Бауыржан Омарұлы. Жер сілкінген түн (Алақандай эссе)

1683
Adyrna.kz Telegram
Фото: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген бейнероликтен алынды
Фото: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген бейнероликтен алынды
Қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың "Рәбиға Құтқожинаға" деген екі-ақ шумақ өлеңі бар. Осы өлең сол тұстағы сәмбіталдай бойжеткен, болашақ тіл білімінің тарланы, академик Рәбиға Сыздыққа арналған.
Бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Атақты ақынмен 1945 жылы танысқан Рәбиға апай бертінде берген сұхбаттарында "Қасым аға көзі тірі кезінде мұндай өлеңі бар екенін маған айтқан емес" дейді. Жыр жампозының дәптерінде таңбаланып қалған қос шумақ кейінгі кітаптарына енгізілген көрінеді.
Сонымен, 1946 жылы жазылған делінетін осы өлеңнің мәтіні мынадай:
Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай?
Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді.
Болар ем күнде бір жасағандай,
Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!
Ойыңыз жарқын, тойыңыз жақын,
Қуаныш, бақыт - бір өзіңізде.
Жүрегіңізге тимесін салқын,
Ұрынба, жаным, ертелеу күзге!
"Қазақстан" ұлттық арнасы "Келбет" сериясымен ұсынған Рәбиға Сыздық туралы деректі көрсетілімде (продюсері Жаңылхан Асылбекова) ардақты апайымыз тағы бір қызықты мәлімет айтты. 1946 жылғы қыс айында КазПИ-дің студенттері Қасым Аманжоловты кездесуге шақырады. Басқосу әйгілі 6-аудиторияда өтіпті. Руханиятқа қатысты іс-шаралардың бәрі сол жерде ұйымдастырылады екен. Жыр кеші әбден қызған шақта жер қатты сілкінеді. Жұрт дүрлігісіп кетеді. Жазық жерде туып-өскен Рәбиға да мұндайды бұрын көрген емес-ті. Ақтөбе жақта жер мүлде қимылдамайды ғой. Түн ортасы боп қалған мезгіл-тін. Тегеурінді тұрғыластарына әншейінде "Олар да бұл Қасымды бір байқасын!" деп өр мінезін танытып жүретін айбарлы ақын бұл жолы түк саспайды. "Отырыңдар-ей, не болды сонша даурығып? Мен ғой жерді сілкінтіп сөйлеп жатқан", - деп көпке қарап қалжыңдап, жапырыла жаздаған жұртты лезде сабасына түсіреді. "Сол жылы жазылған өлең екен. "Тыңдадым, ұқтым бар сырыңызды" дейді. Менің сырым, арманым, дариғам - оқу, білім алу, интеллектісі жоғары адам болу. Құр сауатты, тек білімді адам емес, интеллектінің адамы болуым керек мен. Осыны Қасым түсінді", - деп еске алады Рәбиға апай осы хабарда.
Жер сілкінген түні Қасым ақынның жасы 35-те еді де, Рәбиға Сыздық 22- ге де тола қоймаған бойжеткен-ді. Бұл кезде Қасым ағаның "көрпесін қырда қымтап жатар" мезгіліне дейін әлі бақандай тоғыз жыл бар еді. Әрине, сол түні Алатау баурайының бір тулап басылғаны жыр кешіне қатысқандардың ой-санасына қалай әсер еткенін білмейміз. Бірақ Қасым да, Рәбиға да кейін өз саласына алапат сілкініс әкелді. Қасым Аманжолов қазақтың қара өлеңін қайта қалыптап құйып, жыр әлемінде жанартау атқылатты. Ал Рәбиға Сыздық тіл білімінің қасаң қағидаларына қан жүгіртіп, терең тамырларын қопарып, сөз дариясының сеңін қозғалтты. Бәлкім, сол түні жаны жаралы жер-бейбақ бекер сілкінбеген болар...
Биылғы 17 тамызда Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толады...
Бауыржан Омарұлы
Пікірлер