Белгілі әзілкеш 10 тәулікке қамауға алынды

1640
Adyrna.kz Telegram
фото: sxodim.com
фото: sxodim.com

Белгілі стендап-комик Александр Меркуль 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, әзілкешке қоғамдық орында залда отырған қонақтарға әдепсіз сөздер айтты деген айып тағылған. Сот мәліметінше, Александр Меркуль "Instagram" әлеуметтік желісінде және "YouTube" арнасында қоғамдық орында сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жариялап, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

"Сот отырысында А.И.Меркуль өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. 2024 жылы 7 маусымдағы бейәдеп сөздер айтылған видео мейрамханада өткен әзіл-оспақ аясында түсірілгенін түсіндірді”, – деді сот.

Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайы құқық бұзушының айғақтарымен, бейнежазбамен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа да материалдарымен расталды.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігінің (Ұсақ бұзақылық) санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеліп соғады. Сот жазалау шарасын құқық бұзушылық жасалғанға дейін және одан кейінгі әрекеттің, мінез-құлықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады. Осылайша, сот қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетсек, Александр Меркуль – еліміздегі  танымал стендап-комиктердің бірі. Оның парақшасында 456 мың жазылушы бар. 

Пікірлер