Астана маңынан ішек-қарны ақтарылған малдың өлекселері табылды

1513
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Астана маңында малдың терілері мен ішек-қарны шашылып жатыр. Бұл тураля Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Әрсен Керімбеков желідегі парақшасында жазып, фото жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Керімбеков елімізде малды ет комбинаттарына өткізу жүйесі жолға қойылмағанына қапаланды.

«Неге бізде көп елге қарағанда ет бағасы солармен бірдей, көбіне тіпті қымбат? Себебі осы жылдар бойы малды ет комбинаттарына өткізу жұмысын реттей алмадық. Бағдарламалар, субсидиялар – мұның бәрі бос сөз. Мына фотолар кеше түсірілген. Астана қасапханасының маңында тері, ішек-қарын мен ұйыған қан жайрап жатыр. Ал оның иісі қандай болатынын елестетіп көріңіздер!», - деп жазды Керімбеков желідегі парақшасында.

Осы постан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы аумақтық инспекциясы полицейлермен бірге көрсетілген мекенжайға барған.

«Тексеріс барысында Алаш шоссесі, 313 көшесінде, «Агро Өнім Астана» ЖШС мал сою пунктіне іргелес аумақта малдың ішек-қарны табылды. Мал соятын пункт құрылыс жұмыстарына байланысты 2023 жылы қызметін тоқтатқан. Алайда Құрбан айт кезінде уақытша мал сойылған», - делінген хабарламада.

Осы фактіге байланысты «Агро Өнім Астана» ЖШС мал сою пунктінің иесі Ж.Жайлауға әкімшілік хаттама толтырылып, 30 АЕК, яғни, 110 760 теңге айыппұл салынды. Аумақ тазартылды.

Сондай-ақ Алаш шоссесі көшесінен құрылыс қоқысы мен малдың ішек-қарны шашылған тағы бір жер учаскесі табылған. Жерді жалға алған А.С.Мәденовке әкімшілік хаттама толтырылды. Жер учаскесі тазартылды.

Пікірлер