"Масқара жағдай". БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына шабуылын айыптады

1524
Adyrna.kz Telegram

Сейсенбі, 9 шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысына қатысушылардың көпшілігі Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған зымырандық шабуылын қатаң айыптады. Сондай-ақ, бұл шабуыл үшін жауапкершілікті Украинаға аударуға тырысқан Мәскеуді сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Ауруханаға қасақана шабуыл жасау әскери қылмыс болып табылады және кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Бұл оқиғалар Украинаның денсаулық сақтау саласына және басқа да азаматтық инфрақұрылымға зиянын тигізетін "жүйелі шабуылдардың" аса алаңдатарлық жайттардың бөлігі болып табылады", - деді БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелер жөніндегі бас хатшысының міндетін атқарушы Джойс Мсуя.

БҰҰ елшісі Ресейдің жасаған әрекеті жан түршіктіретінін және Кеңес жиының тікелей осы оқиғаға қатысты болып жатқанын атады.

«Біз бүгін осында отырмыз, өйткені Ресей, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі президенті балалар ауруханасына шабуыл жасады және мен мұны айтқан сайын денем түршігеді», - деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас - Гринфилд.

Британдық Барбара Вудворд Ресейдің шабуылдары «Қауіпсіздік кеңесі үшін масқара жағдай» деп қосты. Француз өкілі Охматдет ауруханасына жасалған шабуылды «әскери қылмыстар тізіміндегі тағы бір жазба» деп атап, осы үшін Ресей жауапқа тартылуы тиіс екенін айтты.

Ал Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Гэн Шуан Мәскеуді тікелей айыптаған жоқ.

"Өкінішке қарай, шайқас соңғы уақытта бәсеңдеп жатқан жоқ, керісінше оқтын-оқтын күшейіп, көп шығынға ұшырап, қатыгездікке ұласып барады. Қытай бұл үшін қатты алаңдаулы", - деді Гэн.

Десе де, Ресей Федерациясының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя «Ресей Украинадағы азаматтық нысандарға шабуыл жасамайды» деп ақталуға тырысты. Оның айтуынша, Киевке жасалған шабуылдың негізгі нысанасы Артём атындағы Киев зауыты болған, ал Охматдет ауруханасы украиндық әуе қорғанысының зымыранымен атылған. Алайда, ресейлік өкіл Небензя бұл нұсқаға ешқандай дәлел келтірмеді.

Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сергей Кислица кездесуге қатысушыларға зымыранның ауруханаға қарай ұшып бара жатқанын және оның траекториясын көрсететін фотосуреттерді көрсетті.

 

Пікірлер