"Бюджет қаражатын жымқырды" деген 21 есепшіге сот үкімі шықты

1316
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zakon.kz
Сурет: zakon.kz
Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтері қылмыстық топ құрған деген күдікке ілінген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеп. 
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғандарға қатысты шешім шығарды.

"3 жыл бойы Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С. әріптестерінен құралған (7 – білім бөлімі және 14 – орта мектеп) қылмыстық топ ұйымдастырған. Оның басшылығымен ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Ұрланған қаржыға жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және өзге де заттар сатып алынған.

Қылмыстық істің бас фигуранттары ретінде саналған үш сотталушы 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, 15 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін сотталды. 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігі 2) тармақшасы бойынша шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал бір бухгалтерге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер