Бүгін, 12 маусым күні Астанада AMANAT партиясының кезекті XXVI съезі өз жұмысын бастады. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар қатысуда, деп хабарлайды "Адырна".
Съезд барысында есепті кезеңдегі Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жұмысының қорытындылары қаралып, партия қызметінің алдағы басым бағыттары талқылануда.
Жиынға партия мүшелері, Мәжіліс депутаттары және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Мәжіліс депутаты, партияның Әйелдер қанатының тең төрағасы Үнзила Шапақ мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған саяси реформалар елді жаңғыртудың негізгі тетігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер жаңа Конституцияның қабылдануына жол ашып, әділетті мемлекет қағидаттарын нығайтты және азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтті.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко жаңа Конституция ел дамуы үшін берік құқықтық негіз қалыптастырғанын айтып, реформалардың табысты жүзеге асуы олардың өңірлерде тиімді орындалуына тікелей байланысты екенін жеткізді. Ол мемлекеттік органдар, саяси партиялар және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов жүргізіліп жатқан реформалар жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын айтты. Оның пікірінше, жастар бүгінде тек қоғамдық бастамаларға ғана емес, заң шығару процесіне де белсенді араласуда.
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы медициналық орталығының директоры, бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлмира Сағидуллина партияның әлеуметтік және қайырымдылық жобалары, сондай-ақ отбасыларды, жастарды, ардагерлерді және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау бағытындағы жұмыстарын баяндады.
Съезд қатысушылары елдегі реформаларды жалғастыру, қоғамдық келісімді нығайту және мемлекет пен қоғам мүддесі үшін күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында AMANAT партиясы-ның «Әділет» партиясымен бірігуі туралы мәлімдеме жасалды. Қатысушылардың пікірінше, бұл қадам тәжірибе мен ресурстарды біріктіріп, ел дамуының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын ресми түрде тіркелген болатын.
Партия құрамына түрлі сала өкілдері енген. Олардың қатарында еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен-металлургия саласының қызметкерлері, шахтерлер, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT, құқық және креатив индустриясы салаларының мамандары бар.
