісім болмағандықтан, көпшілік бұл шешімді қателік деп санай бастады.
КСРО ядролық арсеналының үштен бірі Украинаның аумағында орналасқан еді.
«РЕСЕЙГЕ ДЕ СОЛАЙ СЕНДІК ҚОЙ...»
Харьков әскери училищесінің жас түлегі Александр Сущенко екі жылдан кейін, Украинадағы ядролық қорларды пайдаланудан шығару процесі басталған кезде, Первомайскіге келген. Ол зымырандардың шығарылуын және шахталардың жарылуын бақылаған. Қазір ол бұрынғы базаға қайта оралды. Бірақ бұл жолы музей кураторларының бірі ретінде.
Соңғы 10 жыл бойы Ресейдің Украинаға жасаған қасіреттеріне және халықаралық қауымдастықтың оны тоқтата алмауын немесе тоқтатқысы келмегеніне қарап Александр ядролық қаруды жою қателік болды деген қорытындыға келген.
«Қазіргі Украинадағы оқиғаларға қарап, жеке өз басым барлық ядролық қаруды толық жою қате болды деп ойлаймын. Бірақ бұл саяси мәселе еді. Жоғарғы басшылық шешім қабылдады, ал біз тек бұйрықты орындадық» - дейді Александр.
Ол кезде мұның бәрі өте қисынды болып көрінді. Ешкім 20 жылдан кейін (Мәскеу 2014 жылы Қырымды аннексиялады) Ресей Украинаны басып алады деп ойламады.
«Біз аңғал болдық, бірақ біз сенім арттық. Ұлыбритания мен АҚШ, кейін Франция бізді қолдаған кезде бұл жеткілікті деп ойладық. Ресейге де солай сендік қой», - дейді 1994 жылы Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі болған Сергей Комисаренко.
Кеңестік билік құрсауынан қалжырап шыққан ел үшін жойқын қымбат ядролық арсеналды сақтау идеясының сонша мағынасы жоқ сияқты көрінген.
«Неліктен ядролық қаруды өндіруге немесе сақтауға ақша жұмсау керек, егер оны өнеркәсіпті дамыту, өркендеу үшін пайдалануға болатын болса?» -дейді Комисаренко.
«СОҒЫСТА ЖЕҢІЛІП БАРА ЖАТСАҚ...»
1994 жылғы тағдыршешті келісімнің мерейтойында Украина тағы да өз ұстанымын жеткізуге тырысуда.
Өткен аптада Брюссельде өткен НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Будапешт меморандумының көшірмесі салынған жасыл папканы сермеп тұрып:
«Бұл құжат украин қауіпсіздігін де, трансатлантикалық қауіпсіздікті де қамтамасыз ете алмады. Біз мұндай қателікті қайталамауымыз керек», - деді.
Украина сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Будапешт меморандумы «стратегиялық қауіпсіздік мәселелерінде қабылданған шешімдердің орашолақтығын көрсететін ескерткіш» деп аталды.
Қазір Украинаның және оның одақтастарының алдында тұрған міндет – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа жолын табу. Президент Владимир Зеленский үшін бұл сұрақтың жауабы әлдеқашан анық.
«Біздің қауіпсіздігіміздің ең жақсы кепілі – НАТО. Біз үшін ЕО және НАТО-мен болашақ – принципті мәселе», - деді ол жексенбі күні тағы да қайталап.
Зеленскийдің Батыс альянсына мүшелік қана Украинаға оның үлкен әрі жыртқыш көршісімен бірге өмір сүруге мүмкіндік береді деген жиі, жігерлі мәлімдемелеріне қарамастан, НАТО мүшелері арасында бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктер әлі де бар екені анық.
Кейбір мүшелерінің қарсылығына қарамастан НАТО әзірге Украинаға болашақ мүше болу жолының айқын екенін мәлімдегенімен, нақты бір мерзімді белгілеген жоқ.
