Бүгін - академик Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толды

2457
Adyrna.kz Telegram

Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың дүниеге келгеніне 100 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол 1924 жылғы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл ауылында туған.

Рәбиға Сыздық  "Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері" (1959) тақырыбында кандидаттық, “Абай шығармаларының тілі” (1972) тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.

Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтикалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті, орфография, жазу теориясы, ахметтану, лингводидактика салаларына арналған.

“Қазақ әдеби тілінің тарихы” монографиясы үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы (1995), Абайдың шығармалық мұрасын зерттеген еңбектер топтамасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын (1996) алған. “Құрмет белгісі” (1971), “Парасат” (2004) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Рәбиға Сыздық 2020 жылғы 4 шілдеде Алматы қаласында 96 жасына қараған шағында қайтыс болған еді.

“Ғылымда азды-көпті жұмыс істедім. Соның бәріне жетелеп әкелген намыс” деген асыл академиктің артында құнды білім, өшпес мұра қалды. 

Пікірлер