Тұңғыш миллиардер - Джон Дэвисон Рокфеллер

1324
Adyrna.kz Telegram

Джон Дэвисон Рокфеллер

Қара алтынның королі. Тарихтағы тұңғыш миллиардер. Рокфеллер династиясының қайнар бастауында тұрған тұлға. Мұнай бизнесінің алыбы. «Standard Oil» корпорациясының қожайыны. 

Авраам Линкольн өлгеннен кейін, АҚШ мемлекеті ұлы саяси қайраткерге жарымады. Одан соң президент болған саясаткерлер түрлі қаржылық топтармен санасып, солардың ығына жығылып отырды. Уақыт озған сайын халықаралық банкирлер мен трансұлттық корпорациялардың жетекшілерінің саясатқа ықпалы ата-ананың балаға, мұғалімнің оқушыға ықпалындай болып кетті. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын зерттеген  ғалымдар да Рокфеллер, Морган, Шиф және тағы басқалардың есімдеріне жиі тоқталады. Себебі XX ғасырдың басынан бастап тарихи тұлғалардың қатарына ел билеушілермен, әскери қолбасшылармен қатар әлемдік қаржыгерлер келіп қосылды. Бұл алпауыттардың одан бұрынғы ірі саудагерлерден айырмашылығы: олар мемлекеттік саяси шешімдер қабылдауға тікелей араласа бастады.

Джон Дэвисон Рокфеллер 1839 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Ричфорд қалашығында дүниеге келген. Оның ата-бабалары Франциядан шыққан гугеноттар деседі. XVII ғасырда Рокфайльдар әулеті Франциядан Германияға қашып, ол жақта жүріп протестант дінін қабылдайды. XVIII ғасырда Джонның атасы Америкаға көшіп келген соң, фамилиясын америкаландырып, Рокфеллер атанады. Джонның әкесі Уильям Рокфеллер екі ферманың қожайыны болса да, мал, егін шаруашылығынан гөрі саудагерлікпен көп шұғылданады. Ол ел аралап, дәрі-дәрмек сатып, «Доктор Уильям» деген атқа ие болады. Ал анасы Элиза Дэвисон нағыз баптис еді. Діндарлығының арқасында және отбасы, ошақ қасында жүргендіктен, бала тәрбиесінде шешуші рөл атқарды. Тегі шотландиялық Элиза ханымның күйеуіне сөзі жүрмесе де, жанұядағы алты балаға ықпалы ерен еді. Джон Рокфеллерге тән салқынқандылық пен терең ой анасынан қалған қасиет дейді зерттеушілер. Ал кәсіпкерлік қабілеттің әкесінен жұққаны даусыз.

Джон Рокфеллер сауатын баптистердің шіркеуінде ашты. Болашағына қажетті ілімнің негіздерін осында үйренді. Анасымен, бауырларымен бірге шіркеудің жексенбілік уағыздарына қатысты.

Джон бизнесмен болуды тым ерте бастады. Конфет, үндік өсіріп сатумен айналысып, қаражат жинайды. Капиталын арттыру мақсатында көршісіне картоп қазушы болып жалданады. 13 жасында 50 доллар жинаған Рокфеллер, анасының ақылымен ақшасын бір фермерге 7,5%-дық жылдық мөлшерлемемен несиеге береді. Джон Рокфеллер ақшаның құдіретін сол кезде сезінеді. Қара жұмысқа жегілмей-ақ ақша жасауға болатынын түсінеді.

1853 жылы үйлі-баранды отбасы Огайо штатындағы Кливленд қаласына көшіп келеді. 14 жасар Джон Кливлендтегі мектептен орта білім алады. Бірақ мұнда да баптистер уағыз айтатын шіркеудің құймақұлақ тыңдаушысы болады. 1854 жылдың күзінде шіркеудің ішіндегі қауымдастыққа мүше болып қабылданып, хатшылық қызмет атқарады. Джон Рокфеллер мектепті екі жыл оқып тәмамдап, білімін жалғастыру үшін жергілікті коммерциялық колледжге түседі. Колледж қабырғасында уақыт жоғалтуды құп көрмей, оқуын тастап, үш айлық бухгалтерлік курсқа жазылады. Ол жерден бухгалтерлік есеп пен бизнес-жоспар құруды, валюта айырбастау мен банк ісін жүргізуді меңгерді.

Джонның әкесі Билл Рокфеллер мен анасы Элиза Дэвисон

Курсты аяқтағаннан кейін, жүк тасумен, комиссиялық саудамен айналысатын «Hewitt and Tuttle» компаниясына бухгалтердің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Тым үлкен амбициясы бар жігіт бастапқыда еңбекақының мөлшеріне мән бермеді. Алғашқы қызмет орнына сынақ алаңы ретінде қарап, ондағы жұмыс күндерін бухгалтерлік есептер мен кеңсе кітапшаларына шұқшиюмен өткізді. Күнделікті мәмілелерді жіті қадағалауда ұстау да оның міндеті еді. Өйткені «Hewitt and Tuttle» компаниясы теміржол торабымен, кеме жолдарымен, саудагерлермен, тауар өндірушілермен тікелей байланыс жасайтын. Бір жыл өткен соң, компания құрылтайшыларының бірі Таттл қызметтен кетіп, жұмыстың көбі Джон Рокфеллердің мойнына артылады. Бұған дейінгі жылдық еңбекақысы 600 долларға тең болған ол, компания директоры Хьиюттен жылдық еңбекақыны 800 долларға дейін өсіруді талап етеді. Ал Хьиют оған 700 доллар ғана тағайындап, қалған 100 долларды алдағы уақытта қосуға уәде етеді. Біреудің қызметінде жүруді ар санай бастаған Рокфеллердің басына жеке бизнес ашу туралы ойлар келді. Ол мұнда үш жылдан астам уақыт қызмет еткеннен кейін, Морис Кларк есімді ағылшынмен бірлесіп, 1859 жылы «Clark and Rockefeller» компаниясын құрады. Екі жігіт бастапқы капитал ретінде әрқайсысы 2000 доллардан құяды.

