Нью-Йорк соты АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа алаяқтық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Сот Трампты кінәлі деп танығанымен оған жаза тағайындамаған. Үкім «шартсыз босату» түрінде шығарылды.
Сот отырысы кезінде судья Хуан Мерчан Трампқа:
«Сіз екінші президенттік мерзіміңізді бастайтын уақытта сәттілік тілеймін», – деп мәлімдеді.
Судьяның айтуынша, бұл шешім елдің ең жоғары лауазымына әсер етпейтін жалғыз заңды үкім болған.
Дональд Трамп сот отырысына видеобайланыс арқылы қатысып, алғаш рет өз пікірін білдірді. Бұған дейін ол өзіне тағылған айыптарға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан еді.
Сотта Трамп барлық айыптауларды жоққа шығарып, бұл істің саяси мақсатта қозғалғанын айтты. Ол бұл процесті «саяси шабуыл» деп атап, басты мақсат – оның Ақ үйге қайта оралуына кедергі жасау екенін жеткізді.
Сот шешімінен кейін Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде:
«Бұл – радикалды демократтардың Американы бұзу үшін жасаған тағы бір сәтсіз әрекеті. Шын мәнінде, ешқандай қылмыс болған жоқ, бұл айыптауларды толығымен жоққа шығару керек», – деп жазды.
Сонымен қатар, Трамп сот үкімін аппеляцияға беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, АҚШ президенті болып қайта сайланатын Дональд Трампты ұлықтау салтанатына он күн қалғанда оған қатысты қылмыстық істің үкімі жарияланатыны туралы хабарлаған едік.