Кедейліктен атқарылмай қалған міндет    

3511
Adyrna.kz Telegram
Еліміздегі жалпы  отбасының саны 2,3 млн-нан астам деседі. Жарияланған деректерге сүйенсек олардың  сексенге таяуы  әлемдік бақуатты байлармен теңесе  алатын шамалы  екен.  Жалпы ұлттық буржуйлардың  негізі қаланған тәрізді .Екінші жағынан кедейлер де оларға сай, қалыспай өсіпті. Білікті уәлидің  сөзіне қарағанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы- 600 мыңға таяу көрінеді.Оларды тақыр кедейге санайтындар да бар екен.
Қазақ қоғамының өткен тарихына  көз жүгіртсеңіз, өлкемізде, жалпы аумақта, тыныштық орнап, адамдар алаңсыз өмір сүріп, тірлік кешкен, «қой үстіне боз торғай жұмыртқалағанда», аштықтан қырылып-жойылып, тентіреп безіп, ауып-көшіп,з ар еңіреген заман  да болыпты. Бірақ,қай-қайсысы да ұзаққа созылмапты. Елбасына жақсылықты орнатып,б асын біріктіріп, мемлекет  құрып, халықтың әл-ауқатын қалпына келтіруде, хандардың, билердің, сұлтандардың, батырлардың, ойшыл-ғұлама ақылмандардың , күрескерлердің,қайраткерлердің салихалы саясаты шешуші рөл атқарыпты. Ал, қырылып жойылу, тентіреп безу, басқаның қол астына еніп, бодандыққа айналу жауларымыздың жымысқы саясаты, ұлы державалық шовинистік пиғылы арқылы жүзеге асқан. Оның өзі қазақ халқының қажырлы күресі, ұлтжандылық рухының отбұрқақтай атылған тегеуіріне тап болып, ұзаққа бара алмаған. Қанша қиын болса да, әжептәуір уақытқа созылса да,әйтеуір арнасына түсіп, тәуелсіздік еріксіз ел қолына тиген. Қазақ халқы тәуелсіздік үшін бір сәт те бос отырып, уақыт өткізбеген. Қалыпты тірлік жасау үшін еш уақыт та күрессіз қарап жатпаған. Осыған сай қазақ қоғамында, бай да, кедей де ғұмыр кешкен-ді.
Қазақ байларын: аталы бай, арқалы бай, сасық бай, сараң-қарау бай, жаңа бай  -деп, ажыратқан.  Ал, кедейлерді: кеуделі кедей, кемшін кедей, тақыр  кедей-деп бөлген.  Бүгінгі таңда,  қазақтың жоғарыда аталған байларының бірі де жоқ, тек жаңа байлар ғана бар.
Кәзіргі жаңа байлар: жылпос байлар, жымқырғыш байлар, жантық  байлар-деп аталып жүр.  Ата-бабасынан қалған дәулетті капитал  болдырып, оны нарыққа салып, өсірген, табысын дорбалап отанымызға тасып, ырыс жинаған бірі де жоқ.  Қазақтың байлығын меншіктеп алып, оны өндіріп,өңдеп  сатып,  осы негізде пайда тапқандар.  Кейбірі халық дәулетін өте жасырын жолмен жымқырғандар. Қалғаны аға-көкесі, тамыр-танысы арқылы, кредитке қолы жетіп,  шамалы болса да ісмерлікке,  іскерлікке төселгендер..
Қазақтың атымтай жомарттары жоталы байлар мен кеуделі кедейлерде көп болған.  Бүгінгі жомарттар атымтайлығынан гөрі ауыз басарлығы артықтау болып барады. Егер жалпақ жұрт олардың «дәулетіне» барлығы бірігіп таласа қалса, айырылып қалатынын біледі, әрине.