Джон Рокфеллердің жас кезі

Рокфеллер қалтасындағы 900 долларына қарызға алған 1100 долларын қосып,  кәсіпорынның 50% үлесіне ие құрылтайшы атанды. Компания астық, дәнді-дақылдар, ет және тағы басқа өнімдерді тасмалдап, жеткізіп беруді кәсіп етті. Олар теміржолмен қатар, Миссисипи өзенінің аңғарын тиімді пайдаланды, бастапқы жылдағы айналым көлемі 450 мың долларды құрап, таза пайда 4400 долларға тең болды. Азаматтық соғыс кезінде солтүстік майдандағы жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек тасымалдап, қолдарына қомақты пайда түсірді.

Джон Рокфеллер жұмысы қауырт болса да, шіркеуден қол үзбеді. Інжілдегі өсиет бойынша тапқан табысының 10%-ын баптистердің шіркеуіне аударып отырды. 1855 жылы «Hewitt and Tuttle» компаниясындағы алғашқы  төрт айда алған 95 долларының 9,09 долларын шіркеудегі баптистердің қолына табыстайды. 21 жасында шіркеудің алты адамнан құралған қамқоршылар кеңесіне мүше болып сайланады. Ол бала жастан дағдыланған жомарттығынан көз жұмғанша айнымады. Табысы өскен сайын қайырымдылық көмегінің көлемі де ұлғая берді. Өмірінің соңында жеке байлығы 1 миллиард долларға жетіп жығылған кезде де, оның 100 миллион доллары баптистердің ғибадатханасына тиесілі екенін айтқан.

1859 жылдың тамыз айында Эдвин Дрейк атты азамат Пенсильванияда тарихтағы тұңғыш мұнай ұңғымасын іске қосады. Жер қыртыстарының жоғарғы беткі қабаттарына іркіліп жиналып тұрған иен байлыққа кім қызықпасын, іле-шала мұнай дүмпуі басталды да кетті. Мұнай көздері басқа штаттардан да табылды. Бірнеше жылдың ішінде бір Кливлендте жер астынан мұнай соратын 20 мұнай зауыты салынады.

Джон Рокфеллер мұнай саласына 1862 жылы назар аударды. Ол бірінші кезекте мұнай өндіру құны мен мұнай өңдеу құнын салыстырды. Сол жылы ұңғымадан шығарылған шикі мұнайдың баррелі (159 литр) 35-50 центтен, дайын жанармайдың әр галлоны (4,5 литр) 25-35 центтен сатылып жатқан. Тұтынушылардың көбі керосинді май шамға пайдалану үшін сатып алатын. Ол көмір майы мен жан-жануарлардың майын алмастыратын бірден-бір арзан жанармай түрі еді. Ол заманда бір баррель мұнайдан 60-65% майшам жағармайы, 10% бензин, 5-10% бензол және лигроин алынатын. Артылған шайқаусыз бөлігі смола мен тағы басқа қалдыққа айналатын. Демек, бес баррель мұнай шикізатынан үш баррель жағармай алуға болады.

Рокфеллер мұнай өндірісінің болашағының жарқын екенін түсініп, өзіне үлкен бизнеске бірге аяқ басатын әріптес іздеді.

Самюэл Эндрюс Кливлендке 1857 жылы келген. Ағылшын азаматы майшам құрастыратын зауытқа майдың сапасын тексеретін сарапшы болып қызметке қабылданады. Оған дейін көмірден алынатын минерал майды пайдаланып жүрген майшам зауытына керосиннің алғашқы галлондары келіп түседі. Керосиннің кемел келешегіне көзі жеткен Самюэл Эндрюс жеке мұнай зауытын ашуға ниеттенгенімен, оған қаржысы жетпеді. Ол 1862 жылы Морис Кларкка қолқа салып, мұнай айдайтын зауытты бірлесіп ашуға үгіттейді. 1863 жылы екеуі «Andrews, Clark & Company» кәсіпорнын құрып, сонымен бірге Рокфеллер мен Морис Кларктың інілері Ричард пен Джеймсті акционер ретінде қатарларына тартты.

Бес бизнесмен Кингсбер өзенінің жағалауынан үш акр жер сатып алып, алғашқы зауыттың іргесін қалайды. Ондағы мақсат – мұнай бөшкелерін теміржолға дейін пароходпен жеткізу.

Қатар өмір сүріп жатқан «Clark and Rockefeller» мен «Andrews, Clark & Company» компанияларының тынысы ашылып, жаңа кезеңге көшті. Джон Рокфеллер алғашқы фирмада негізгі тұлға болғанымен, мұнай кәсіпорнында ағайынды Кларктардың көлеңкесінде қалып қоя берді. Оның ұсыныстары қаперге ілінбей, жиі елеусіз қалатын болды. Дауыс беру рәсімінде Эндрюс жасы кіші Рокфеллерді жақтағанымен, екеуінің даусы ағайынды үшеуінікінен бәрібір асып түсе алмайтын. Көп уақыт өтпей Рокфеллер мен ағайынды Кларктардың арасындағы келіспеушілік ақыры шегіне жетеді.

«Andrews, Clark & Company» кәсіпорнының Кливлендтегі алғашқы мұнай зауыты

Компания көкжиегін үздіксіз кеңейтуді жақтайтын Рокфеллер күндердің күнінде қол қойдыру үшін, Морис Кларктың алдына бірнеше іс қағазын қояды. Іс қағазы несиеге қатысты болатын. Морис Кларк екі кәсіпорынның банктің алдындағы қарызы жүз мың долларға жуықтағанын, енді несие ала берудің тиімсіз екенін айтып қарсы шығады. Үлкен іс үшін үлкен тәуекел қажет екенін сөз етіп, Рокфеллер де райынан қайтпай тұрып алады. Бір шешімге тоқтай алмай, ақыры компанияның таратылатыны жайлы жергілікті газетке хабарландыру ілгізеді. Компания кімнің иелігінде қалатынын анықтау үшін, екі тарап ортақ адвокат жалдап, аукцион өткізуге келіседі. Аукцион ережесі бойынша мұнай компаниясы ең көп қаржы ұсынған адамға тиесілі болмақ.

Сауда 500 доллардан басталды. Шегінгісі келмеген екі жақ бір-бірінікінен жоғары баға ұсынып, 70 мың долларға дейін барысады. Десе де, аукцион соңғы мәресіне жақындаған. Маңдайы терлеген Морис Кларк «72 мың» дегенде, қызарып бөрткен Джон Рокфеллер «72 500» дейді. Қарсы тарап бұдан жоғары баға ұсынуға қауқарсыз еді, олар мұнай бизнесін Рокфеллердің еншісіне қалдырып кете барды. 72 500 долларын шығындаған 26 жасар Д.Рокфеллер мұнай кәсіпорнының басыбайлы қожайыны атанады. Тиісінше «Clark and Rockefeller» кәсіпорны да ыдырайды. Ал ағайынды Кларктардан құтылған мұнай компаниясы енді «Rockefeller & Andrews» деп аталды.

1866 жылы Джон Рокфеллердің інісі Уильям Рокфеллер мұнай өңдеу фирмасын ашып, ағасының компаниясына серіктес болып жалғанады. Ол кезде мұнай өңдейтін кәсіпорын ашу көп инвестицияны талап етпейтін: шағын мұнай өңдеу зауытын салу үшін 10 мың доллар, ірі мұнай өңдеу зауытын тұрғызу үшін 50 мың доллар жеткілікті еді.

Генри Флэглер – Д.Рокфеллердің ең сенімді серігі

Компанияның көкжиегін кеңейткісі келген Рокфеллер жаңа кадрлар мен қаржы көздерін іздеп, бұрынғы ескі танысы Генри Флэглермен жолығады. Ол 35 жастағы Флэглердің дипломатиясына, іскерлігіне бұрыннан тәнті еді. Ақыры оны серіктес болуға көндіреді. Генри Флэглер бұдан кейінгі тарихта Рокфеллердің оң қолы, бас кеңесшісі болды. Оның компаниясындағы №2 адам саналды. Джон Рокфеллер Генридің мақұлдауынсыз ешқандай шешім қабылдамайтын. Джон Рокфеллердің өзі айтпақшы «Флэглер бір нәрсеге көзі неғұрлым анық жетсе, соған соғұрлым қайратын жұмсай алатын жан» болды. Рокфеллер мен Флэглер бір-бірін толықтыратын, бір-бірінің жоғын түгендейтін ғажайып тандем болды дейді зерттеушілер. Жаңа өзгеріске орай «Rockefeller & Andrews» компаниясы 1867 жылдан бастап «Rockefeller, Andrews & Flagler» деп аталады. Самюэль Эндрюс кәсіпорынның техникалық шаруашылығына жауапты болды.

Флэглер қалталы туысы Стефан Харкниссті компанияға инвестиция құюға үгіттеп, оны «Rockefeller, Andrews & Flagler»-дің бейресми акционері етеді. Қаржы қосымша цистерналар сатып алуға, жаңа зауыттар тұрғызуға жұмсалды. Нәтижесінде бұған дейін тәулігіне 500 баррель мұнай өндіріп келген кәсіпорынның бір күндік өндіріс көлемі 1500 баррельге дейін артады.

Бизнесмендер мұнай өңдеу технологиясына ден қойды. Газолин, бензол, лагроин, парафин, петролатум (вазелин) және тағы басқа май түрлері өндірілді. Көптеген ұсақ компаниялар консервативті бағыт ұстанып, тек мұнай өндірумен ғана шектелгендіктен, Рокфеллер командасының бұл саясаты кәсіпорынға тың серпін берді.

Тарихшылар 1868-1873 жылдар аралығы мұнайшылар үшін «депрессия жылдары» болғанын жазады. Олай болатын себебі, мұнай компанияларының саны тым көбейіп, олардың өнімі нарықтағы сұраныстан үш есе артып кетеді. Қасаң бағыттағы компаниялар нарықтан шығып қалып жатқанда, өндірісін диверсификациялаған «Rockefeller, Andrews & Flagler» компаниясы күйзелістен күйлі шықты. Дағдарысқа төтеп берген кәсіпорынға ақша салғысы келген инвесторлар да табылды. Нью-Йорктен келген Бенджамин Брюстер мен О.Б.Дженнингс инвестиция құюға ниет танытқандарымен, Рокфеллер кәсіпорынды бақылаудан шығарып аламын-ау деген қауіппен кездейсоқ қаржыгерлердің өтінішін қабылдауға асықпады.

Нарық сегменттеріне иелік ету үшін, ірі мұнай компанияларының арасында кескілескен бәсеке туады. Ол заманда мұнай компанияларының болашағы теміржол торабымен тікелей байланысты еді. Теміржол мұнай өндірушілерді алыстағы тұтынушылармен қауыштыратын жалғыз транспорт түрі болатын. Сол себептен теміржол компанияларының қожайындары мен мұнай магнаттары арасында жаңа дипломатиялық қатынастар пайда бола бастаған. Теміржол қожайындарының арасында да мұнай шикізаты мен мұнай өнімдерін тасымалдауға таласқан ішкі бәсекелестіктің нышаны байқалады.

«Standard Oil» компаниясының сертификаты

Тарихи тәжірибе көрсеткендей ірі компанияны бір ғана қожайын басқару мүмкін емес. Ал банк сферасындағы, теміржол торабындағы, мұнай саласындағы алып корпорациялардың өмірі бір адамға емес, бірнеше адамға емес, бір топ адамға тікелей тәуелді болатын. Корпоративті менеджментке өзгерістер енгізбесе бәсекеге шыдас беру қиындайтынын ұғынған Джон Рокфеллер мен оның командасы 1870 жылдың 10-қаңтарында Кливлендте «Standard Oil» акционерлік қоғамын тіркеуден өткізеді.  Компанияның акционерлік капиталы әрқайсысы 100 долларға бағаланған 10 мың акциядан құралып, капитализация 1 миллион долларға (100х10 000=1 000 000) тең болды. Акциялар төмендегідей бөліске түседі: Д.Рокфеллер 2667 акция, Генри Флэглер, Уильям Рокфеллер, Самюэль Эндрюс 1333 акциядан, С.Харкнисс 1334 акция, «Rockefeller, Andrews & Flagler» компаниясы 1000 акция, О.Б.Дженнингс 1000 акция иеленеді. Тағы бірнеше инвесторға алдағы уақытта акционерлік қоғамға мүше етіп қабылдауға уәде беріледі.

