Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыкасы» факультетінде «Халық әні», «Домбыра» және «Қобыз-баян» сынды үш кафедра болса, енді тағы бір «Үш ішекті және фольклорлық аспаптар» кафедрасымен толықты.
2024 жылдың 26 маусымдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Ғылыми кеңесінің шешімімен Халық музыкасы факультетінде жаңа «Үш ішекті және фольклорлық аспаптар» кафедрасы ашылды.
Профессор, күйші-композитор Төлепберген Тоғжанов «Халық музыкасы» факультетінің деканы болған 2 жыл ішінде қазақтың ұлттық музыкасы тарихында елеулі жаңалықтар жасап жатқанын баса айтуымыз керек.
Профессор Т.Тоқжанов былтыр «Домбыра» кафедрасында «Үш ішекті домбыраны» мамандық ретінде енгізіп, студенттер қабылдаған болатын. Қазақтың музыкалық аспаптарын оқыту аясын кеңейту жолындағы Т.Тоқжановтың ізденістері мен еңбектері нәтижелі болып, биыл жаңа бір кафедраны ашуға қол жеткізіп отыр.
Консерватория ашылған 80 жыл ішінде тұңғыш рет ашылып отырған «Үш ішекті домбыраны» мамандығы және «Үш шекті және фольклорлық аспаптар» кафедрасының ашылуына консерватория ректоры Нұркен Әшіров пен Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Гүлнар Әбдірахманның еңбегі орасан.
«Қазақ өнері мен мәдениетіне қосылған жаңа «Үш шекті және фольклорлық аспаптар» кафедрасы құтты болсын! Халқымыздың музыка өнері әлемге танылып, рухани мұрамызға айналуы, ұлттық аспаптарымыздың дамуы үшін оны жастарға оқыту аясын да кеңейтуге барымызды салып жатырмыз. Жаңа кафедра құрамында шертер, сыбызғы, жетіген, саз-сырнай, домбыра-прима, домбыра-бас аспаптары бар.
Жаңа кафедра – ұлттық музыкамызды оқыту ісіндегі жаңа белесіміз. Консерватория әкімшілігіне, проректор Гүлнар Әбдірахманға және жаңа кафедраның маңызын сезініп қолдаған Ғылыми кеңес мүшелеріне алғысым мен ризашылығымды білдіремін», – дейді «Халық музыкасы» факультетінің деканы, профессор Т. Тоғжанов.
“Адырна” ұлттық порталы