Ырыстық ахуалы осындай денгейдегі қоғамда, бүгінгі жағдайда, отбасына кедейшіліктің орнауына  мүмкіндік туған.  Кедейшілік орнауының басты себебі-қазақ отбасының көбінің дәулеті сарқылып, ырысы суалған. Қарапайым отбасы-не жер байлығына, не мал байлығына, өзен-көл, өндіріс-цех, завод-фабрикаға, қалада да,  ауылда да ие емес.  Жанын жеп, екі қолға бір күрек таба алмай кейбірі иелік етпек тұрмақ « меншік  иелерінен» жұмыс сұрап, жалынып, қолы жеткені ғана жалданып жүр.
Кедейлік отбасынан асып,кедей ауылдар пайда болған.  Бір кезде ондай  ауылдарды, келешегі жоқ ауыл атап, жан-жақты көмек беруді жоспарлап, бағдармалар құрған,  соңында ұмыт қалған. Бірерін көшіріп те жіберген (Осыған дейін 97 ауылды жойған.). Бүгінгі күндері осындай  ауыл саны 400-ден асады. Олар, кәзіргі шақта толық жойылуға жоспарланып отыр. Осы ауылдардың балалары мен жастарының оқып білім алуы, дамып жетілуі айтпаса да түсінікті.  Ауылды айтпағанның өзін де қалада да кедей отбасы  саны күннен күнге қосылып келеді. Ерлі- зайыпты екеуі де, тырбанып еңбек істеп, жұмыс жасаса да, тапқан табысы отбасын асырап-бағып,  киіндіріріп- ішіндіруге жетпейтін болған.
Айталық; А.Жүнісов бұлай дейді: «Мен коммуналдық шаруашылықта сантехник слесарь болып істеймін. Әйелім,  больницада санитарка.  Үйленгелі он жеті жыл болды. Үш балам бар. Үшеуі  де мектепте оқиды. Басымда баспана жоқ,  пәтер жалдап тұрамын. Баспана кезегіне тұрғалы 14 жыл болды. Әзірге, баспана сатып алатын жағдай жоқ. Әлеуметтік  немесе  атаулы көмекке ешқашан іліккен емеспін. Жалақымен үпі-тәпі,оны созып жүріп  әреңдеп күн көремін. Қымбатшылық пен тарифтердің ұлғаюына сай, кейде баспананың жалдау  ақысын төлей алмай қаламын. Баланың үлкені ұл. Ол үйленем десе не істей екенмін –деп  уайымдаймын.  Балалар, ЖОО –ны тұр  ғой коллеждің өзін  төлеммен оқитын жағдай туса  қайтемін?»
Бұл жалғыз  ғана адамның  уайым-қайғысы емес. Бүгінгі қарапайым қазақ отбасына ортақ тауқымет. Баспананың жоқтығы,  мектепті балалары төлеп оқуы,  жалақының мардымсыз болуы,  дәулетінің сарқылуы, ырыстың халық қолынан  кетіп,  ат төбеліндей азғана адамдарға тиесілі болуы,  кедейліктің кең етек алуына мүмкіндік туғызған.  Осының бәрін көзімен көріп,  біліп отырған ауылдық, аудандық басшылардың  дәрменсіздігі,  сылбырлығы кедейлікті өте ұлғайтып жіберген.
Жалпы кедейліктің кең  етек алып,олардың обалын мойнына алатын басты тұлғалардың, биліктегілердің,басшылардың ар алдында, заң алдында,  халық алдында есеп беретін күні де тым алыс емес шығар!  Бұл жолғы кедейшілік, сыртқы ықпалдың әсерінен емес, нақты өзіміздің, саясатымыздың салғыртығынан болды.
Қолында жиырмадай ұсағы , екі сиыры бар,  ауыл тұрғыны не бір тоқтысын, не танасын еркін сатып,  бала-шағасын кез-келген уақытта киіндіре алу мүмкіндігі кәзір жоқ болған.  Малын талай өткелектен өткізіп,  оның жарты құнын жұмсап жүріп әзер  сата алатын болған.  Жұмыстағылардың жалақысы, әсіресе, мектеп,  балабақшалардың техникалық  персеналдары республикадағы ең төменгі жалақы алып келген.
Мәселен, бір министрдің жалақысы –мектептің сыпырушылары мен тазалаушыларының 100-іне жетеді, бір депутаттың айлық жалақысын 10 мұғалім бөліп алады.