Д.Рокфеллер директорлар кеңесінің төрағасы, Г.Флэглер корпорацияның хатшысы әрі қазынашысы болып сайланады. У.Рокфеллер вице-төрағалыққа жайғасса, С.Эндрюс атқарушы директор болып тағайындалады.

Кливлендтегі 60 акр жерге орын тепкен «Standard Oil» корпорациясы АҚШ-тың мұнай өндірісінің оннан бір бөлігін иемденді. Корпорацияның қарамағында екі мұнай айдайтын зауыт, бондар, бөшке, цистерна шығаратын өндіріс орны, көлдің бетімен қара алтын тасымалдайтын танкерлер мен кемелер, лихтерлер, пакгауздар мен қоймалар болды. Етек-жеңін жинаған корпорация нарықты толық игеру үшін, аренадағы 250 бәсекелесін ығыстырып шығаруға оқталған.

1870 жылдары мұнай өндіруші аймақтарда бір баррель мұнайды тасымалдау құны 40 центке тең болатын. Жұмыс тәжірибесі мол Флэглердің теміржол саласындағы тамыр-таныстары баршылық еді. Ол АҚШ-тың әлі мұнай шыға қоймаған аймақтарына жүк тасымалдайтын теміржол компанияларының басшыларымен астыртын байланыс орнатып, оларды тариф бағамын бәсекелестерімен салыстырғанда екі есе арзан қылуға көндіреді. Келісім бойынша мұнайды және мұнай өнімдерін сатудан түскен табыс  тараптардың сіңірген еңбегіне сәйкес бөлінетін болды.  Мұнайшылар мен теміржолшылар ауыз жаласып құрған астыртын ұйым «South Improvement Company» деп аталды. Бұл ұйымның артында Рокфеллердің тобымен бірге Гулд, Вандербильд, Скотт сынды теміржол монополистері тұрды.

«South Improvement Company» ұйымына мүше теміржол қожайындары аяусыз, әділетсіз қадамға барды. Олар «Standard Oil» корпорациясынан басқа мұнай өндірушілерге тариф бағамын екі есе, бірнеше есе қымбаттатты. Рокфеллер мұнайдың әр барреліне 40 центтен төлеп жатқанда, оның бақталастары әр баррельге 80 центтен, 2,14 доллардан төлеуге мәжбүр болды. Құпия келісімнің арқасында күшейген «Standard Oil»-мен бәсекелесе алмай көптеген мұнай кәсіпорындары банкротқа ұшырайды. Олар күйреген кәсіпорындарын «Standard Oil»-ға сатты.

Астыртын келісімді қанша жерден жабық ұстауға тырысса да, ақпарат сыртқа шығып кетті. Жергілікті газеттердің біріне заңды белден басып, жұмыс атқарып жатқан монополист ұйымның бар екендігі туралы мақала басылып, қоғамда дүрбелең туады. Үш мың адам жиналып, митинг өткізеді. Банкротқа ұшырап, кәсіпорнынан айырылып қалған кәсіпкерлер шу көтереді. «South Improvement Company»-ға қарсы науқанның басы-қасында Чарльз Пратт және Генри Роджерс атты екі мұнай алпауыты бастаған топ жүрді. Олар 112 мұнай өндірушінің басын қосып, наразылық ретінде мұнайшылар одағын құрады. Бірақ науқан халықтың монополистерге қарсылығынан гөрі, монополистердің монополистермен қақтығысына қатты ұқсайтын. Қалай болғанда да бір жыл жұмыс істеп үлгерген «South Improvement Company» ұйымының қызметі Пенсильвания губернаторының шешімімен тоқтатылады. «South Improvement Company»-дің құйтұрқы әрекеті Американың демократиялық қоғамына, еркін экономикалық нарығына, әділетті ойын ережесіне қарама-қайшы келсе де, Джон Рокфеллер өз амалының дұрыс қадам болғандығын айтып танбаған. Арнайы комиссия құрылып, істі тексергенімен, ұйым мүшелерінің қағаздарынан кінәрат таппады. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай барлығы заң жүзінде жұмыс істегендерін айтып тұрып алды. Оларға мұнай өндірісімен айналысуға тыйым салғанымен, онысынан да түк шықпады.

Джон Рокфеллер 1871 жылдың желтоқсан айында полковник Оливер Пейнді корпорацияға акционер ретінде тартады. Пейн жоғарғы билікке ықпалы бар адам болатын. Оливер Пейн «Standard Oil»-ға жеке кәсіпорны арқылы тіркелді. Пейннен басқа тағы бірнеше инвестор директорлар кеңесіне қосылады. «Standard Oil» корпорациясының капиталы жалпы құны 2 500 000 долларды құрайтын 25 000 акцияға ұлғайтылды. Акциялар төмендегі тізім бойынша бөліске түсті:

Акционерлер

1.01.1872 жыл

Акциялар саны  

15 мың жаңа акцияны бөлу

Джон. Д. Рокфеллер 2015 Барлық акционерлердің

үлесіне сәйкес

 

4000

Уильям Рокфеллер 1459
Г.М. Флэглер 1459 Оливер Пейн 4000
Самюэль Эндрюс 1458 Джон. Д. Рокфеллер 3000
С.В.Харкнисс 1458 Г.М. Флэглер 1400
Кіші Амаса Стоун 500 Джон. Д. Рокфеллер компанияның агенті ретінде  

1200

Стилмэн Уитт 500
О.Б.Дженнингс 500 Джейбез А. Боствик 700
Т.П.Хэнди 400 Дж. Стэнли 200
Бенджамин Брюстер 250 П.Х.Уотсон 500
Барлығы: 10 000 Барлығы: 15 000

 

«Standard Oil» корпорациясы тәулігіне 10 мың баррель мұнай өндіретін, 1600 жұмысшысы бар алып кәсіпорынға айналды. 1600 жұмысшыға ай сайын еңбекақы ретінде 90 мың доллар бөлініп отырды. Қанатын кеңге жайған «Standard Oil» сол жылы нарықтағы 34 бәсекелесін жұтып жібереді. Жаңа кәсіпорындарды еншілегендіктен, «Standard Oil»-дың тауар ассортименті де көбейді.

