Қырғызстан депутаттары темір жол салу туралы заң жобасын мақұлдады

1135
Adyrna.kz Telegram
Фото: akchabar.kg
Фото: akchabar.kg

Жоғарғы кеңес Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу туралы заң жобасын үш оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғана агенттігіне сілтеп.

Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі үш мемлекеттің үкіметтері арасындағы тиісті келісімді ратификациялайтын құжат бірауыздан қабылданғанын хабарлады.

Халық өкілдеріне көлік және коммуникация министрінің орынбасары Ырысбек Бариев жобаны таныстырды. Шендінің сөзінше темір жол құрылысы Қырғызстан экономикасының дамуына оң әсер етіп, халыққа көрсетілетін көлік қызметінің кеңеюіне әсер етпек. Жаңа дәліз Еуразиялық континенталдық көпірдің оңтүстік тармағына айналады және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс нарығына жол ашады. Сондай-ақ, қашықтық пен жүру уақытын қысқарту арқылы тасымалдаудың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Бұл бағыт Қытайдан Қырғызстанға, сондай-ақ Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне, соның ішінде Түркияға және одан әрі Еуропалық Одаққа жүк жеткізуді қамтамасыз ете алады», - деді Бариев.

Жобаны үш ел бірлесе құрған кәсіпорын жүзеге асыратыны белгілі, онда Қытай темір жолы ең көп үлестіғ яғни 51 пайызды алады. Ал Қырғызстан мен Өзбекстанның негізгі мемлекеттік компаниялары әрқайсысының жарғылық капиталында 24,5 пайыздан болады.

Қытай билігі теміржол желісін салуға 2,35 миллиард доллар несие бөлсе, қырғызстандықтарға 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Сарапшылардың пікірінше, жаңа бағыттың арқасында республика тек жүк транзитінен жылына шамамен 200 миллион доллар табыс табады.

Пікірлер