Жалпы Республикада еңбек ақы ,  жалған ақыға айналып,  шенді-шекпенділер бюджеттің  аумақты бөлігін иеленетін жалақы алатын дәрежеге жеткен. Жалпы бюджеттен жалақы алып, оған жармаспайтын шенеунік, басшы,  лауазымды тұлға жоқ. Саяси партиядан бастап, әлеуметтік –азаматтық ұйымдардың барлығы соған тәуелді,  жалақыларын содан алады.  Мұндай жағдайда әділдік,  теңдік туралы айтудың өзі даурықпа насихатқа айналып,  қарапайым халықтың мұң мұқтажы жоқтаусыз қалып, олардың  хал-ахуалы күннен күнге төмендеген.  Мұның бәрі бүгіндері билікке де, жалпы жұртқа да,  ашық-айқын болған,  айтылып, жазылып, толық расталған дәйектер.
Менің айтарым:осы кедейшіліктің бір кесірі туралы. Отбасының қоғам алдында атқаратын көп міндеттерінің бастысы –ұрпақ тәрбиелеу.Кедейшілік орнаған отбасылар осы міндетін орындауға дәрменсіз қалып, жалпы жастардың тәрбиесі жұрт уысынан шығып кеткен. Басқаның бәрін қайтейін, менің керең қалғыр құлағым, өмірімде бұрын-соңды естімеген жамандықты естіп, қолыма қалам ұстатты. Әке-шешенің тіршілікте тапқан табысы балалардың оқып білім алуына,  дамып жетілуіне жетіп тұру деген кімге болса да  ,қашан да үлкен мәртебе,  нақ ғанибет қой!
Үйден шығып, қарттар үйіне келе  жатып, жолдан адасып қалып, отырған балалардан:
-Осы маңдағы қарттар үйіне қалай барамын.Жол сілтеп, жіберіңдер,-дедім.
Отырған оншақты баладан біреуі де ештеме деп тіл қатпады. Қабат үйлердің оң жақ бұрышының шетінен шыға келген, сұңғақ бойлы жас өспірім, қасыма жетіп келіп, сәлем беріп:
-Мына отырғандар біздің қаланың, бақуатты ,  ағайлардың балалары. Олар, әрқашан,  өз ара шет ел тілінде сөйлеседі. Қытайша,  ағылшынша,  орысша, арабша,   жапонша бәрі зу, ағып тұр.  Қазақша дұрыстап сөйлей білмейді.Сіздің айтқаныңызды олар түсінген жоқ. Жүріңіз ,ата, өзім жетелеп,  айтқан жеріңізге жеткіземін...-деп,  мені солға бұрып жетелей жөнелді.  Топ балалардың ортасынан тұра келген, тығыршықтай сары ұл:
-Ей,ауылбай! Аташкаға  бізді не деп жамандап барасың?Көзі ашық, жанқалтасында ақшасы бар бақытты ұрпақтар,  ел-жер аралап, мәдениетке жеткен адам,  біздің заманда,қазақша сөйлемейді. Қазақ тілі кедей қазақтардың,  ауылдың тілі екенін  білгенің дұрыс,  шибұтым!! Сендердің шет тілін оқып үйренуге,  қаражаттарың,  дәулеттерің, шамаларың жетпейді деді.
Бәрі ду күлді. « ...Тағы бір байқағаным осы қазақ тілі байларға қажет емес сияқты. Қазақ тілі тек қана кедейлерге керек сияқты болып көрінеді.» (Г.Бельгер) Айтқаның айнымай келді-ау!
Менің құлағым шуылдап,  көзім қарауытып,  басым айналып,  белгісіз бір өксік көкірегіме тығылып,  жүрегім аттай тулап,  аузым көбіктеніп ,тіссіз қызыл иегімді қисақтатып шайнап, орындыққа келіп отыра кеттім...Қорғаушы періштем,  құлыным менің,  бірер сағаттан соң үйіме жеткізіп салды. Қарттар үйіне жете алмадым.
                Қобдабай   Қабдыразақұлы       
Пікірлер