Бұрынғы өнімдердің қатарына нафтендер, қышқылдар, бояулар, балауыздар және тағы басқалар қосылды. Корпорацияның құрамына 6 гудрон зауыты (мұнай қалдықтарын қажетті заттарға айналдыратын зауыт), екі қышқыл өндіретін зауыт және тағы бір жанармай өндіретін зауыт кірді. «Standard Oil» корпорациясы Кливлендке толық монополия орнатқан еді. 1872  жылы мұнайдың бағасы күрт арзандап, бір галлон жанармайдың бағасы 22 центтен 13 центке түседі. Бір жыл өткенде 11 центке дейін тағы құлдырайды. Қосымша қоры бар «Standard Oil»-дың мұртын балта шаппады. Өнімнің өзіндік құнының төмендігінің арқасында басқа кәсіпорындар сияқты банкротқа ұшырамады.  Қайта тыныс-тіршілігі тоқтаған компанияларды сатып алып, өрісін кеңейте берді. Соған сәйкес акционерлердің акциялық үлестері де біртіндеп өсті.

«Standard Oil» корпорациясының Кливлендтегі зауыты

1874 жылы Джон Д.Рокфеллер үш қыздан соң ұлды болып, оның атын кіші Джон Д.Рокфеллер деп қояды.

70-жылдардың ортасына таман мұнайшылардың бағына орай қара алтын тасымалдайтын құбыр жолдары төселе бастады. Құбыр жолының монополияланып кетуінен қауіптенген Рокфеллер бұл салаға қыруар инвестиция құяды. Әрине, бұл шаруаны өзге мұнай кәсіпшіліктерімен күш қосып атқарды. Құбыр жолының теміржолдан артықшылығы – алыс аймаққа айдалатын мұнайға да, жақын өңірге жөнелтілетін мұнайға да бірдей баға белгілейтін. Құбыр иелері үшін жолдың ұзақтығы маңызды фактор болып есептелмеді. Іштей бәсекелесіп жүретін теміржол компаниялары мүлдем бейтаныс бәсекелес салаға кезікті. Енді оларға мұнай өндірушілерді өздеріне тарту үшін, тариф бағамын тағы да арзандатуға тура келді. Құбыр жолының пайда болуы мұнайшы бизнесмендердің жеңісі еді.

Тасымалдың жаңа түріне ақша салған «Standard Oil» жалпы құбыр желісінің үштен бір бөлігіне ие болды. Ал құбыр жолын пайдаланудан, жалға беруден түскен табыстың 36,5%-ын иемденіп отырды.

Рокфеллер мен оның тобы нарыққа үстемдік ету үшін, кадр саясатына баса мән беру керек екенін, шешуші тұлғалармен жақын қарым-қатынас орнату керек екенін жақсы ұқты. Нарыққа төрт тағандап бекінген Джон Рокфеллер Питсбургтағы, Филадельфиядағы, Нью-Йорктағы мұнай магнаттарымен келіссөз жүргізіп, олардың барлығын «Standard Oil»-дың қарамағына енуге көндіреді. Нарықтағы басты бәсекелестері, бір кездері ата жауы болған Чарльз Пратт және Генри Роджерстермен де татуласып, екеуін акционер ретінде қабылдап, ал Праттың баласын корпорациясының бас хатшысы етіп тағайындайды. 1875 жылы «Standard Oil» корпорациясының акционерлері әр акциядан түсетін дивидентті 115 долларға көтереді. Арнайы акционерлер жиналысы өткізіліп, жиналыс қорытындысы бойынша корпорацияның акционерлік капиталын 3 миллион 500 мың долларға жеткізу жоспарланады. Акционерлерді тарту жұмысы еш тоқтамады. «Standard Oil»-дың қанатының астына кіргісі келетіндер үшін, арнайы акциялар шығарылып, олар өндірістік қуатқа сай бағаланып, сатылып отырды. Өндіріс ошақтары, өңдеу кәсіпорындары, сату орталықтары, диллер мекемелері, теміржол компаниялары, құбыр жолдары, теңіз көліктері, гудрон зауыттары, мұнай ыдыстарын дайындаушы цехтар және басқада шаруашылық субъектілері Рокфеллердің қоластына топтасты. Америкадағы ұзындығы 40 мың мильді құрайтын құбыр жолының 35 мың милі Рокфеллердің компаниясына қарады. 1976 жылы АҚШ-та өндірілген 10 миллион баррель мұнайдың 80%-ы «Standard Oil» корпорациясының үлесіне тиді.

«Standard Oil» өзі еншілеген жерлердегі белсенділігін күшейтумен қатар Балтимордағы, Нью-Джерсидегі, Жаңа Англиядағы, Нью-Йорктің солтүстік аудандарындағы және басқа да игерілмеген нарықтарға ауыз салды. Рокфеллерге «Pennsylvania Railroad» теміржол компаниясының қожайындары Том Скотт пен Джозеф Потт қатты қарсылық көрсетті. Олар «Standard Oil»-ды әлсірету үшін, балама құбыр жолын жүргізді, мұнай өңдеу зауыттарын салды. «Standard Oil» жауап ретінде қолдағы барлық ресурстарын пайдаланып, мұнай мен оны тасымалдау құнын барынша төмендетеді. Баға саясатына төтеп бере алмаған «Pennsylvania Railroad» бүкіл активтерін 3 миллион 400 мың доллар бағамен «Standard Oil»-ға сатуға мәжбүр болды.

1877 жылдың соңына дейін «Standard Oil» тағы 31 бәсекелес кәсіпорынды жұтып, бүкіл құбыр жолына монополия орнатты. Үкімет тарапынан корпорация менеджерлерінің үстінен алты бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, олар айыппұл төлеумен оңай құтылды.

