Утильдік автонарық. Жұңғоның өнімі өтімді ме?

3542
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Көлік уақытты үнемдеп, еңбек өнімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Freedom Finance Global компаниясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 5,09 млн автокөлік тіркелген. 2024 жылдың бірінші тоқсанында 39 468 көлік сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Ең көп сатылған брендтердің ТОП-3-тігіне Hyundai, Kia және Chevrolet кірді.

Кейбір қазақстандық автомобиль иелері Қытайдан келген көліктерді қайталама нарықта сатудың қиын екенін алға тартады. Бұл қаншалықты рас?

Алматыдағы автомобиль форумында сарапшылар Қазақстандағы автокөлік нарығында қарқынды өсуі байқалатынын айтты. Бұл, атап айтқанда, коронавирус салдарынан туындаған сұраныстың кешеуілдеуіне байланысты болып отыр. Өткен жылдың соңынан бастап бүгінгі күнге дейін көптеген автосалон жинақталған автокөлік қорларын белсенді түрде сатып үлгерді. Авторитейлерлер үлкен жеңілдіктер мен жаңа машиналарды сатып алудың тартымды шарттарын ұсына бастадаы. Бұл өз кезегінде баға демпингіне әкеліп соқты.

Автокөлік шолушысы Роман Масленников Tengriauto-ға берген сұқбатында қытайлық көліктердің қайталама нарықта төмен бағаға сатылып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, бұл жағдай автомобильдің қалдық құнының сапасы мен сақталуы сынды объективті себептермен байланысты емес.

«Мен бұл уақытша жағдай екеніне сенімдімін. Өйткені қазіргі таңда тым көп жаңа көлік түрлері шығып жатыр. Екіншіден, қазақстандықтардың басым көпшілігі әлі де Еуропа, Корея және Жапония елдерінен шығатын дәстүрлі брендтерді таңдайды. Осындай факторлар бір-екі жыл бұрын автокөлік сатып алған және оны дәл қазір сатқысы келетін Қытай автомобильдерінің иелерін олар күткен бағаға сата алмау жағдайына әкелді. Алайда, мұның бәрі машиналардың сапасына және қытайлық автомобильдерінің нақты қалдық құнына байланысты емес екенін атап өту керек. Корейлік автобрендтер де осындай кезеңнен өтті. Олардың қалдық құны жапондық және еуропалық брендтермен теңестірілуі үшін бейімделуге уақыт қажет болды. Бүгінде Қытайдан келген көліктер ешкімнен кем түспейді. Иә, жеке модельдерге арналған бөлшектердің болуы туралы сұрақтар әлі де бар, бірақ бұл жағдай түзетіліп жатыр»,—деді Масленников.

Сондай-ақ ол қытайлық автоөндірушілердің жаңартылған үлгілерді өте жылдам шығаратынын, бұл алдыңғы буын көліктерінің бағасының аздап төмендеуіне әкелетінін түсіндірді.

«Кейбір тұтынушыларға модификация циклдары мен Қытай автомобильдерінің жаңа буынға тез көшуі ұнамайды. Себебі олар өздерін артта қалып қойғандай сезінеді. Бұрын автомобиль өндірушілерде автомобиль маркасының жаңа буыны 5-7, ал кейбіреулерінде 10 жылдан кейін пайда болатын. Ал қазір қытайлық автобрендтер 2-3 жыл сайын ауысып отырады»,—деп түсіндірді сарапшы.

 

Қытайлық көліктерді Trade-in бағдарламасы арқылы сату мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары емес.  Orbis Auto автомобильдер тобының бас директоры Динара Ысқақова қазір көлік өндіруші елге қарамастан, дилерлік орталықтардағы Trade in-нің жалпы үлесі төмендеп жатқанын айтты.

«Барлық автокөлік дилері Trade in бағдарламасына қызығушылық танытады. Өткен жылы акция саудасы дилерлік қызметке байланысты орта есеппен 40-тан 60-70 пайызға дейін жетті. Биыл бұл көрсеткіш түсіп кетті, бұл бірнеше факторларға байланысты болып отыр. Біріншіден, қайталама нарықтағы бағаның төмендеуі. Біздің тұтынушылар тенденцияға ілісе алмай жатады. Олар ескі көлігін нарықтағы бағасынан әлдеқайда жоғары сомада сатқысы келеді. Екінші себеп – автокөлік несиелеріне қатысты заңнамадағы өзгерістер. Біз ескі көліктердің 80 пайызын несиеге сатамыз. Қазір ескі көліктер үшін несиені мақұлдау деңгейі өте төмен», - деді Ысқақова.

Kolesa Group СЕО басшысы Дмитрий Ботановтың айтуынша, веб-сайтта қытайлық көліктердің сатылым деңгейі басқа елдердегі автокөлік брендтерінен аздап ерекшеленеді.

«Қазір біздің сайт арқылы сатылатын жаңа көліктердің 30 пайызы — қытайлық машиналар. Олардың өтімділігін айта кетейін. Егер корей және жапон көлігі жылына құнының шамамен 20 пайызын жоғалтса, қытайлық көлік шамамен 22 пайызын жоғалтады»,- деп атап өтті Ботанов.

Аналитикалық компаниялардың мәліметтеріне сүйенген сарапшы қытайлық көліктердің техникалық қызмет көрсету станцияларына бару жиілігі басқа брендтердің келу жиілігінен әзірге ерекшеленбейтінін мәлімдеді.

Пікірлер