Сайлауалды науқанда сөз сөйлеген экс-президентке қастандық жасалды

3524
Adyrna.kz Telegram
Фото: NBC
Фото: NBC

Пенсильвания штатында сайлауалды науқанда сөз сөйлеген Дональд Трампқа қастандық жасалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

14 шілде күні АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа оқ атылды. Саясаткер сөз сөйлеген мінбенің артына тығылып, артынша экс-президентті оққағарлары алып кетті.

Қастандық салдарынан Трамптың оң құлағына оқ тиіп, жарақат алған. Қазір Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Стивен Чунг оның емделіп жатқанын хабарлады.

Шетелдік БАҚ мәліметінше, экс-президентке сайлау алдында қастандық жасаған адам ұсталған. Оны АҚШ-тың құпия қызметі өлтірген.

Алайда сайлау жиында болған атыстан бір көрермен қаза тауып, екеуі ауыр жараланған. Олар қазір ауруханада.

2024 жылғы АҚШ президентінің сайлауына экс-басшы кандидат ретінде тіркелген. Ол атыстан кейін:

"Мен Америка Құрама Штаттарының Құпиялық қызметіне және барлық құқық қорғау органдарына Пенсильвания штатының Батлер қаласында болған атыс оқиғасында жедел әрекет еткені үшін алғыс білдіремін. Қаза болған адамның отбасына және жарақат алған адамның жақындарына көңіл айтамын. Қастандық ұйымдастырған адам туралы әзірге хабар жоқ. Оқ оң құлағымның үстін тесіп өтті. Құдай Американы жарылқасын!”, – деді Трамп.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден Трампқа қастандық жасалды деген ақпаратқа өзінің Х парақшасында жауап берді.

"Оның жағдайы жақсы екеніне қуаныштымын. Оған және оның отбасына және науқанға қатысқандардың барлығы үшін дұға етемін. Оны аман алып қалған Құпиялық қызметке алғыс айтамыз. Америкада мұндай зорлық-зомбылыққа орын жоқ, бүкіл халық бірігуі керек", – деп жазды ол.

Пікірлер