1879 жылы «Standard Oil»-ға жаңа бақталас пайда болды. Пенсильваниядағы «Tidewater Pipe Co» корпорациясы мұнай өндірілетін аудандарды жағалай, ұзындығы 110 миль теміржол төсеп, сонымен бірге мұнай құбырын жүргізеді. Бұл Рокфеллер мен оның командасына ауыр соққы болып тиді. Олар мұнай транспортының төрттен үш бөлігін жаулап алған «Tidewater Pipe Co» корпорациясына қарсы жорық ұйымдастырып, олардың тасымал жолдарының бойында орналасқан мұнай кеніштері мен өңдеу орталықтарын сатып алады. Онымен қоса бәз баяғы әдістеріне салып, тариф бағамын төменгі шекке дейін түсіреді. «Tidewater Pipe Co» берілуге мәжбүр болып, акционерлік капиталының көп бөлігін «Standard Oil»-ға сатады.

«Standard Oil» 1879-1882 жылдар аралығында жоғары өсімге қол жеткізіп, оған 14 ұйым, 26 акционер келіп қосылады. Корпорация елдегі мұнай өңдеу саласының 95%-ын, мұнай құбырларының 90%-ын бауырына басты. Лима Фраш, Уильям Бартон сынды химиктердің көмегімен мұнайдан алынатын тауарлар түрін 300-ге дейін жеткізеді. Акционерлердің көбеюіне байланысты «Standard Oil» трестке (сенімді тұлғалар кеңесі деген мағына) айналдырылды. Көкжиегі кеңіген Рокфеллер Огайо штатындағы «National City Bank»-тің акцияларын сатып алып, банктің де ірі акционері атанады.

Монополист «Standard Oil». Карикатура

XIX ғасырдың екінші жартысында екі ғылыми жаңалық ашылып, оның бірі – Рокфеллер мен оның командасын тақырға отырғыза жаздаса, екіншісі – олардың төбесін көкке жеткізді. Бірінші ғылыми жаңалық – Томас Эдисонның электр лампасын ойлап табуы. «Елдің бәрі керосин шамды тастап, электр шамдарына ауысып кетсе қайтеміз» деп уайымдап жүргенде, неміс ғалымдары іштен жану двигателін өмірге әкеледі. Іштен жану двигателінің арқасында автомобиль, аэроплан өндірісі жанданып, мұнай магнаттарының мәңгілік клиенттері нарыққа шықты.

«Standard Oil» халықаралық нарыққа жол ашып, Англия, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үндістан мемлекеттеріне мұнай өнімдерін жөнелтті. Аузын арандай ашқан трестің тәбеті АҚШ үкіметі мен конгресінің назарын аудармай қоймады. Сенаторлар трестке қарсы «Шерман Актісін» қабылдап, монополистердің басына қара бұлт үйіреді. Тексеруші органдар «Standard Oil»-дың қызметінен 1462 заңбұзушылықты тауып, 29 миллион доллар айыппұл салады. Трестің менеджерлері заң органдарына елдегі «Standard Oil»-дан басқа 111 мұнай өндіруші компанияның тізімін ұсынып, өздерінің монополистердің қатарына жатпайтынын дәлелдеп бағады. Тресттің халықаралық корпорацияларға төтеп беру мақсатында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» үшін құрылғанын, оның акционерлерінің саны 700-ге жуықтағанын айтып қарсыласады. Сөздерінің ақиқаты ретінде тресттің хаттамаларын көрсетеді.

Ал Рокфеллер өмірінде журналистерге сирек сұхбат берген адам еді. Корпорациясына қатысты қандай дау болса да, ол жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай түсініктеме бермейтін. Джон Рокфеллерді іздеп барған тілшілер оның кабинетінің іштен бекітілген есігінің сыртынан қайтатын.

Қыруар қаржының иесі болған Джон Рокфеллер әу баста Республикалық партия қатарынан жақтастарын тауып үлгерген еді. Республикалық партияның жетекшісі Алонзо Ханна «Standard Oil»-дың жасырын үлескерлерінің бірі, әрі тресттің жоғарғы биліктегі «төтенше комиссары» болатын. Ханна Огайо штатының прокурорына қысым көрсетіп, Рокфеллерге тағылған айыптарды алдыртып тастайды.

Иә, Құдай ақша арқылы билікке ұмтылатын олигархтар мен биліктің күшімен ақшаға қол созатын коррупционерлердің ымырасынан сақтасын! 1896 жылы Джон.Д. Рокфеллер Огайо штатының бұрынғы губернаторы, Республикалық партияның атынан Президент сайлауына түсіп жатқан Уильям Мак Кинлидің сайлау штабын қаржыландырып, оның сайлауалды қорына 250 мың доллар аударады. Мак Кинли екінші мерзімге сайланарда да (1900 жыл) демеушілік көрсетеді. АҚШ билігі бұдан былай Рокфеллердің трестін қысымға алуды доғарып, қайта оны халықаралық саяси мүддеге пайдалануды дұрыс санады. Себебі ол кезде АҚШ әлемдік саясатта гегемониялыққа ұмтылып жатқан болатын. Ситуацияны тиімді пайдаланған Рокфеллер өз адамдарының бірнешеуін конгресске сенатор етіп өткізіп жібереді. 1901 жылы баласы кіші Джон Рокфеллерді үйлендіріп, сенатор Н.Олдричпен құда болады. Енді ішкі нарықтағы компаниялардың ешқайсысы Рокфеллердің бәсекелесі бола алмады, оның қарсыластары – Ақ үй мен Капитолийдің ішіндегі антимонополист президенттер, сенаторлар және Ресейдегі, Еуропадағы өзі сияқты мұнай алпауыттары еді.

1901 жылы президент Уильям Мак Кинли қастандықпен атып өлтіріледі. Оның орнына республикашылдар Теодор Рузвельтті отырғызады. Арада үш жыл өткенде Алонзо Ханнада о дүниелік болып, тамыр-таныстарынан айырылған Рокфеллердің қолы қысқарады. Жаңадан құрылған «Трестке қарсы лиганың» жанайқайымен Теодор Рузвельт монополистерді әлсін-әлсін сынға алды. Бірақ ол монополияға қарсы болғанымен, меншік құқына қол сұға алмайтынын айтумен болды. Мемлекеттік хатшы Рут айтқандай «Рузвельт көп үріп, аз тістейтін» саясаткер еді. Өйткені ол тағы бір миллиардер, елдегі темір өндірісінің қожайыны Морганның ықпалында болатын. Екі президенттік сайлауда да монополистер тарапынан қаржылық қолдауға ие болған ол Мак Кинлидің экономикалақ саясатына еш өзгеріс енгізбеді.

