Боксшы Бақтияр Артаев «Дикий Арман» үшін қызметінен кеткенін растады

2260
Adyrna.kz Telegram

Боксшы Бақтияр Артаев Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті және мемлекеттік бапкер қызметінен неге кетті? Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында айтып берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сұхбат барысында спортшы өзінің қызметінен кетуінің бірнеше себебін атады.

Біріншісі – сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың орнын басады деп қорыққандар болған көрінеді. Ал, екінші себебі – боксшының "Қаңтар" оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған "Дикий Арманды" қолдап жазба жазуы.

“Кім кіммен араласпай жатыр? Таза ақымақтық. Ашығын айтайық, түнгі сағат екіде кальян шегіп отырып, сол кездегі Спорт комитетінің басшысы хабарласты. "Дикий Арманмен" араласады екенсің, жұмысты босатуың керек" деп айтты. Айлығым 180 мың теңге болды. Шетелде мен сияқты маманды 10 мың доллар төлеп шақырар еді. "Токиодан жылап келдіңдер. Ұлттық Олимпиада комитеті мен министрлік кінәні бір-біріне жауып сілтедіңдер. Алтын жоқ. Араға 2 сай келіп, Сербиядағы әлем біріншілігінен екі алтын алып бердім. Сонда 180 мың төлеп, осының өзін артық көріп кеттіңдер ме?" дедім. Мейлі деп, трубканы қойып, арызымды жазып бердім”, - дейді Бақтияр Артаев.

Боксшыға хабарласқан – сол кездегі Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарған Самат Ерғалиев. Ол қазір бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторында жатыр.

“Алла шебер. Өзі мәңгі сол жерде отыратындай ойлады. Енді қазір өзі қайда отырғанын білесіздер”, - дейді спортшы.

Еске салсақ, Бақтияр Артаев 2022 жылы ақпанда Бокс федерациясының вице-президенті қызметінен кеткен болатын.

2022 жылғы ақпанда Бақтияр Артаев "Дикий Арман" ретінде танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке арнап пост жазды. Ол "бауыры үшін жүрегі ауыратынын" айтып, босатуды сұраған еді.

Арман Жұмагелдиев "Қаңтар оқиғасына" қатысты екі жарым жылдан бері тергеу изоляторында жатыр.

Пікірлер