Сонымен қатар, Украинаның одақтастары Ресей мен Украина арасындағы соғыста бейбітшілікті тек күш көрсету арқылы ғана қамтамасыз етуге болады деп санайды. Бұл Украинаға мүмкін болатын бейбіт келіссөздер алдында ең тиімді ұстанымда болуға мүмкіндік береді. Ал мұндай келіссөздерді келер жылы Дональд Трамп бастайды деп болжануда.
«Украинаға әскери қолдауымыз қаншалықты күшті болса, олардың келіссөздер үстеліндегі позициясы да соншалықты мықты болады», – деп мәлімдеді сейсенбі күні НАТО бас хатшысы Марк Рютте.
Дональд Трамптың Украинаға қатысты ұстанымы қандай болатыны әзірге белгісіз. Сондықтан АҚШ пен Германия сияқты негізгі әскери көмек жеткізушілер ретінде Трамп қызметке кіріскенге дейін Украинаға жаңа ірі техника партияларын жіберуге асығуда.
Болашаққа көз жүгірте отырып, кейбір украиндықтар өзін-өзі қорғауға байсалды қарайтын ел үшін ядролық қаруға қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды деп болжайды. Әсіресе, ең маңызды одақтасы – АҚШ жақын болашақта сенімсіз серіктеске айналуы мүмкін деген қауіп бар.
Сөйтіп отырып қараша айында Украина шенеуніктері қорғаныс министрлігі құжатында қарапайым ядролық құрылғыны бірнеше ай ішінде әзірлеуге болатыны айтылғаны туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды.
Қазіргі уақытта бұл мәселе күн тәртібінде жоқ екені анық. Бірақ қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Алина Фролова бұл ақпарат кездейсоқ таралмаған деп есептейді.
«Бұл нұсқа Украинада сарапшылар арасында талқыланып жатқаны анық. Егер бізге қолдау жоқ екенін және соғыста жеңіліп бара жатсақ, әрі халқымызды қорғауымыз қажет болса, менің ойымша, бұл да бір қолға алынатын нұсқа бола алады», - дейді Фролова.
«ЖАУ ЖОҚ ДЕМЕ ЖАР АСТЫНДА...»
Ядролық қарудың болашақта Первомайск маңындағы қар басқан жазықтарға қайта оралуын елестету қиын. Базадағы 30 метр тереңдіктегі шахталардың тек біреуі ғана зақымдалмай, 1979 жылы аяқталған кездегі қалпын сақтап қалған. Бұл ядролық соққыға төтеп беру үшін салынған мықты бекініс. Ол ауыр болат есіктермен және базаның қалған бөліктерімен байланысатын жерасты туннельдерімен жабдықталған.
Төмендегі шағын әрі тар командалық пунктке тек одан да тар лифт арқылы жетуге болады. Ол жер құрлықаралық баллистикалық зымырандарды ұшыру туралы шифрланған бұйрықтарды қабылдау, шифрды ашу және орындау үшін арналған.
Зымыран ұшыруға машықтанған бұрынғы инженер Александр Сущенко операторлардың кілтті қалай бұрып, (қызыл емес, сұр) түймені басқанын көрсетіп, кейін Голливуд стиліндегі жаһандық ядролық соққылармен алмасу видеосимуляциясын көрсетті. Бұл көрініс сәл күлкілі көрінгенімен, ой саларлықтай.
Александрдың айтуынша, ең ірі құрлықаралық баллистикалық зымырандардан құтылу ақылға қонымды шешім болды. 1990 жылдардың ортасында Америка жау болмаған еді.
Алайда Украинаның ядролық арсеналы 100-ден 1000 шақырымға дейінгі қашықтықты қамтитын әртүрлі тактикалық қаруды да қамтыды.
«Көріп отырғаныңыздай, жау жар астынан шыға келді. Еліміздің қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету үшін бірнеше ондаған тактикалық ядролық оқтұмсықтарды қалдыруға болар еді», - дейді украиналық әскери маман.