Джон Д.Рокфеллер халықаралық нарықта Ротшильдтер әулетімен, швециялық ағайынды Нобельдермен, голландиялық көпес Генри Детердингпен және тағы басқа орыс, ағылшын өнеркәсіпшілдерімен бәсекелесті. Ротшильдтер мен Нобельдер орыс билігімен келіссөз жүргізіп, Рокфеллерді Ресей нарығынан ығыстырып шығарады. Қайта келісім орнату мақсатымен «Standard Oil»  қожайыны Ресей қаржы министрін Нью-Йоркке шақырады. Алайда орыс өкілі кездесудің Америкада емес, Парижде болғанын қалап, келіссөз сонда өтеді. Кездесу нәтижелі болмады, орыстар американдықтармен коммерциялық келісім жасаудан бас тартады.

Рокфеллер енді назарын Индонезия аралдарынан шығып жатқан мұнай көздеріне бұрады. Индонезияның Америкадағы консулдығымен байланыс орнатып, қам жасағанымен, оның алдын англиялық, голландиялық бизнесмендер орап кетеді. Ішкі нарықта жеңістен жеңіске жетіп үйренген Джон Рокфеллер енді АҚШ үкіметінің көмегімен Қытайдағы нарық сегменттеріне қол жеткізеді. «Standard Oil» қытайлықтарға орасан көлемде керосин сатқанымен, уақыт өте келе ол жақтағы жүздеген миллион тұтынушыларынан да алыстауға мәжбүр болады. XX ғасырдың басында Еуропа державалары Қытайды колонияға айналдырып, өзара бөліске салады. Қытай мен Сібірдің арасын жалғайтын теміржол құрылысын бастап қойған Рокфеллердің жобасы еуропалықтар қойған кедергінің кесірінен аяқсыз қалады. Америкалық элита олардан «ашық есікті» талап етіп, бірнеше нота жібереді. Солтүстік Қытай мен Маньчжуриядағы сауда саясаты ресейліктер тарапынан қарсылыққа ұшырағандықтан, жүзеге аспай қалып, екі жақтың дипломатиясы күрт нашарлайды.

1890-жылдардың соңына қарай Ресей мұнай өндірісі бойынша АҚШ-ты қуып жетіп, дербес базасын қалыптастырып үлгерген еді. «Standard Oil»-дың менеджерлері орыс өкіметіне Бакудегі мұнай көздерін сату жөнінде сұрау жібереді. Алайда орыстар келісімшарт жасаудан тағы бас тартты. Джон Рокфеллер қиыр шығыстағы аралдар мен қалалар үшін, Ресей мен Жапония арасында соғыс өрті тұтанғалы жатқанын естіп, егер патша өкіметі мұнай кеніштерін бізге сатпаса, онда «National City Bank» арқылы жапон әскерін қаржыландыратынын айтып, доқ көрсетеді. Ресей әкімшілігі Рокфеллердің бопсасына қолды бір сілтеп, оны мұнай кен орындарына жолатпайтынын тағы бір қайталайды.

«Кім мұнайға ие болса, сол әлемді басқарады» депті ағылшын адмиралы Д.А.Фишер. Бұқаралық ақпарат құралдары дамымай тұрған заманда бұл нақыл осылай айтылыпты. Себебі мұнай индустриалды қоғамның басты қозғаушы күші еді.

«Standard Oil» компаниясының жанармай құю бекеті

Рокфеллерге қарсы жойқын жорық ұйымдастырған ең қауіпті бәсекелесі Генри Детердинг болды. Ресей, Азия, Орталық Еуропа елдерінің нарығын жаулаған ол Рокфеллердің «баға саясатына» ерегісіп, өзінің мұнай тиелген танкерлерін Нью-Йорктың түбінен бір-ақ шығарады. Теодор Рузвельт биліктен кеткен соң, ішкі нарықта «Standard Oil»-ға бәсекелес ірі компаниялар бой көтеріп келе жатқан. Өйткені тұтынушылар қатары күрт артып, мұнай өндіретін кәсіпорындардың өміршеңдігіне күмән тумаған. 1900 жылы АҚШ-та 8000 ғана автомобиль болса, 1915 жылы олардың саны 2,5 миллионға жетіп жығылады. Көлік санының бұдан кейін де көбейе беретінін түсінген бизнесмендер қолдағы инвестицияларын мұнай саласына құяды. Америкадағы жаңа бәсекелестері туралы ойлап, абыржыңқырап отырған Рокфеллерге мұхиттың ар жағындағы Детердингтің сауда жасап мұнда келуі мүлдем күтпеген оқиға болды. Голландиялық Генри Детердинг америкалық Джон Рокфеллерді өз үйінен ығыстырып шығармақшы! Детердинг Рокфеллермен бейбіт келісім бекіткісі келгенімен, ешқандай келісімшарт жасалмады. Өзін батыс жарты шардың қожайыны санайтын Джон Рокфеллер мырза голландиялық әріптесімен бітімге келуді әлсіздік деп бағалаған.

Рокфеллер көрші Мексикаға да көз алартты. Мексика президенті П.Диас америкалықтармен бірге ағылшын компанияларын да қабылдап, екі жаққа бірдей үлес береді. Ол инвесторларды оңай басқару үшін, осылайша тең  баланс ұстағысы келді. Бұған ызаланған АҚШ саясаткерлері П.Диастың қарсыластарын Рокфеллердің ақшасымен қаржыландырып, оны биліктен тайдырады.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Х.Вильсон Рокфеллердің халықаралық саясаттағы елшісі болды. Ол түрік сұлтанымен, румын королімен жолығып, сол елдердегі мұнай кеніштерін игеру үшін, Рокфеллерге рұқсат алып береді. Сонымен қатар мұнай саласын мемлекет меншігіне алу туралы заң шығарған Германия үкіметіне саяси қысым көрсетіп, заңды қабылдаттырмай тастайды.

