"Селден қорғаушы" Көкірекбаевтың ақталуы күмән тудырды. Прокуратура қарсы

1707
Adyrna.kz Telegram

Прокуратура Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевқа қатысты ақтау үкіміне шағым түсіруге дайындалуда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп.

«2024 жылғы 7 маусымда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К.Н.Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімін жариялады. Оған бір топ адамдардан аса ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген айып тағылды. Прокуратура бұл сот үкімі бойынша оның күшін жою туралы апелляциялық шағым түсіреді», - делінген сенбі күні таратқан хабарламада.

Журналист Михаил Козачков бір күн бұрын Көкірекбаевтың ақталғанын хабарлады.

«Бүгін Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Антикор» қызметкерлері 2022 жылдың желтоқсанында тінтуден кейін 396 миллион теңге көлемінде пара алу ісі бойынша «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Кәрім Көкірекбаев пен оның орынбасары Әділет Ахатаевқа қатысты үкім шыққан болатын. Олармен бірге пара беруші «Базис Констракшн Инфр» ЖШС директоры Андрей Поплавский де ұсталды. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ол ақшаны оның компаниясы “Қазселқорғауда” ондаған миллиард теңгенің тендерлерін жеңіп алғаны үшін төлеген», — деп жазды журналист өзінің Telegram-арнасында.

Ол іс 2023 жылдың шілдесінде сотқа жіберілгенін және Көкірекбаевтың өтініші бойынша сот процесіне алқабилер қатысқанын атап өтті.

«Тергеу тек «Базис» өкілі Поплавский мен «Казселқорғау» басшысының орынбасары Ахатаевтың ғана кінәсін дәлелдей алды деген қорытындыға келген. Екеуі де 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ қазылар алқасы Кәрім Көкірекбаевты ақтады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп түсіндірді Козачков.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін К.Көкірекбаевтың қылмыстық ісіне ақтау үкімі шыққанын жазған болатынбыз.

Пікірлер