Қазақстанда автомобильге арналған ерекше мемлекеттік нөмірлерге сұраныс өсіп келеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы kolesa-ға сілтеп.
Бұл қызмет 2026 жылдың қаңтарында жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін іске қосылған. Алғашқы күндерден бастап жүргізушілер арнайы ХҚКО-ларға жаппай өтінім бере бастаған.
ҚР ІІМ «Ақпараттық-өндірістік орталығының» мәліметінше, 20 қаңтарға дейін ерекше нөмірлерге 66 339 өтінім түскен. Оның ішінде 62 852 нөмір дайындалған, ал 3 487 өтінім кері қайтарылған. Өтінімдердің қайтарылуына өтініш берушінің өзі бас тартуы немесе баж салығының төленбеуі себеп болған.
Өтінім саны бойынша көшбасшы өңір — Алматы қаласы. Мұнда 15 265 өтінім тіркелген. Одан кейін Шымкент (7555), Астана (7162), Маңғыстау облысы (4777) және Жамбыл облысы (4083) орналасқан. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген — 553 өтінім.
Сарапшылар өңірлердің қызығушылығын көлік санына шаққандағы үлеспен бағалады. Бұл көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы алға шықты. Бұл өңірдегі 153 627 көліктің 4777-сіне ерекше нөмірге өтінім берілген, бұл шамамен 3,11 пайызды құрайды. Одан кейін Шымкент (2,67%) және Алматы қаласы (2,46%) тұр. Ал Астанада бұл көрсеткіш 1,8 пайызды, Жамбыл облысында 1,53 пайызды құрады.
Осылайша, ерекше мемлекеттік нөмірге қызығушылық ең жоғары өңір ретінде Маңғыстау облысы анықталды. Ал елорда тұрғындары салыстырмалы түрде мұндай нөмірлерге сирек тапсырыс беретіні байқалды.