Джон Рокфеллер ұлы кіші Джон Рокфеллермен бірге

1911 жылы «Standard Oil»-дың жылдық табысы 95 миллион долларға жетеді. Сол жылы антитрестшілердің билікке сөзі жүріп, АҚШ Жоғарғы соты Рокфеллердің трестін 34 тәуелсіз компанияға бөлшектеу туралы бұйрық шығарады. Алып компанияның ең ірі акционері болып саналатын Джон мырза бұған аса қатты мазасызданбады. Ол акциялық үлесін 34 компанияға бөліп таратып, тәуелсіздік алған барлық компаниялардың акционерлік құрамына кіре салады. Саяси қысымға қарамастан оның акцияларының құны аспандайды. Бүгінгі уақыттағы «Mobil», «Exxon», «Chevron» және тағы басқа да мұнай корпорациялары «Standard Oil»-дың ұсақталған бөлімшелерінен бастау алған компаниялар болатын. Америка билігінде отырғандар монополиямен күресу оңай еместігін, ірі капиталистердің шамына тию әрдайым абырой әпермейтінін жақсы түсінген элита болды. Олардың монополияға қарсы сілтеген қылыштары меншік заңына да қиянатын тигізе бергендіктен, бұдан былай монополистердің жекелеген заңға қайшы әрекеттерімен ғана күресу керек деп шешкен.

Шау тартқан Джон Рокфеллер 1913 жылы барлық ісін, үлесін ұлының қолына өткізіп, өзі зейнеткерлікке шығады. Тарихшылар оның сол кездегі жеке қазынасын әрқилы бағалаған. Есеп-қисаптардың шегі 900 миллион доллар мен 1,4 миллиард доллардың аралығанда деген шешімге келді. Рокфеллер отставкаға кеткеннен кейін, тағы 24 жыл өмір сүрді. Ол Чикаго университетінің, Рокфеллер атындағы медицина институтының, Жалпы білім беру орталығының, Рокфеллер қоры  және тағы басқа да ғылыми, мәдени ошақтардың тұсауын кесті. Рокфеллер династиясы басқаратын бұл ұйымдардың қоғам тигізген ықпалы өзінше бір тақырыпқа арқау болатын дүние.

Джон Рокфеллер туралы шынайы жазуға тырысқан зерттеушілердің бірі Дейл Карнеги. Ол 1932 жылы Пекиндегі шаруалар тырысқақ ауруынан шыбынша қырылып жатқанда, Рокфеллердің медициналық институты егу жұмыстарын жүргізіп, соның арқасында ауруға ұшыраған мыңдаған адамдардың өлімнен аман қалғанын жазады. «Мен Рокфеллердің ақшасының медицинаға қосқан құдіретін сол кезде көрдім» деп жазады ол. Сонымен қатар Карнеги бизнесменнің жеке қасиеттеріне де тоқталады. Оның айтуынша, 33 жасында миллионер, 43 жасында халықаралық корпорацияның президенті болған Рокфеллер бизнес жүргізудің ауыртпалығынан жиі ұйқысыздыққа ұшырап, жүйкесіне көп салмақ түскендіктен, жасы 50-ден асқанда шашы, қасы, кірпіктері түсіп, мумиядан аумай қалған. Бірде ол құны 40 мың доллар астықты теңіз жолымен жөнелткенде, 150 долларға сақтандыру полисін ашуға ақшасын қимайды. Алайда жүк жөнелтілген түні қатты дауыл тұрып, астығын сақтандырмағанына өкінеді. Ертесінде таң атпастан сақтандыру орталықтарына барып, полис ашады. Көп ұзамай астықтың діттеген жерге аман-есен жеткізілгені туралы ақпарат алады. Джон Рокфеллер 150 долларды артық жұмсап қойғанына қынжылып, ашу шақырып, бармағын шайнайды. «Өзіңіз ойлаңызшы! –дейді автор. – Фирма жылына жарты миллион доллар табыс тауып жатқан тұста Рокфеллер азғантай жүз елу доллар үшін өз жанын жегідей жеп жатыр».

Алғашқыда ол бойындағы ауру, сырқауларды елемейді. Бірақ ас қорыту мүшелері бүлініп, ұйқысы бұзылып, шаштары түсе бергендіктен, дәрігерге қаралуға мәжбүр болады. Дәрігерлер оған үш ереже ұсынады: 1. Дау-дамайдан алыс жүріңіз, жүйкеңізді жұқартпауға тырысыңыз. 2. Сергек болыңыз, таза ауада қарапайым жаттығуларды қайталап жасаңыз. 3. Диета ұстаңыз. Тамақты тым тойып ішпеңіз, асқазанның бір бөлігі бос болсын. Осы ақыл-кеңесті берік ұстанғаннан шығар, Джон Рокфеллер 98 жыл өмір сүріп, 1937 жылы қайтыс болды.

Түйін

Джон Рокфеллер мұнайдың алғашқы көзін ашушы да емес, мұнайды түрлі өнімдерге сұрыптайтын химик те емес, тұңғыш ұңғымашы да емес. Ол – іскер адам. «Найзағайдың отына нан пісіріп үлгеретін» епті кәсіпкер. Оны саясатқа ықпал етті деп айыптаудың реті жоқ. Джон Рокфеллер саясатқа араласпай тыныш отырса, оған биліктегілердің ешқайсысының зиян тигізбейтініне ешкім кепілдік бере алмайтын. Керісінше, оны саясаттың ықпалымен (мейлі, оң болсын, теріс болсын) өскен деп санаған жөн. Теріс болатын себебі, мемлекет мүддесі үшін деген ұранмен бизнес, қаржы секторын айтқанымен жүргізіп, көгендеп ұстауға үйір саясаткерлердің әу бастан үлкен қарсылыққа ұшырайтыны анық еді. Сол қарсылық Рокфеллер кейпінде көрініс берді. Оң болатын себебі, саясаткерлердің бір тобы дивидент алу мақсатымен Рокфеллердің бизнесіне тікелей қолдау көрсетті. Ал Джон Дэвид Рокфеллердің өзі қазынасын миллиардқа толтырған тұңғыш бизнесмен ретінде тарихқа енді.

Абай Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер