29 елден 50 фильм қатысқан Шанхай фестивалінде бас жүлде Қазақстанға бұйырды

5732
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Шанхай халықаралық кинофестивалінде «үздік фильм» атанды. Қуанышты хабарды журналист Айнұр Мұратова жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сүйінші! «Алтын кубок» бізде!»— деп жазды ол.

Айта кетейік, фестиваль маусым айының 14-23 аралығында өтті. Оған Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран, Қытай секілді елдердің туындылары да ұсынылды.

22 маусымда Шанхайда 26-шы халықаралық Шанхай кинофестивалінің (SIFF) «Алтын кубогымен» марапаттау рәсімі өтті.

Нәтижесінде «Үздік фильм» номинациясын қазақстандық «Талақ» фильмі жеңіп алса, осы кинода басты рөлді сомдаған Амира Омарова үздік актриса деп танылды.

Қазинформның хабарлауынша, 2024 жылғы кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына екі қазақстандық фильм кірді: толықметражды көркем фильмдер бөліміне режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі таңдалды. Фильмнің Шанхай кинофестивалінде әлемдік премьерасы болды.

«Жаңа Азия таланттары» бағдарламасында Қазақстан, Ресей және Италия бірлесіп түсірген Малика Махамеджанның «Бір күннен де көп» атты тағы бір фильмі көрсетілді. Ол сонымен қатар әлемдік премьераға айналды.

Байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім түсті. Іріктеу процесінің қорытындысы бойынша 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес номинация бойынша «Алтын кубок» жүлдесін алу үшін таңдалды, оның 38-і әлемдік премьера болды.

«Толық метражды көркем фильмдер» аталымы бойынша бас жүлдеге 14 фильм, оның ішінде қазақстандық «Талақ» фильмі де бақ сынады.

Шанхай халықаралық кинофестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді.

Бұған дейін Бейімбет Майлиннің шығармалары желісімен түсірілген «Талақ» фильмі Шанхай кинофестивалінде көрсетілетінін жазған едік. Туынды Мәдениет және ақпарат министрлігің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарық көрді. 

 

Пікірлер