Алматы облысы сот ғимаратын 5 айға жалдау үшін 50 миллионнан астам теңге қаржы бөлді

1697
Adyrna.kz Telegram

Алматы мен Жетісу облыстары бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына көшкелі бері мемлекеттік мекемелердің дені кеңселерді жалға алып отыр. Мәселен, Алматы облысының Сот әкімшілігі алдағы бес айға ғимарат жалдау үшін қазына қаржысынан 50 752 232 теңге қаржы бөлген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы satypalu.gov.kz/kz/ сайтына сілтеме жасап. 

Бүгін, яғни 17 шілде күні satypalu.gov.kz сайтында "Қонаев қаласында бір сотқа ғимарат жалдау" деген атаумен тендер жарияланды. Тендер жеңімпазы 24 шілде күні анықталады. Техникалық сипаттамада Қонаев қаласынан жалға алынатын ғимараттың 20 адамға дейін сыйымдылығы бар залы, 1 мәжіліс залы, ванна бөлмелері, 2273,7 шаршы метрден кем емес әкімшілік ғимаратта 2 сот төрағасы, 3 алқа төрағалары, 20 судьяға арналған кабинеттер, т.б болуы керектігі жазылған. 

Сондай-ақ, "Әкімшілік ғимаратты күтіп ұстау, қоқыс шығару, коммуналдық төлемдер жалдау ақысына кіретіні, тендер жеңімпазында әкімшілік ғимаратқа құқық белгілейтін құжаттары болуы керектігі, ғимарат маңында қызметтік көлік құралдарын, сот процесіне қатысушылардың көліктерін қоятын аумақ болуы қажеттігі" белгіленген. "Ғимаратты жалдау мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін" деп көрсетілген.

Яғни, Алматы облысының Сот әкімшілігі алдағы бес ай үшін ғимарат жалдауға 50 752 232 теңге қаржы жұмсамақ. Облыс бөлінгелі екі жылдан астам уақыт өтті. Содан бері Сот әкімшілігі ғимарат жалдауға бюджет қаржысынан қанша ақша шығындады? Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады? Ғимаратты жалға алуға кеткен қаржымен мемлекеттік мекемеге ғимарат соғып алуға не кедергі?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты қосымша жариялайтын боламыз. 

Абай Асыл

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер